Әскери құрылыс батальондарын қайта құру тиімді ме?
Кеңес өкіметінің тұсында әскер саласында арнайы «стройбат» деген әскери құрылыс батальондары болатын. Олар ТМД аумағындағы тұрғын үй т.б. құрылыс нысандарын салуға кәдімгідей атсалысып, әскери сарбаздардың 30 пайызы осы салаға жұмылдырылатын. Тіпті еліміздегі Балқаш, Қапшағай, Байқоңыр, Курчатов қалалары да осы әскери сарбаздардың көмегімен бой көтерді десек, артық айтқандық емес. Ресейдегі көптеген құрылыстар да әскери құрылыс батальондарының арқасында салынды. Алайда Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін «стройбаттар» да өз жұмысын тоқтатты. Қазір, шүкір деп айтайық, Тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жинап, еліміздің әлеуеті жоғарылап келеді. Осы ретте бүгінде әскери құрылыс батальондарын қайта құратын уақыт жеткен жоқ па? Бұл төңіректе мамандар не дейді екен?..
Өткенде ғана Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бақытжан Ертаев Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда былай делінген: «Менің депутаттық сауал жолдауыма мынадай мәселе себепші болып отыр. Қазіргі заманда жастардың көбі дене бітімдерінің жетілмеуіне қатысты және тиісті білімдерінің болмауына байланысты, сонымен бірге басқа да себептермен әскер қатарына алынбайтындығы бәрімізге аян. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шақырылған жастарымыздың арасында әскер қатарына жарамайтындардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Осыған орай, қазіргі уақытта әскери құрылыс бөлімдерін қайта құру қажеттігі туындап отыр. Әсіресе шалғай жерлердегі аудандар мен ауылдардағы жастарымыздың әскер қатарына алынбауы жұмыссыздықтың көбеюіне, жастар арасында қылмыстың өсуіне әкеліп соғуда. Жұмыс істейін десе, белгілі бір мамандығы, оған қоса әскери билеті жоқ жастардың алдынан жұмысқа орналасар кезде көптеген қиындықтар туындауда. Ауқымы зор мұндай проблеманы мемлекеттік деңгейде ойластырып шешетін кез жетті. Жоғарыда айтылған проблеманың алдын алу мақсатында ҚР бұрынғы кеңес әскерінің тәжірибесін енгізу қажет. Атап айтқанда, Кеңес Одағы кезінде әскерге шақырылатын жастардың арасында да осындай жетіспеушіліктер болғанын жақсы білесіз. Ал сол кезде оларды Отанды қорғаудан алыстатқан жоқ, керісінше, құрылыс батальондарына жіберіп, әскери өмір мектебінен өткізіп, өмірден өз орындарын табуға көмектескеніне куә болдық. Енді неге осыны қайтадан қолға алмасқа?..»
Қарап тұрсаңыз, бұл, шынында да, ойланарлық жағдай. Өзінің әріптесін депутат Шалатай Мырзахметов те қолдап отыр.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Мен, негізі, құрылысшымын. Сондықтан құрылыс саласын жандандырайық, жақсы жағынан өзгеріс енгізейік десе, мен оған үнемі қолдау білдіріп отырамын. Қазір бізге әскери құрылыс батальондары өте қажет. Өйткені басқаны айтпай-ақ, қорғаныс саласының өзінде істелінуі тиісті құрылыстар жетіп, артылады. Әскери өндіріс орындарын, тұрғын үйлер салу үшін олардың өзінің құрылысшы отрядтары, яғни құрылыс армиясының болғаны өте орынды. Бұл ретте құрылысшы мамандарын даярлайтын колледж, училищелерге зерттеу жүргізіп, мониторинг жасап, одан белгілі бір мамандықты бітіріп шыққан жас түлектерді әскерге тартуымыз қажет. Оны қазіргідей тізім жасап қойып, жас сарбаздардың барлығын жаппай құрылысқа салып қоюдың керегі жоқ. Әрбір өңірдегі қорғаныс істері бөлімдерінің қызметкерлері кәсіптік-техникалық оқу мекемелеріне барып, құрылыс саласын бітірген жас мамандарды «стройбаттарға» жіберіп отыруы тиіс. Мұны кешенді түрде шешкеніміз жөн. Қазір кейбіреулер денсаулығы нашар, әскерге жарамсыз азаматтарды әскери құрылыс батальондарына тарту керек деп мәселе көтеріп жүр. Бұл дұрыс емес. Оған да нағыз әскери тәртіпке мойынсұна алатын, қиындыққа төзімді, денсаулығы мықты жігіттерді тарту керек. Осылайша оларды әскери құрамға өтті деп есептеген дұрыс. Әскери батальондардың тәртібі әскери құраммен бірдей болып, бірақ олар өздерінің мамандықтарына сәйкес жұмыс істеуі тиіс. Бұл жерде, ең бастысы, олардың құрылыста жұмыс істегені үшін өздеріне лайықты құрылыс нормативіне сәйкес, жалақыларын төлеуіміз қажет.
Болат САЙЛАН, Ауған соғысының ардагері:
– Әрине, кезінде кеңес үкіметі әскери сарбаздардың күшін әлеуметтік мәселелерге тиімді пайдалана білді. Тұрғын үй салуға, тағы басқа құрылыстардың бой көтеруіне сарбаздардың септігі молынан тиді. Енді оны Тәуелсіз елімізде қайтадан қолға алу үшін арнайы бағдарлама жасап, әскери құрылыс батальондарына арналған комитет немесе басқармалар ашу қажет. Кеңес үкіметі кезінде тиімді болған жұмыстарды неге Тәуелсіздік алған тұсымызда қайтадан пайдаланбасқа?! Әрі-беріден соң, бұл әскери салаға да, мемлекетке де үлкен пайда келтірер еді. Қалай дейсіз ғой? Бүгінде тұрғын үй салумен құрылыс компаниялары айналысып жатыр. Алайда көптеген құрылыс компаниялары өздерінің жұмысын уақытында орындай алмай, халықтың сенімінен шығып қалды. Әрі олардың салған үйлерінің бағасы тым қымбат, сапасы да нашар. Осы ретте егер біз тендер өткізу арқылы жеке компанияларға берген ақшаны әскери құрылыс батальондарына аударатын болсақ, онда қатаң тәртіптің арқасында тұрғын үйлерді сапалы әрі дер кезінде бітіруге мүмкіндік алар едік. Сондықтан бұрынғы бар механизмнің бойына қайтадан қан жүгіртіп, қазіргі заманға лайықтап жасай білуіміз қажет. Осы арқылы әскердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға әрі халықты арзан баспанамен қамтамасыз етуге болады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде әскери салада әлімжеттік тыйылмай келеді. Жастар не істерін білмей, біріне-бірі күш көрсетуде. Тіпті өлім де көбейіп жатыр. Осы ретте әскердегі жастарға жұмыс тауып берсек, бұл әлдеқайда тиімді болмай ма?! Әрі сарбаздар да әскерге барып келгеннен кейін құрылыс саласының дайын маманы болып шығады. Кезінде әскери құрылыс батальондарында жұмыс істеген сарбаздар үйіне қайтқанда кәдімгідей қомақты ақшамен шығатын. Егер біз әскери құрылыс батальондарын құрып, оларға қаржы төлеу мәселесін жолға қойсақ, онда жастар да әскерден қашуды емес, қайта әскерге баруға асығар еді.