Мал шаруашылығының майталманы
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» деген дана халқымыздың ұлағатты сөздері Айбын Әдепханұлы сияқты тұлғаларға айтылса керек. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына, оның ішінде мал шаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан білімді де білікті ел азаматтарының бірі – белгілі ғалым, көрнекті селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, А.И.Бараев атындағы сыйлықтың иегері Айбын Әдепханұлы Төреханов туралы сөз қозғасам деп едім.
Төреханов Айбын Әдепханұлы 1963 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы, кезіндегі Көктал кеңшарының жайлауы – ақбас Алатаудың баурайындағы атақты Белжайлауда дүниеге келген. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші. Айбын да жасынан Алатаудай биік болып жүруді мақсат тұтқан болуы керек. Көктал ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін 1980 жылы алтын медальмен бітірген соң Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсуге емтихан тапсырып, үздік нәтиже көрсетуіне байланысты бірден сол кездегі алып мемлекет КСРО-ның астанасы – Мәскеу қаласындағы К.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясына зооинженер мамандығына оқуға жіберілді. Оны 1986 жылы үздік дипломмен бітіргенде аталған оқу орнының ұстаздары академияда ғылыми-педагогикалық жұмысқа қалуға ұсыныс жасайды. Алайда Айбын Әдепханұлы еңбек жолын өзінің туған ауылы Көктал кеңшарында бастауды жөн көрді. Кеңшар директоры Әділшайық Ыбыраймолдаев туған елге қызмет ету үшін өз жүрек қалауымен келген белсенді жігітті көргенде шын қуанды, сөйтіп, оған сеніп тапсырылатын жұмыстың өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтарын да бүкпесіз айтты. Сол себепті алғашқыда жас маман жүрексінгенін де жасырмайды. Әйтсе де Кеңес Одағындағы ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеудегі К.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясының қабырғасында білікті де білімді ұстаздарынан алған орнықты теориялық білімі мен өндірістік тәжірибелерден көңілге түйгеніне сенді. Академияның жақсы жабдықталған ғылыми базасы мен оқу-тәжірибелік шаруашылығында студенттердің болашақ мамандығының негіздерін меңгеруіне, зоотехния ілімінің жетістіктерін өндіріске енгізудің шеберліктерін шыңдауына мүмкіндігі мол еді.
Бастапқыда кеңшар директоры оны етті ірі қараның сантагер-труда тұқымы бойынша асылтұқымды мал өсіруші бөлімшесінің зоотехнигі қызметіне тағайындады. Мал селекциясын тереңірек білемін деген талаптыға бұл қызметтің алған орны ерекше болды. Басшының үміті ақталды, іскер маман терең зооинженерлік білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесін тез арада-ақ байқатты. Осы шаруашылыққа ғылыми кеңес беріп жүрген Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен бірге ол мал өнімділігінің артуына, осы тұқымның жоғары өнімді жетісу сүлесінің шығарылуына, қалыптасуына өз үлесін қосты. Сондықтан кеңшар директоры көп ұзамай оның қызметін ауыстырып, мал шаруашылығының басқа салаларында да байқап көрді.
Аталған кеңшарда Айбын Әдепханұлы қай салада болмасын жұмысын дөңгелетіп, қызметі өсіп, абыройы артып, ел сүйсінетіндей жетістіктерге жетіп жүрді. Мысалы, ол осы кеңшардың қой өсіретін «Достық» комсомол жастар бригадасын басқарып жүргенде бұл бригада саулық отарларын ұстаумен қатар, бүкіл кеңшар бойынша алынған төлдің етке өткізуге арналған малдарын бордақылаумен айналысқан. 1987-1988 жылдары бордақылауға қойылған 21 мың бас қазақтың биязы жүнді қой тұқымы тоқтыларының бір жасына жетер-жетпес кезіндегі тірілей салмағын орта есеппен 69,5 килограммға жеткізіп етке өткізгені, сол кездерде бүкіл республиканы дүр сілкіндіргені, Бүкілодақтық Лениншіл комсомол жастар одағының ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алғаны есімде.
