Эволюциялық даму аясындағы революциялық реформалар
Экономикалық реформалар мен сыртқы саяси басымдықтарды жүзеге асыру турасында айтсақ, Орталық Азия елдері арасында Қазақстан «алдыңғы қатарлы мемлекет» деген мәртебеге ие. Халықаралық дағдарыс тобының берген бағасы осындай.
Іссапармен біздің елде болып қайтқан аталмыш топтың вице-президенті Ален Делетроздың «Орталық Азияда Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан мемлекет саналады. Шынында да, Қазақстан – сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татулық және олардың аймақтық біртұтастығын кұрметтеу принципіне негіздеп жүргізіп отырған мемлекет. Ал ең маңыздысы, Қазақстан – Орталық Азияда экономикалық реформаларының бағыт-бағдары айқын, дамуы тұрақты көшбасшы ел» – дегені Қазақстандағы жүзеге асып жатқан экономикалық реформалардың нәтижесі.
Негізі, сарапшылар біздің елдегі экономикалық реформаларды кезең-кезеңге бөліп қараса, ол 1991 жылдан бастау алады екен. Бұл – 1991-1992 ж., 1993-1994 ж., 1995-1997 ж., яғни сын сәт, 1998-1999 жылдар (даму стратегиясын анықтау) аралығы және 2000-жылдан бергі кезең (экономикалық тұрақтану жылдары).
Қазақстандағы КСРО экономикасынан кейiнгi ахуалдың құлдырауы бiрiншi кезеңнің еншісінде. Бұл – сыртқы және iшкi әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси бағытта жүргiзiлген экономикалық саясаттың бағы жанбаған жылдар. Сол кездегі басты мақсат бұрынғы жүйенi өзгертуге және ұлттық нарықтық экономиканы құруға бағытталған-ды. Атап айтсақ, экономиканы ырықтандыру; әлеуметтік-экономикалық аяға мемлекеттiң қатысуын шектеп, қамқорлығын азайту; сыртқы экономикалық қызмет нысандарын кеңейту, яғни сырттан инвестициялар тарту; валюталық тәртiптi тұрақтандыру; көп ұстынды экономиканың негiздерiн қалыптастыру, нақтысы – жеке сектордың жұмыс iстеуi үшiн жағдай жасау, шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге нарықтық нышандар үлгiлерiн енгiзу, кәсiпкерлiктi, шағын және орташа бизнестi дамыту, толымды нарықтық бәсекенi өрiстету.
Екiншi кезеңде жалғастырылған реформалардың мақсаты мына саясатты көздедi: меншiк қатынастарын қайта құру жекеменшiктi заңдастыру жағына ойысты; рубль аймағынан шығып, ұлттық валюта — теңгенi енгiзу; валюта-қаржы және банк жүйесiн өзгерту; инфляция мен бюджет тапшылығын жолға қою үшін қатаң шектеу шараларын жүзеге асыру; алтын-валюта қорларын еселей түсу. Дәл сол жылдары үкiмет дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарлама инфляция деңгейiн азайтуға және өндiрiстiң құлдырауын шектеуге негізделген-ді.
Шешуші кезең – үшiншi кезең болса керек. Сол жылдары макроэкономиканы тұрақтандыру бағдарламасы қабылданып, өз кезегінде ол инфляцияны төмендетуге сеп болды. Дәл сол жылдары шетел капиталы кеңiнен тартылды, рыноктар мен нарықтық құрылымдарды дамыту үшiн жағдай жасалды. Бұл – нарықтық реформалар кезеңiнiң басты жетiстiктерi. Елде тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай орнап, Қазақстанның тәуелсiздiгi мәртебесiн дүниежүзілік қоғамдастығы мойындады. Сондай-ақ халықаралық қаржы институттары бізге айқара есік ашты.
