Жаңа жыл Тәуелсіздік мерекесінің алдын орай бере ме?
Ақиқатын айтайық, Жаңа жылға қарбалас ұлттық ұлық мереке – Тәуелсіздік күнін көлеңкесінде қалдырды тағы. Санаулы күннен кейін қазақтың қанымен, жанымен келген Тәуелсіздік мерекесі. Бірақ обалы нешік, соған тәу ете алмай жүрміз. Неліктен? Жігерсіздік пе? Құнтсыздық па? Әлде қадір-қасиетін ұғынатын қауашақтарымызда тауықтың миындай бір шайнам ми жоқ па? Әйтсе де басқа-басқа, ел басқарып отырған әкімқараларды мисыз деуге әсте келмес. Бірақ қайсыбірінің намысы кем, есесіне, есерсоқ десе, жарасатын сияқты...
Күні кеше ғаламторда Павлодар облысында Жаңа жылға арналған шырша құру үшін қала бюджетінен 38 млн теңге бөлінгендігі туралы ақпарат жарқ етті. Ол долларға шаққанда 253 мың АҚШ долларын құрайды! Оның кереметтігі неде дейсіз ғой. БАҚ-та жарияланған деректерге сүйенсек, бұл бас шыршаның былтырғы шыршадан артықтығы – 10 метрге бойшаңдығы. Былтыр 20 метр болса, биыл 30 метр екен (Павлодардың жергілікті билігі шырша бойшаң болмаса, Аязата келмейді деп ойласа керек). Сөйтіп, Астанадағы бас шыршадан да асып түскелі тұр. Оның биіктігі – 25 метр. Алматыдағы шыршаның бойы – 18 метр. Сонымен, әкімдер Тәуелсіздік күнін қоя тұрып, «кімнің шыршасы биік?» байқауын жариялап, өз-өздерімен бәйгеге түсіп жатқан секілді. Ұлттық мереке – Тәуелсіздік екінші кезекке осылай түсіп отыр.
Ал ұлттық ұлық мерекеге әзірлік заң бойынша қарашаның 1-інен басталуы керек. Бұл «Қазақстан Республикасында ұлттық, мемлекеттік, кәсіптік және өзге де мерекелерге дайындық жүргізу мен өткізу жөніндегі ұсынымдарды бекіту туралы» Мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммедтің 2013 жылғы 15 қаңтардағы өкімінде бар. Онда: «Қоғам жұртшылығының назарын барынша елдің басты мерекесіне аударту үшін мерекені ақпараттық қамтамасыз етуді 1 қарашадан бастау қажет. Ақпараттық жұмыс БАҚ-та Қазақстанның Тәуелсiздiк үшiн күресiнiң тарихи жолын ел мемлекеттiлiгiнiң орнауы мен дамуының негiзгi кезеңдерін егжей-тегжейлі баяндалуын қамтиды» делінген. Бірақ көріп жүргеніміздей, 1 қарашадан бастап ұлттық бас мереке туралы жақ ашқан билік те, БАҚ-та жоқтың қасы. Есесіне, Жаңа жылға дайындық қарқынды. Жыл сайын желтоқсан тумастан билікте Жаңа жылдың желігі басталады. Сонымен, Тәуелсіздік Жаңа жыл көлеңкесінде жетім қыздай жаутаңдап қалып қояды.
Оның үстіне, 1 желтоқсаннан-ақ жер-жерде шаһардың бас шыршасын жағу Жаңа жыл деп даурыққан жұрттың делебесін одан сайын қоздырып жібереді.
Жоғарыдағы өкімде «1-16 желтоқсан аралығында әрбір күн Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды деген оқиғаларға (Конституцияның қабылдануы, мемлекеттік рәміздердің, ұлттық валютаның бекітілуі, «Қазақстан-2050» стратегиясының қабылдануы және басқалары) арналуы мүмкін. Бұл күндері елдің Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қоғамдық-саяси салаларда қол жеткізген негізгі жетістіктерін аша түсетін әртүрлі форматтағы іс-шараларды жоспарлау ұсынылады» деп жазылса да, Тәуелсіздік меркесі тек сол күндер қарсаңында ғана ауызға ілігетін әдеттен әлі арылған жоқ.
Ноябрь КЕНЖЕҒАРАЕВ, филология ғылымының кандидаты:
– Жалпы, қала халқының басым өкілдері, оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің де тек маргиналдық, нигилистік, космополиттік, либералдық санада, түсінікте екендігі жасырын емес. Үкімет хал-қадірінше шаруалар атқарып, бетін бері тартқысы келіп жатыр-ақ, алайда әлі идеологиялық тұрғыдан патриоттық сезім алаулап тұр деп айта алмасақ керек. Дүниеқоңыздық, пайдакүнемдік, құлқынқұмарлық менталитет пен сана орын алған жерде отансүйгіштік, патриоттық, ұлттық сезімдер шеттетіліп қалатындай.
Әдетте, ұлты жоқ, ұлысы жоқ, қырық рудан құралған дейтін америкалықтар АҚШ-тың тәуелсіздік күнінде мемлекеттік туын үйінің төбесіне іліп қарсы алады. Кез келген америкалықтың үйінде мемлекеттік ту тігулі тұрады екен мереке күні. Бұл – бұлжымайтын дәстүр. Ал бізде әрбір қазақстандықтың үйінен Мемлекеттік Ту табыла қоюы – неғайбіл. Мемлекеттік Ту тек мемлекеттік мекемелерге ғана керек деген түсінік қалыптасқан. Ал ол елдіктің белгісі екенін ойлауға санамыз жетпейді.
Бүркіт НҰРМАҒАМБЕТОВ, саяси ғылымдар кандидаты:
– Рас, жыл сайын бұл проблемаға тап боламыз. Жыл сайын осы уақытта бүкіл қазақтілді БАҚ Жаңа жылдың тасасында қалған Тәуелсіздік күні туралы жалықпай айтып бағады. Бірақ мәселе айтуда емес. Мәселе санада болып отыр. Естеріңізде болса, кеңес кезінде кеңестік мерекелер өз деңгейінде аталатын. Оған дайындық деген де қызу болатын. Оны елемеу қылмыс еді тіптен. Неге? Онда идеология күшті болды. Жұдырықтай бала күнінен бастап баланың санасына құйылатын. Қазір тап сондай сананы сілкінтетін ақпараттық саясат, идеология қажет.
Желтоқсан туысымен өкшеміз көтеріліп, дүниені ұмыта бастаймыз. Сондай қарбалас қат-қабат келгендіктен тәу етер Тәуелсіздік күнінен гөрі Жаңа жылдың «жыры» басымырақ болатыны ешкімге құпия емес. Жаңа жылмен бәсекелесіп, бәсі төмен түскен қайран ұлттық мереке. Қадіріңді сенің кім білген?..