Осындай бірнеше жылғы өндірістегі жеткен жоғары жетістіктерінің нәтижесін байқаған аудан мен сол ауданда ғылыми жұмыс жүргізетін Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшылары Айбын Әдепханұлына ғылыми бағытта жұмыс жасауына ықпал етеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, осы уақытта студенттік дипломдық жұмыстың жетекшісі, академик Владимир Филиппович Красотаның тікелей араласуымен Мәскеудегі мал дәрігерлік академиясының аспирантурасынан арнайы жолдама келеді. В.Ф.Красота – кезінде КСРО жоғары және орта білім беру басқармасын басқарған, Кеңес Одағы деңгейінде басшы қызметтер атқарған беделді қайраткер ретінде белгілі ғалым адам. Скрябин атындағы мал дәрігерлік академиясының Ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру және олардың генетикасы» кафедрасының мал шаруашылығы мамандығының студенттері оқитын негізгі пәндерінің бірі – Ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру пәні бойынша жазылған негізгі оқулықтың авторы да академик Красота еді.
Айбын Әдепханұлы ұстаздарының сенімін еселеп ақтады. Ғылым биігіне көтерілді. Мәскеуде Ресейдің ауыл шаруашылығы академиясының вице-президенті академик Л.К.Эрнстің жетекшілігімен «Сиырлардың сүт өнімділігі мен ағзасындағы заталмасу мәселелері» бойынша ғылыми ізденістерінің негізінде «биология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін қорғады да, 1992 жылы елімізге қайтты.
Елге келген соң 1993-1997 жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы академиясы жүйесінде жұмыс істеді, атап айтқанда, Талдықорған ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында директордың орынбасары (1993-1994), Талдықорған облыстық агроөнеркәсіптік кешені ғылыми-өндірістік орталығы директорының бірінші орынбасары, директоры (1994-1996), облыстық агроөнеркәсіптік кешені ғылыми орталығының бастығы (1996-1997) қызметтерін атқарды.
Айбын Әдепханұлының іскерлігін байқаған басшылар Талдықорған облысы тараған соң оны басқа басшы қызметтерге тартады. Ол 1997 жылдары Алматы облысы Талдықорған ауданы әкімінің орынбасары, 1998-1999 жылдары «Казагропромбанк» акционерлік қоғамының Талдықорған қалалық филиалында директордың орынбасары қызметтерін атқарады.
Талдықорғанда қызмет етіп жүрген кезеңдерде, әсіресе Қазақ ауыл шаруашылығы академиясы жүйесінде Айбын Әдепханұлы облыстағы сүтті ірі қара мен биязы жүнді қой тұқымдарын асылдандыру жұмыстарымен тікелей айналысты. Оның ұсынысымен облыстық деңгейде облыстық қолдан ұрықтандыру стансысының негізінде «Асыл» мал асылдандыру орталығы ұйымдастырылды және онда ірі қара мал мен қой тұқымдарының тектік қорын жетілдіру жұмыстары басшылыққа алынды. Жергілікті мал тұқымдарын өсіру басшылыққа алынып, аталық малдарды ұрпағының сапасы бойынша бағалау және олардың тектік әлеуетін тиімді пайдалану үшін қолдан ұрықтандыру жұмыстары жандандырылды. Мал шаруашылығымен шұғылданатын шаруашылықтарда мал асылдандыру жұмыстары үйлестіріліп, тұқым мал өсіретін шаруашылықтарда селекциялық жұмыстар ғылыми негізде ұйымдастырылды. «Асыл» мал асылдандыру орталығы осы бір кең ауқымды жұмыстың өзегіне айналды, облыс аумағында өсірілген жергілікті малдың ең құнды генотиптері есепке алынып, аталық малдар Орталыққа шоғырландырылды, оларды қолдан ұрықтандыру науқанында қарқынды пайдалану мал тұқымын жақсартуға мұрындық болды. Осы нәтижелі бастама бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып, ел игілігіне жұмыс атқаруда. Республикалық мал асылдандыру орталығы «Асыл түлік» қоғамында төраға қызметін атқара жүріп, облыстық мал асылдандыру орталығының жұмысын заманауи деңгейде жүргізуге де өз ықпалын тигізді. Айбынның тікелей ұсынысымен бұқалардан алынатын ұрықтарды мұздату және оларды сақтау үрдістері заманауи жаңа деңгейдегі технологиялар негізінде жасалынды. Сондықтан да бүгінгі таңда республикалық та, облыстық та орталық өз өнімдерін шетелге шығаруға толық мүмкіндік алды. Ресеймен біріккен ғылыми селекциялық жұмыстар да біздің республикамыздың асылтұқымды бұқаларының ұрықтары Ресей шаруашылықтарында қолданылуда. Кеңестік кезеңде біз Орталықтан ғана ұрық алып келсек, егемендік алғаннан кейін, яғни соңғы жылдары өз малымыздың генотипін Ресейге шығаруға қол жеткіздік. Осындай мал шаруашылығындағы үлкен нәтижелер тынымсыз еңбек пен терең білімнің ұтымды үйлесім табуынан десек те болар.