Төртiншi кезеңде Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы қабылданды. Ұзақ мерзiмдi стратегияның алдын ала белгiленген кезеңiн iске асыру мақсатында Президенттiң Жарлығымен 1998 жылы «ҚР дамуының 1998-2000 жылдарға арналған стратегиялық жоспары» бекiтiлдi, ол дүниежүзілік қаржы дағдарысының зардаптарын еңсеруге, экономиканың нақты секторын сауықтыру жолымен экономикалық өрлеудi қамтамасыз етуге, бюджеттiк аяны реформалауға, белсендi әлеуметтік саясат жүргiзу жағдайында ел экономикасына жұмсалатын инвестицияларды көбейтуге бағытталды. Бұл кезеңде зейнетақы реформасы жүргiзiлдi. Өз кезегінде ол iшкi қорды ұлғайтып, инвесторлардың қалыптасуына жағдай жасады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары өсіп, ол 2013 жыл басында 3183,2 млрд теңгені құрады.
Қазақстанның экономикалық өрлеу жолына түскен кезеңі – 2000 жылдардың бас шені. Жалпы ішкі өнім жылдан-жылға артып, елдiң экономикалық дамуы үшiн инвестициялық мүмкiндiктер жасауға баса назар аударылуда. 2001 жылы Елбасы Жарлығымен «Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейiнгi стратегиялық жоспары» бекiтiліп, бәсекелестiк қабiлетi күштi экономика құруға бет бұрдық. Сөйтіп, стратегиялық маңызы бар нысан саналатын мұнай-газ және энергетика мен агро-өнеркәсiптiк секторларын оңтайлы реттеу сәтті жүзеге асып жатты. 2010 жылдардағы экономикалық өрлеу Қазақстандағы әлеуметтік ахуалға тиімді әсер етіп, жұмыссыздық қысқарды, халықтың кедей топтарының үлесi азая түстi.
Қысқасын айтқанда, Қазақстан бүгінде ТМД мемлекеттерінің арасында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді жүзеге асырудың арқасында біз әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің біріне айналдық. Геосаяси кеңістікте Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі. Мұндай тиімді әріптестікті, яғни саяси және экономикалық қатынастарды бізді әлем елдерімен байланыстыруға жақсы мүмкіндіктер беретін қадам деп білген жөн.
Қазақстан экономикасына тартылып жатқан шетелдік инвестиция көздері жылдан-жылға артып келеді. Оны нақты мысалдармен дәлелдейтін болсақ, Орталық Азияға келген тура инвестициялардың 80 пайыздан астамы Қазақстанның үлесінде. Дүниежүзілік банктің біздің елімізді инвестициялар әкелуге өте қолайлы 20 елдің қатарына қосуы – көп еңбектің жемісі. Сонымен қатар біздің ел нарықтық экономика мемлекеті ретіндегі танылған-ды. Осының барлығы еліміздегі саяси тұрақтылықтың, экономиканың артуы мен реформалардың біз қалаған бағытта дамып келе жатқандығының белгісі болса керек.
«Қазақстан–2030» стратегиясы қабылданғаннан бергі жылдар аралығында Қазақстан ең серпінді дамушы елдер бестігіне еніп, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің көлемі жағынан әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына қосылды. Ендігі меже әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу. Бұл тұрғыда ҚР Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан–2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдымызға келелі мақсат қойып отыр. Қазіргі таңда ұлттық экономиканы жоспарлы түрде әртараптандыру өз бабымен жүзеге асып келеді. «Қазақстанның 2050 жылға қарай «Азиялық барыс» атануға әлеуеті жетеді» – дейді әлем сарапшылары. Олардың пікірінше, Қазақстан эволюциялық даму аясында революциялық реформалар жүзеге асыра алуда. Бұл – «Дағдарыстан кейінгі әлем институты» қорының тәуелсіз сараптамалық орталығы 2013 жылы жүргізген «Перспектива–2050: Әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасы» атты бес құрлықтың 68 елінен 303 сарапшы қатысқан зерттеуінің нәтижесінен кейін берілген жақсы көрсеткіш.