Наурызда Самарқанның көк тасы ери ме?
Жердiң тоңы жіби бастаған шақта көнекөз қариялар «Самарқанның көк тасы еритін күн келіп қалды» деп жатар еді. Оң мен солды әлі тани қоймаған бала кезіміз ғой. Көз алдымызға анау-мынауға ери қоймайтын тастың балқып жатқаны келеді. «Бұл не деген құдірет, сонда тас та ери ме?» деп қоямыз. Балалық қиялмен талай жерді шоламыз. Жауабын таба алмаймыз. Үлкендерден сұраймыз. Кейбірі білгенін айтқан болады. Олай екен дейді. Бұлай екен дейді. Нақты жауапты ешкім де айтпайды.
«Самарқанның көк тасы еріді ғой, енді бет қарыған үскірік болмайды» деп топшылайды біреулер. Естуімізше, одан кейін елсіз далада қалып қойған адам да еш үсімейді екен. Сонда ел-жұрттың аузынан түспейтін көк тастың мәні ерекше болды ғой...
Әйтеуір, оның астарында да үлкен мән жатқан тәрізді.
Ғылым мен техника қазіргідей дамымаған болса да, аспан әлемінің қыр-сырын білгісі келген ғұлама Ұлықбектің обсерваториясында тұрған тасқа Ұлыстың ұлы күні қарсаңында күн сәулесі тікелей түсіп, ерітеді екен деген де әңгіме айтылады. Сондай-ақ Самарқан топырағында әйгілі Ақсақ Темірдің отырған тағы бар. Әрине, тақтың жібуі – екіталай нәрсе. Дегенмен дәл осы күні қабағы қату сұсты хан ел мен жұрттың қателігі болса кешіріп, рақым жасайды деген де айтылады.
Елдегі ағайын Самарқанның көк тасы ерігеннен бастап өз қамын жасай бастайды. Қазір де солай. Жерді емген егінші дала қосына шығады. Малшы төрт түліктің бабын жасайды. Әйтеуір, қыс ауасына дейін жалғасатын қым-қуыт тіршілік наурыз айының бел ортасынан қыза түседі.
Ұлттық ұғымға қайшы келетін талай әрекетке барған кешегі кезеңде де аға буын аталмыш уақытты асыға күтіп жататын. Сол күннен кейін наурызкөже қазанға құйылып, алыс-жақындағы ағайын осы дәмнен ауыз тиетін. Самарқанның көк тасы еритін күн береке мен бірліктің бастауы секілді бізге...