Облыстық деңгейде қызмет атқарғандықтан, қай салада болса да, атқарып жүрген қызметін тынымсыз ізденумен ұштастыра жүрген Айбын Әдепханұлы нарықтық заманның талабын ескеру қажеттілігін түсініп, өзінің экономикалық білімін ұштай түседі. Жетісу экономикалық институтында сырттай оқып экономист-менеджер (1999) мамандығына ие болады.
Іскер маманды халық қашан да болсын бағалаған емес пе. Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында еңбектеніп жүрген Айбын Әдепханұлын жалпы мемлекеттік деңгейдегі қызметтерге шақырады.
Содан Айбын Әдепханұлы 1999-2011 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде қызмет атқарды: 1999-2000 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегия және мемлекеттік реттеу департаменті директорының орынбасары, 2001-2004 жылдары «Асыл түлік» республикалық мал асылдандыру орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы, 2004-2008 жылдары Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығының директоры, 2008-2010 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «КазАгроИнновация» АҚ вице-президенті, 2010-2011 жылдары «Мал шаруашылығы және ветеринария» ғылыми-инновациялық орталығының және Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институтының бас директоры лауазымдарында қызмет атқарды.
Республикадағы мал шаруашылығы саласындағы арнайы ғылыми-зерттеу институттарын бір ортаға жұмылдырып, олардың ғылыми ізденістерін өндірістік талапқа бейімдеу бағытында 2003 жылы ғылыми-өндірістік орталықтар құрылғаны белгілі. Осы орталықтың жұмысын жандандыруға жас маман ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 2004 жылы басшылыққа А.Төреханов жіберіледі. Осы уақыттан бастап Айбын Әдепханұлы өзінің бар күш-жігерін мал шаруашылығы ғылымын заманауи талаптарға сәйкес дамытуға арнайды. Мал тұқымдарын асылдандыру жұмыстарынан тысқары мал азығы өндірісі саласы бойынша да ғылыми ізденістер жүргізген жас маман осы жұмыстың өзектілігін ескере отырып, осы бағытқа басымдылық береді. Жеке басының ізденімпаздығын үлгі ете отырып 2005 жылы табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану мәселелері бойынша докторлық диссертациясын қорғады.
«Мал шаруашылығы және ветеринария» ғылыми-инновациалық орталығында қызмет істеп жүрген кезеңде бүкіл еліміздегі маусымдық мал жайылымдық жерлер мен оларды пайдаланудағы мал мөлшерін анықтайтын анықтамалық карта жасалды.Осы жұмыс Қазақстан Республикасының Ұлттық атласына енді. Қазақстан Республикасы бойынша мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция (КАС) және оның барысында жүргізілетін есептеулер мен селекциялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері жасалып іске қосылды. Кең ауқымды селекция бағдарламасының өзегі, әрине, ақпараттық сараптау жүйесі. Осы жүйені әзірлеп Қазақстан аумағында кеңінен қолданысқа енгізген де ғалым Айбын Төреханов еді. Бұл Айбынның ең озық жетістіктері десем де артық емес. Оның басшылығымен және тікелей белсенді араласуымен сүтті ірі қара шаруашылығында жүргізілетін сұрыптау мен жұп таңдау үрдістерінің посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер ішінде ең алғашқы заманауи жаңа әдістемелері Қазақстанда жасалып шығарылды, атап айтқанда, сүтті ірі қара шаруашылығында сиырлар экстеръерінің сызықтық кескінін салып бағалау, сүтті сиырларды дене құрылымының белгілер кешені бойынша жіктеу, сүтті сиырлардың тұқымдық құндылығын бағалау, ұрғашы ұрпағының экстеръерінің бағалануы нәтижесімен аталық бұқаның экстеръерлік сызықтық кескінін салу әдісі т.б.
