Туымыздың қадірін білейік!
Тәуелсіздігіміздің түндігінде, туған жеріміздің кіндігінде киелі шаңырағымыздың бірлігінде, көк туымыз көкке көтеріліп, жарық ғаламға күн нұрын шашқанда, күн нұрының алтын арайымен зеңгір аспанымызда құс патшасы – қыран қалықтағанда менің көз алдыма ұдайы Шәкен ағам елестейді.
Неге дейсіз ғой енді Сіз?
Қасиетті Қазақ елінің Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков ағамыз ата-бабаларымыз ежелден қасиет тұтып, символға айналдырған күнді, қыранды және аспан түстес көк бояуды әдемі астастырып, үйлестіріп, бүгінгі күні баршамыздың мақтанымызға, көз қуанышымызға айналған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жасап қолымызға ұстатты».
Ғаламның қай түкпірінде болмасын, қандай мемлекетте, қай елде жүрмейік, өзге мемлекеттердің самсап жалтыраған туларының арасынан Қазақстанның көк туы сонадайдан көзге ұрып, өзінің етенелігімен әрі ерекшелігімен жанымызды баурайды.
Сөз жоқ, Мемлекеттік Туымызды қазақтың жүрегіне өте жақын әрі етене, сонымен қатар өзгелерден өзіндік ерекшелігімен айрықшаланып тұратын етіп жасауға Шәкен ағамыз қыруар еңбек сіңірді, қыруар қажыры мен білік-білімін жұмсады.
Американың азаматтары «біздің АҚШ-тың туы зәулім ғимараттың төбесінде ілулі тұрсын, мейлі судың астында жатсын немесе қырық бүктеліп, умаждалып, қойманың ішінде жатсын, ораулы күйінде сөреде тұрсын, көзіңнің қиығы түскенде-ақ, оның АҚШ-тың мемлекеттік туы екенін бірден жазбай танисың» деп мақтаныш етеді.
Бұл сөздің жаны бар десе де болады. Себебі АҚШ-тың туы өзіндік бедер-белгілері өте айқын, айшықты әрі ешкімге ұқсамайды. Осы тұрғыдан келгенде, біздің қазақтың көк туының да дизайны аса ғажап әрі ұтымды шыққан.
Қазақта «Туың жығылмасын!», «Туың биік болсын!», «Қолдағы туың желбіреп барып, желбіреп қайтсын!», «Тәуелсіз елдің ғана Туы бар» дейтін ежелден келе жатқан жақсы тілектер бар.
Бұл – тек ту ұстап, тұлпар мінген халыққа тән тілектер.
Тудың қадірін біліп, қасиетін таныған халыққа ғана тән тілек. Шәкен ағамыздың кешегі тарихымыз бен бүгінгі заманымыздың талап-тілектерін ескере отырып жасаған көк туы ешқашан жығылмайды! Мәңгілік Қазақ елінде мәңгі желбірейді де тұрады!
Алашымның айбары
Көк байрағым аспанымдай зеңгір көк,
Желбірейді «мен Тәуелсіз елмін» деп,
Елдігімді, ерлігімді паш еткен,
Көк туымды биіктерден көрдім көп.
Биіктерге көтерілсе байрағым,
Арқаланып, арта түсер айбарым.
Бөрі мінез, жылқы тектес бабамдай,
Ту көтерсе, намысымды қайрадым!
Алты құрлық басын иген нарқына,
Көз тимегей қазағымның даңқына.
Тарихымды өзі-ақ танып білмей ме,
Бойлаған жан Елтаңбамның парқына.
Әнұраным шырқалғанда шарықтап,
Құс патшасы көк байрақта қалықтап.
Алтын арай күн нұрымен оянған,
Өз Отанын ардақтайды халық хақ.
Кім таныса, ел белгімнен танысын,
Ертең күліп ататұғын таң үшін.
Осыларды сақтап тұрған барлығын,
Ата Заңым – ар-ожданым, намысым!
Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы