Ердің киімі ерекше болғаны жөн
Жылда ұйымдастырылатын Ерлердің сән аптасы биыл қызық өтті. Тіпті өрескел десе де болады. Үш күнге созылған сән шеруін тамашалаған көрерменге есін жинау үшін тағы үш күн керек болған шығар. Алғашқы күннен-ақ подиумға бетін тақтаймен жапқан модельдер шыға келіп бір шошытты. Қалған күндері де дизайнерлер бір-бірімен жарысқандай әбден «құтырды». Әсіресе Андерсон дегеннің модельдері тері көйлек, тізеге жететін бүрмелі етік киіп шыққанда залда отырғандар жарылды.
Төңкеріс пе, әлде мазақ па?
Лондонда өткен осы сән шеруі 60 дизайнердің қолынан шыққан туындыларды ұсынды. Мұнда көрсетілген үлгілер биылғы көктем мен күзде үстемдік құратын сән индустриясының бағытын белгілеп беруі тиіс еді. Осы киім үлгілерін сатып алу үшін 45 елден өкілдер келді. Әлбетте, жылдық айналымы 10 млрд долларды құрайтын индустрия жұрттың осындай қызығушылығына мұқтаж.
Сасқаны ма, модель Дэвид Ганди: «Бұл шараның ерлердің сән әлеміндегі нөмір бірінші шараға айналғанын қалаймын», – депті. Бірақ кім не десе де, биылғы сән апталығы сәтті болмады. Шеруді тамашалауға келген жұлдыздардың өзі әлгіндей киімдерді сатып алудан бас тартты. Бәрі бірауыздан «бұл киім еркектерге емес, цирктегі сайқымазаққа арналған» десті. Үстіне небір шүберекті жапсыруға құмар жұлдыздар солай десе, басқаларға не жорық.
Құдды жаңалық ашқандай. Дизайнерлер де мұндай қадамға бекерге бармаған шығар. Өйткені соңғы жылдары ерлердің киімі бұрынғы классикалық үлгіден алыстап бара жатқаны байқалады. Мәселен, биыл гүлді, балағы тар джинсы мода. Сондай-ақ жазда түрлі-түсті мақта шалбар киюге рұқсат. Ол өрнекті матадан тігілсе, тіпті жақсы. «Еркек сәнді болып көрінгісі келсе, желбіретіп шарф тақсын», – дейді модельерлер. Ал енді мойындайықшы, екінің бірі осындай «модамен» киіне ме?
Бар үміт сәннің сынаптай суситын қасиетінде. Көп ұзамай ерлерді нағыз ер етіп көрсететін бұрынғы үлгі қайтып келетін күнге де жетерміз. Әзірге көше толы тар шалбар киген бозбала.
Әйтсе де сән әлемінде «милитари» стилі көпке дейін тұрақтайтын сияқты. Себебі әскери үлгі көп жылдан бері өзектілігін жоғалтпай келеді. Бірақ бұл бастан-аяқ сықиып әскери мундир киіп алу дегенді білдірмейді. Қазіргі милитари стилі әскери бейненің елесі ғана. Мәселен, тік жаға, металл түйме, погон сияқты әскери элементтер әйелдер киімінен де көптеп табылады.
Сұлуынан жылуы
Сән әлеміне әскери үлгі тұрақтаған сайын сән әлеміндегілер де әскери салаға ендегісі келеді. Көп елдің әскер киімін әйгілі дизайнерлер әзірлейтіні бүгін жаңалық емес. Соңғы жаңалықты айтсақ, биыл көктемде ресейлік дизайнер Валентин Юдашкин әйелдерге арналған әскери киім үлгісін ұсынып, елдің құлағын тағы бір шулатты.
Олай дейтініміз, бұған дейін Юдашкиннің Ресей әскеріне әзірлеген киімі әскерилер тарапынан қатты сынға ұшыраған. Өйткені жаңа форма жылытпайды, жуса кеппейді. Алайда атақты модельер қазір солдаттардың киіп жүргені оның жасап шығарған үлгісіне мүлде ұқсамайтынын айтып ақталды. Әскери киімнің ықшам, ыстықта терлетпейтін, суықта тоңдырмайтын қасиеті болуы керектігін «гламур» дизайнер қайдан білсін?! Киімнің сапасы, ең әуелі, жауынгердің денсаулығы үшін қажет. Сондықтан оның үлгісін әзірлеуге ұрыс даласын көрген мамандардың қатысқаны жақсы. Осыны ескерді ме екен, өткен жылдың соңында Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу жауынгерлерін Юдашкиннің формасынан құтқаратынын мәлімдеді. Осы жазда көршіміздің әскері жаңа үлгімен тігілген киіммен жабдықталмақ.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, қазіргі сатылатын әскери киімді киіп жүргендер, кеңес дәуіріндегі жауынгердің гимнастеркасын, шинелі мен кителін, әсіресе керзі етігін айрықша сағынышпен еске алады. Бұрынғы ерлердің пікірінше, нағыз еркектің киімі гүлді-гүлді тар джинсы емес, жұмысқа да, тұрмысқа да қолайлы болғаны дұрыс.