Айбын Әдепханұлының Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры лауазымында қызмет атқарған кезеңде осы ұжымдағы ғалымдарды топтастырып, олардың күшімен өсімдіктердің табиғи ортаға бейім, жоғары өнімді және сапалы бірқатар сұрыптары мен будандары, қой, ірі қара, жылқы және құстардың жаңа тұқымдары, тұқымішілік сүлелері, аталықіздері мен кростары шығарылып, өндіріске енгізілді.
Маған Айбын Әдепханұлының ғылымдағы табандылығы мен тиянақтылығы, өмірдегі тұрақтылығы мен ақжарқындығы ұнайды. Ол қай тұста да, қандай ортада да көзі жеткен шындықтан айналып өткен емес. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, сөздің атасын өлтіріп, ойдың жалын құлатып жатпайды, айтатын жерде айта біледі, артық кеткенін сезінсе, қайтатын жерде қайта біледі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігін А.С.Есімов, Т.Нұрқиянов, А.Күрішбаев басқарған кезеңдерде Айбын Әдепханұлының белсенді араласуымен Қазақстанның мал шаруашылығын өркендету бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылғаны белгілі. Одан соң Айбын Әдепханұлы 2012 жылдың шілде айынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-ның технологияларды коммерцияландыру орталығының директоры қызметін атқарды, бүгінде Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу бөліміне жетекшілік етуде.
Айбын Әдепханұлының үлкен ғалым ретінде жеткен ғылыми жетістіктері аз емес: ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Сібір бөлімшесінің құрметті докторы, А.И.Бараев атындағы сыйлықтың иегері, 400-ден астам ғылыми еңбектері, аграрлық жоғары оқу орындарына арналған алты оқулық, мал шаруашылығы мен мал азығын өндіру салалары бойынша алты анықтамалық кітап және 40-дан астам ғылыми-әдістемелік нұсқаулары бар.
Айбын Әдепханұлының творчестволық жаңа жетістіктері де мол: қой шаруашылығы бойынша Қазақстанда шығарылған етті бағыттағы жаңа меринос тұқымының, қазақтың биязылау жүнді қойдың көп төлді типінің авторларының бірі; ірі қара шаруашылығы бойынша сүтті сиырдың ақырыс қазақы қоңыр сүлесінің, Ертіс қазақы қызыл ала сүлесінің және Сайрам қазақы қара ала сүлесінің авторы; етті ірі қара сиырының Әулиекөл тұқымының «Зенит-Чубатый» мен «Табакур» екі зауыттық аталық іздерінің, жылқы шаруашылығы бойынша Мұғалжар тұқымының Қожамберді сүлесінің және осы тұқымның тұқымішілік Құланды сүлесінің «Арал» зауыттық аталық ізінің, құс шаруашылығы бойынша Бескөлдің түсті үйрегі жаңа тұқымының, өсімдік шаруашылығы бойынша жоңышқаның Балауса және еркек шөптің сабат атты жаңа сорттары мен көптеген селекциялық жетістіктердің авторы, «Бағалы жүнді аңдардың аталықтарын тұқымына қарай сұрыптау» атты, (1984), «Түйе сүттілігін көбейту әдісі» (1991) атты өнертабыстарға патентері бар. Жалпы, жаңа селекциялық жетістіктері үшін берілген тоғыз авторлық куәлікке ие, технологиялық жаңалықтары үшін берілген авторлық куәліктер саны бес, авторлық құқықтары үшін берілген төрт және интеллектуалдық меншік нысандары үшін берілген жеті жеке куәліктері бар.
Ғылыми-педагогикалық саласындағы ізденістері негізінде Айбын Әдепханұлы – Республикада алғаш рет қазақ тілінде жазылған және екі мәрте баспадан басылып шығарылған «Мал өсіру және селекция», «Шалғындық-жайылымдық мал азығы өндірісі» оқулықтарының негізгі авторларының бірі. Ал Қазақстандағы әр түлік мал тұқымдарын асылдандыру және оларды азықтандыру мәселелері бойынша алты анықтамалық, көптеген нұсқаулықтар мен ұсыныстары және бар.
