Жыл басының басты атрибуты – наурызбақ болсын
Дүниені жаңартқан, жасартқан көктемнен жақсылық пен жаңалық күту – қанымызда бар әдет. Табиғатпен бірге түлеп алған жанымызда жаңа сезімдерге деген мұқтаждық туады. Сол қажеттілікті толтырардай әлденеден үміттенеміз.
Әсершіл көңіліміздің шалықтау кезеңі төл мерекеміз Әз-Наурызбен қабысып жатқаны айқын. Кеудемізге нұр құйып, асыға күтетініміз де жасырын емес. Дегенмен аңсаған мерекемізді өткізгеннен кейін қоңылтақсып қалатын да сол көңіл. Неге? Бір нәрсе жетіспейтін сияқтанады да тұрады. Бірақ бұл жетіспеушіліктің мағынасы Шерағаңның «бір кем дүниесінің» маңызынан мүлде бөлек. Ол олқылық не болуы мүмкін?
Күн мен түннің теңеліп, ақ түйенің қарны жарылған күнді орталықтағы алаңдарға киіз үй тігіп, ән айтумен шектелеміз. Оның өзі кейде жай көзбояушылық сияқты көрінетіні бар. Неге десеңіз, 23-наурыз күні-ақ ештеңе болмағандай бәрі де тып-типыл болады, ал мерекеден бұрын әшейінде улап-шулап мерекелік көңіл күйді қалыптастыруға тырысып жүретін белсенділерден тырс еткен дыбыс болмайды. Осыдан келіп, бұл ұлық мейрамды есте қалдыратындай бір рәсімі болуы керек-ау деген ой келеді.
Жаңа жыл десе шырша құру керек деген ұғым бар. Өйткені ол – жаңа жылдың белгісі, қалыптасқан заңдылығы. Осындай заңдылық не болуы керек? Ол бізде жоқ емес, бар. Жас тал егу, ағаш көшеттерін отырғызу. Бірақ әлі күнге халықтық қолдауға ие бола алмай келе жатыр. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып осы дәстүрді халықтық деңгейге көтеретін кезіміз әлдеқашан жеткен жоқ па? Осы салтты, игі дәстүрді жандандыратын бір іс бар. Қолдауын тапса қайырлы шара, игілікті іс болар еді. Ол – наурызбақ идеясы. Қол сілтеп үйреніп қалған кейбіреулер үшін орындалуы қиын құр қиял сияқты көрінгенімен, ниет дұрыс болса қол жетпейтіндей қиын да шаруа емес.
Бұл шараны әуелі Астана, Алматы сынды қалалар бастаса, артынан Шымкент, Тараз, Талдықорған сынды шаһарлар жалғаса, айналасы бірер жылда тұтас қазақ жерінде қалыптасып үлгерер еді. Ірі қалаларымыз бен аудан орталықтарының маңынан наурызбаққа арнайы жер бөлінсе.
Сол жерге жергілікті тұрғындар өз атынан, өсіп келе жатқан балаларының, немерелерінің атынан тал егіп, ағаш өсірсе. Одан кейінгі уақыттарда сол жылы дүниеге келген әр сәбидің атынан ырымдап егіп отырса, сәбиі мен көшеті жарыса өспес пе еді. Кейін өскенде сенің ағашың деп көрсеткеніне де жақсы. Жыл сайын біркүндік қызыққа бола мың сан шыршаның обалына қалғанша, керісінше бірнеше тал отырғызып, сауапқа кенелгеніміз де жөн болар еді.
Және әр жыл сайын Наурыз тойы сол саябақта өтетін болса, ғажап емес пе? Орталық алаңдардағы көліктердің шуымен астасқан жасанды һәм жаттанды мерекелік шарадан жалыққан жұрт үшін мерекені жаңаша тойлаудың басы да осы болар еді. Асфальт пен топырақтың айырмасы бар екенін әлі күнге ұмыта қойған жоқпыз. Орталық алаңдағы сахнадан концертті сырттай тамашалап қана қоймай, өзіміз де май топыраққа бір аунап, ұлттық ойындарға белсене араласып, балуан күрес жасап, арқан тартысып қайтатын уақыт әлдеқашан туды.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл саябаққа елдің тарихынан, дәстүр-салтынан хабар беретін ұлттық нақыштағы түрлі шағын ескерткіш, мүсіндер орнатылса, жыл-он екі ай бойы қозғалмайтын алтыбақан қойылса, қандай жарасымды болар еді.
Бұл бақтың Ұлыстың ұлы күнінен басқа уақытта да жергілікті жұрт үшін қызмет ете беретіні анық. Бозбала мен бойжеткен бір-бірімен наурызбақта табысып жатса, қаланың шуынан шаршаған кез келген адам жақын досын жанына ертіп, осы жерден табылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе.
«Бір тал кессең, он тал ек» дейтін халықтың бүгінгі ұрпағы үшін наурызбақты жасаудың, оған жоғарыда айтқанымыздай түрлі ағаштардың көшетін отырғызудың қиындығы жоқ. Қызу қолдайтынына күмән жоқ. Басты керегі – сол халықты біріктіріп, бір іске жұмылдыратын биліктің ықыласы мен жер телімі керек. Әрине, бұл саябақтың жергілікті әкімдіктердің меншігінде, қамқорында болу керектігі заңды. Осы іс қолдауын тапса ұлтымыз үшін ұпайлы болар-ақ еді. Қиял – арманға, арман – жоспарға, жоспар іске асып жатса арман не?
Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
Егер қолдау тапса, сауапты іс болар еді
– Егер бұл қолдау табатын болса, өте жақсы ұсыныс. Бірақ бұған ең бірінші – жер керек. Ал ол жер бар ма, жоқ па, бере ме, бермей ме, мәселе сонда. Мен бұған дейін талай ұсыныстар айттым. Мысалы, балалар бағы деген саябақ ашайық дегенмін. Бірақ ол қолдау таппады. Ал мына наурызбақ деген тіпті тамаша екен. Ұлттық мерекемізді осылай ұлықтауымыз керек. Еліміздің қаракөздері наурызбақта серуендеп жүрсе керемет емес пе?
Бұл біріншіден, мерекеміздің деңгейін көтеріп, маңызын асырса, екіншіден, жас ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелер едік. Сол арқылы туған табиғатымыздың өсіп-өркендеуіне, кең қанат жаюына себепкер боламыз. Ал табиғатты аялаудан, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртудан асқан қандай сауапты іс болуы мүмкін. Біз осындай ұсыныс-пікірлеріміз арқылы халықты тәрбиелеуіміз керек. Ең бастысы, жасауға ұмтылайық. Түптің түбінде орындалатынына сенейік.
Әділ Ахметов, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
Тал егуге қарсы емеспін, бірақ...
– Наурызда бұқара көпшілікті тал егуге шақырған дұрыс. Бұл енді бұрыннан бар үрдіс қой. Әркім өзі қайда еккісі келсе сонда егіп келген. Ендігі жерде барлық адамды бір күнде, бір жерге жинап еккізу деген жақсы идея екен. Бірақ мен мынадай ұсыныс қосар едім. Наурызбақ деп жеке саябақ ашқанша, еліміздегі дайын саябақтарға шақырып, сонда ектірейік. Өйткені жаңадан бақ ашу, бой көтерту оңай шаруа емес. Ал дайын саябақтарға ектірсек, бұл енді оңайырақ болады. Мысалы, Астананың өзінде саябақтар жоқ емес, бар. Неге бізге Президенттің саябағына барып, көпшілік болып тал екпеске.