Отан қорғаушылар күнін «Ерлер мерекесі» деп атауды қолдайсыз ба?
Берік Уәли, журналист:
– Отан қорғаушылар күні болып қалғаны жөн. «Ерлер күні» дегеннің аясы тар. Олай деп айтсақ мағынасын төмендетіп алатын сияқтымыз. Нағыз патриотизмге үндейтін, отаншылдыққа ұйыстыратын күн болып қалыптасуына бәріміз атсалысуымыз керек. Жастарға осыны насихаттау керек. «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Ер-азаматтардың орны қашанда бөлек. Отанқорғаушылар күні – жалпы, жұрт болып атап өтетін үлкен мереке. Мерекелік концертпен ғана шектелуге болмайды. Идеологиялық тұрғыдан өте маңызды күн. Бізде не көп, мереке көп. Мерекелердің ең үлкені осы Отанқорғаушылар күні деп айтар едім. Өйткені «Отан оттан да ыстық» дейді халқымыз. Мерекенің атына, затына мән берсек. Мағыналы, өз деңгейінде атап өтсек. Керек десеңіз, бұл – еліміздің күш-қуатын, жеткен жетістігін әлемге мақтанышпен көрсететін күн. Мүмкіндікті пайдаланып, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді кірпік қақпай күзетіп жүрген, халқымызға қорған болған ұлттық әскерімізді, барлық ер-азаматтарды Отанқорғаушылар күнімен құттықтағым келеді. Еңбектеріңіз жемісті болсын! Әрқашанда аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын!
Рахат Мамырбек, публицист:
– «Ерлер мерекесі» деп қабылдай алмаймын. «Ер адамның бәрі әскер болуы керек» деген ұғым Кеңес кезеңінен қалған деп ойлаймын. Сондықтан бұл мейрамды қарулы күштер қатарында кім нақты еңбек етіп жүр, кім қыстың күні шекараны түнделетіп күзетеді, кім әскери қызметтің ауыр бейнетін тартып жүр – сол адамдардың мейрамы деп санаймын. Оның үстіне қазір әскерге барып, қызмет ету міндетті емес. Жаппай соғыс заманы да өтті деген пікірім бар. Мерекені «әскер қатарында жүрген сарбаздарды құттықтайтын күн» деп түсінемін.
Арман Қани, ақын:
– «Ерлер мерекесі» деп атауды қолдай алмаймын, себебі мұндағы «Ерлер» сөзі «Еркектер» деген мағына беріп тұр. Оның астарында «Тепсе - темір үзетін» батыр еркек» деген жасырын мағынасы тағы бар. Ал Отан қорғау тек мықты еркектердің ісі емес қой. Әлмисақ дәуірінен бергі баба тарихтың әскери һәм бейбіт кезеңдеріндегі жауынгерлер құрамын жыныс белгісі жағынан алып қарасақ, оның бірыңғай ерлерден тұрмағанына, қыз-келіншектердің де үлесі аз еместігіне көз жеткізер едік (Тұмар ханым, Гауһар батыр, Бопай ханша, Әлия мен Мәншүк батырлар т.с.с.), жас жағынан қарасақ та, еңкейген қарттардан бастап ат жалын тартып мінер жастағы балалардың да болғанын байқар едік. Демек, Отан қорғау әлмисақ дәуірінен күні бүгінге дейін бүкілхалықтық іс болып табылады.