Осындай жетістіктерінің нәтижесінде Айбын Әдепханұлы көптеген мемлекеттік марапаттқа да ие болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының медалі мен Құрмет грамотасын (1985) алды, ауыл шаруашылығы жануарларының селекциясы мен мал азығын өндіру саласындағы бірлескен еңбектері үшін Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Сібір бөлімшесінің құрметті докторы атағын алды, халықаралық ғылыми ізденістерге белсенді араласқаны үшін Халықаралық іскерлік кеңесінің «Құрмет белгісі» және «Академик А.И.Бараевтің 100 жылдығы» медальдарымен наградталды, ауыл шаруашылығы саласындағы жемісті еңбектері үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «І дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгісімен наградталды.
Уақыт дейтін ұлы күш адам баласына арманын әлпештеп, бақытын аялауға жағдай жасайды, біреуді ақын, біреуді батыр, біреуді әкім, біреуді пақыр етеді, енді біреулерді мына біз секілді бір зерттеудің соңында жүріп, көз майын тауысар ғалым етеді. Ал Айбын Әдепханұлы – бар есті өмірін мал шаруашылығы саласындағы ғылымға арнап келе жатқан, Кеңестік кеңшар бөлімшесінің зоотехнигі қызметінен бастап, Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде салалық ғылыми-зерттеу институттарының бас директоры қызметтерін ұзақ уақыт абыроймен атқарған, талант пен талаптың, жігер мен төзімнің қоспасынан сығымдалған шынайы ғалым, нағыз тұлға.
Айбын Әдепханұлы еліміздегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, Қазақстанның мал шаруашылығы қауымдастығының, РФ қара ала сиыр тұқымдарын өсіру бойынша қауымдастығының, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарды. ҚР ҰҒА аграрлық бөлімшесінің мал шаруашылығы саласы бойынша сараптау кеңесінің жұмысына белсене араласты, көптеген ғылыми-мерзімдік басылымдардың редакциялық кеңесінің құрамына кіреді.
Айбын Әдепханұлы мұндай бағалауға жалған дақпыртпен емес, өзінің жастайынан қалыптасқан еңбекқорлығының тиімді нәтижесімен жетіп отыр. Оның бәрін бүгінгі шағын мақалада айтып жату мүмкін де емес.
Оның тікелей жетекшілігімен сегіз кандидаттық және екі докторлық диссертация қорғалды. Қазіргі уақытта еліміздің білім ошақтарындағы жастар Айбын Әдепханұлы жазған көптеген ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектерін оқып, өндірісте іс-жүзінде пайдаланып, білімін шыңдап жүр. Көптеген шәкірттері мемлекеттік, ғылыми және ұстаздық қызметтер атқаруда. Мәселен, Баққожаев Анас – ақпараттық сараптау жүйесінің авторларының бірі, бүгінгі таңда «КазАгроӨнім» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, ақпараттық сараптау жүйесінің авторларының тағы бірі – Қарымсақов Талғат бүгінде Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, Байматова Алтыншаш Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми хатшысы.
Айбын Әдепханұлы бүгінгі жұмыс орнында да ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Микробиология және вирусология» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу бөлімінің басшысы қызметінде де тынымсыз ізденістермен жұмыстар атқаруда. Еліміздің мал шаруашылығы үшін азық өнімділігін арттыруға әсер ететін биологиялық препараттарды өндіріске енгізу бағытында еңбектеніп жүр.
Айбын Әдепханұлының ел сыйлап құрмет ететін ерекше бір қасиеті – қазақ тілін жетік білетіндігінде. Сөйлегенде ойларын өте дәл жеткізіп, мақал-мәтелдеп жұртқа өзінің білімділігін мойындатып, аудиторияны өзіне бірден тартып, баурап алатын ділмар шешендігінде. Сөздің төркінін жете танып, мағынасын тез аңғара білуінде. Қандай ортада сөйлесе де, қанатты, ұтымды сөздердің терең де мазмұнды әрі көп мағыналық құдіретін сақтай отырып, оны орынды қолдана білуінде. Өскен ортасында жастайынан қалыптасқан мұндай қасиетімен ол қазақтың ғылыми тілінің дамуына және оны жетілдіруге де аянбай атсалысып жүр. Ауыл шаруашылығы ғылымы саласына көптеген жаңа атау (терминдер) енгізіп, кейбірінің мағынасын, мәнін ашып, айтылу-жазылу тәртіптеріне де жаңалықтар енгізіп жүргенін көріп жүрміз.
