ҰБТ және оған балама шараларды сараптап, нақты қорытынды жасап беретін комиссия құратын уақыт жеткен жоқ па?
Уәлихан ТӨЛЕШОВ, «Еуразия» клубының үйлестірушісі:
– Мұндай комиссияны әлдеқашан құру керек еді. Алайда әлі де кеш емес. Өйткені ҰБТ кезіндегі былық-шылықтың көкесі әлі алда тұр. Бұлай деп отырғаным, қазір жұртта ақша жоқ. Сол себепті де кез келген ата-ана баласын тегін оқыту үшін таныс-тамыр іздейді, болмаса тестінің сұрақ-жауаптарын сатып алуға тырысады.
ҰБТ кезіндегі заңбұзушылықтар әдетте ең соңында анықталып жатады. Құзырлы министрліктер болары болып, бояуы сіңгенде «мұндайдың енді орын алмауын қатаң қадағалаймыз» деп шығады. Алайда келесі жылы тап сол оқиғалар тағы қайталанады. Осы жылғы ҰБТ-ның да әділ өтетініне күмәнім бар. Қосымша қоғамдық комиссия құрылмаса, ҰБТ-дан ұтарымыз шамалы.
Мұрат ЖҰРЫНОВ, академик:
– Ондай комиссия құрудың қаншалықты қажет екендігін айта қою қиындау. Қоғамдық болмаса да, ҰБТ кезінде комиссия құрылады. Олар жұмыстары үшін ақша алмайды. Тек ҰБТ кезіндегі заңдылықтарды қадағалайды. Бұл комиссияның мүшелері – әр саланың мамандары. Осының өзін қоғамдық комиссия деп айтуға әбден болады деп ойлаймын.
ҰБТ кезінде теріс әрекеттер болмас үшін тестілеуді толық автоматтандыру керек. Мен Білім және ғылым министрлігін басқарып отырған 1995 жылдары бірыңғай тестілеу енгізілген. Дайындық кезінде біз Түркияға барып, тәжірибе алмасып қайтқан болатынбыз. Түркияда, мәселен, ешкім аппеляцияға да бермейді. Себебі ол елдегі ҰБТ толық автоматтандырылған. Мұндай жүйе енгізілсе, ҰБТ кезінде ешқандай кемшілікке жол берілмес еді.
Қажымұқан Арынов, техника ғылымының докторы, профессор:
– Ел арасында Ұлттық тестілеуге қатысты түрлі әңгімелер тарап жатады. Менің ойымша, байбалам салудың қажеті жоқ. Мұндай жүйе, мәселен, көпшілік елдерде бұрыннан бар. Олармен салыстырғанда, біз әлдеқайда кеш енгіздік. Сол себепті уақыт өте келе түзелетін кемшін тұстардың байқалып қалуы заңды. Бұл ретте сіздер көтеріп отырғандай, қоғамдық комиссия құрылса, шынымен де, жақсы болар еді. Сонда ҰБТ-ның қоғам алдында ешқандай көлеңкелі жақтары болмайды.
Реті келіп отырғанда айта кетейін, менің ойымша, ҰБТ кезінде балалар жазбаша түрде де сынақ тапсырғандары жөн. Уақытты үнемдейміз деп барлығын бірдей жеделдетіп жібердік. Мұндай жағдайда жастардың білімін екшеу қиындау.