Альтернативті әскери қызметтің артықшылығы көп
Әскери қызметті өтеу – еліміздегі әрбір азаматтың Отан алдындағы борышы. Әйтсе де бүгінгі күні Қарулы Күштер сапына мерзімді әскери қызметке шақырылған жастардың 70 пайызы денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамайтынын статистика көрсетіп отыр. Мамандар «Егер ер-азаматтарымыздың денсаулығына көңіл бөлмесек, алдағы уақытта тіпті Қорғаныс министрлігінің сұранысын қанағаттандыра алмай қалуымыз да әбден мүмкін», – дейді. Әйтсе де айтпағымыз бұл емес. Осы мәселенің саладағы парақорлыққа себеп болып отырғандығы. Бүгінгі күні денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз жастардың бірқатары пара беріп, әскерге баруға ынталы болса, енді баз біреулері, керсінше, пара беріп әскерден қалуды қалайды. Айналып келгенде мұның бәрі әскери билеттің саудаға түсіп, саладағы жемқорлықтың көбеюіне себепші болып отыр.
Таратып айтар болсақ, әскерге жарамсыз жастардың арасында асқазан, бауыр, бүйрек және варикозды аурулар белең алған. Мамандар варикозды аурудың көбеюінің себебін ер жігіттердің көбіне ауыр жүк көтеріп, ауыр еңбекпен айналысуынан іздесе, басқа аурулардың негізгі себебі: спирттік ішімдік ішу, темекі тартып, насыбай ату секілді зиянды әдеттер себеп болатын көрінеді. Әйтсе де денсаулығы жарамсыз болса пара беріп әскерге барғысы келетін жастар жетерлік. Қызметін құқық саласымен байланыстырғысы келетін жастар, мүмкіндігінше, сарбаз атанып, әскери билетке қол жеткізуді көздейді. Көздегеніне жету үшін тиісті орындарға пара ұсынуға тырысады. Өйткені елімізде әскери билетсіз қызметке қабылдамайтын салалар жетерлік. Тіпті әскерге барғысы келетіндер ғана емес, әскерден қалғысы келетіндер де пара ұсынуға тырысады. Дерек көздеріне сүйенсек, көбінесе ұлттық компанияларда немесе басқа да «майлы жіліктің», яғни жақсы қызметтің басын ұстаған жастар әскери міндетін өтеп келгенше қызметінен айырылып қалуға қорқып, әскерге бармау үшін тиісті орындарға пара ұсынуға тырысатын көрінеді. Осылайша бүгінгі күні Қорғаныс министрлігінің осы саласындағы қалыптасқан жүйе қоғамдағы парақорлық пен жемқорлықтың кең тарауына ықпал етіп отыр.
Осы орайда, кейбір елдердің тәжірибесіне сүйенсек, күрделенген мәселенің күрмеуін оңай шешер едік. Мәселен, көрші өзбек елінде, альтернативтік әскери қызмет түрі қалыптасқан. Әскерге жарамсыз деп танылған азамат Қорғаныс министрлігінің арнайы есепшотына белгіленген мөлшерде қаржы құйып, бір ай арнайы әскери қызметін өтеп, әскери билетке қол жеткізе алады. Яғни біздегідей «майтабан болсаң боссың» деген қағида жоқ. Аталмыш жүйе, ең алдымен, еліміздегі барлық азаматтардың әскери билетке қол жеткізуіне мүмкіндік туғызады.
Еліміздегі әскерге шақырылған жастардың 70 пайызының денсаулығы сарбаз атануға жарамсыз екенін ескерсек, осынша азаматтың әскери билеті жоқ екенін де байқауға болады. Екіншіден, әскерден қалғысы келетіндердің мемлекеттік бюджетке құйған қаражатын осы салаға қайта құю арқылы, яғни әскерді өз қаржысымен қаржыландыру арқылы қорғаныс саласына бюджеттен бөлінетін қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік туады. Ең бастысы, осы саладағы жемқорлықтың азаюына септігін тигізеді. Әскери комиссариат қызметкерлеріне беретін параны заңды түрде мемлекет қоржынына салудың тиімділігін осы саланың мамандары да жоққа шығармайды.
Баһадүр КЕЛІМБЕТОВ, саясаттанушы:
– Бүгінде қоғамымызда әскерден қаламын деушінің де, барамын деушінің де мәселесі бар. Және мәселені шешкісі келетіндер тиісті орындарға пара ұсыну арқылы бұл тығырықтан шығуды көздейтіні рас. Шын мәнінде, оларды пара ұсынуға осы салада қалыптасқан жүйенің өзі мәжбүрлеп отыр. Ер-азамат аяғы майтабан болса мемлекеттік қызмет істемеуі керек пе? Немесе нағыз өз кәсібін үйренетін шағында жас маманның бір жыл уақытын әскери қызметке жұмсауы қаншалықты тиімді?! Шыны керек, кейде әскерге барғысы келетін жастарды әскери комиссариат «орын толып қалды» деп кері қайтарып жатады. Амал жоқ «келесі шақырылымға» деген бір жапырақ қағазды қолына ұстап қала береді. Сонда ол әскери билет үшін қызметке тұрмай қанша уақыт тиісті орындардың «ықыласы құлап» әскерге жібергенін күтіп отыруы керек пе? Сондықтан біз альтернативті әскери қызмет түрін қолданысқа енгізуіміз керек. Талай елде сәтті қолданылып жүрген бұл жүйе осы саладағы мәселелердің шешілуіне түрткі болады. Ал альтернативтік әскери қызметтен түскен қаржы толық мерзімді қызмет атқаратын әскерилерге жұмсалады. Осылайша осы салаға жұмсалатын қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік туар еді.