Міне, бұл айтылғандардан Айбын Әдепханұлының қайда жүрсе де, өз елінің мал шаруашылығы үшін аянбай, үнемі ізденіспен еңбек етіп жүргенін байқауға болады. Өз мамандығының нағыз патриоты осындай болса...
Адами қасиеті мол, маман ретіндегі мықтылығы бар, мұның сыртында Айбын Әдепханұлы – өте бір текті әулеттің өкілі. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Айбын Әдепханұлы – парасаттылықты ұлағат еткен ата-анасының тұңғыш перзенті. Айбынның әкесі Әдепхан аға – Көктал ауылының Абай атындағы қазақ орта мектебінде 45 жылға жуық физика пәнінен сабақ берген, «ҚР білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Алматы облысының Құрметті азаматы Алматы облысы Панфилов ауданының Құрметті азаматы, «Ы.Алтынсары атындағы» және «Құрмет» төсбелгілерінің иегері, ауыл-аймаққа ғана емес, республикаға танымал ұлағатты ұстаз. Айбын Әдепханұлының әкесінен қабылдаған керемет бір қасиеті – ол кісі де елге, халыққа жақсылық жасап жүретін. Айбын Әдепханұлының анасы Рысжан жеңгеміз де жай адам емес, ұзақ жылдар ұстаздық етті, көптеген адамдарды тәрбиеледі, өз жанұясында көп бала өсіріп, тәрбиелеп Кеңестік дәуірде-ақ «Батыр Ана» атанып, алтын жұлдыз таққан.
Әрине, осындай текті әулеттен шыққан адам да жай адам болмайды. Айбын Әдепханұлы Жақыбаевтар әулетінің абыройын асырды, мерейіне мерей қосты. Осы әулеттің құрметіне лайық азамат және тек қана әулеттің емес, бүкіл халықтың, елдің, қазақтың азаматы болып қалыптасты.
Айбын Әдепханұлы, шын мәнінде, сегіз қырлы бір сырлы жігіт. Өмірін ғылымға арнаған ол әрі күйші, домбырашы, саятшы, шебер ретінде де өз биігіне көтеріле білген жаратылысы ерекше талант иесі. Ол гитара, баян, домбыра сияқты түрлі аспаптарда жеріне жеткізе ойнай біледі. Әдебиетпен де бір кісідей-ақ айналысқаны анық ағарылып тұрады. Өйткені оның қаламынан бірнеше прозалық туындылар да туған. Оқырман қауым жылы қабылдаған әңгімелері көркем және тартымды. Ол таза да адал ақ жүрегімен қазаққа мүмкіндігінше қызмет етуге тырысады. Және ешқашан «мынаны мен істегем, ананы мен жасағанмын» дегенді айтпайды. Үнемі ой үстінде жүреді. Көп оқып, қажетті дүниелерді мұқият жинақтап қояды. Көңілі жайлы кезінде жымиып қана отыра береді. Аз сөйлейді, мінезі салмақты, білімі жан-жақты. Кездескен адамына жылы шырай танытқанымен, бірден ашылып әңгіме айта қоймайды. Бірақ жанына жаққан жандармен салиқалы әңгіме құрып, ұзақ сырласа біледі.
Мерейтой иесі нағыз дер шағында. Ол әлі де Қазақстан Республикасының мал шаруашылығы саласында болашақ ғалымдарын даярлау, ғылыми жетістіктерін арттыру сияқты маңызды іске өзінің бар қабілетін, терең білімін аямай жұмсайтын болады деп ойлаймын.
Сөз соңында әріптестерінің атынан білікті ғалым-ұстазға шығармашылық табыс пен жемісті жетістіктер тілейміз.
Қырғызбай БЕГІМБЕКОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик