Жастар рухының оянуы бір күннің құбылысы емес
Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырған жігіттердің бірі Құрманғазы Айтмұрзаев 1963 жылы Қарақалпақ АКСР-нің Ташауыз облысы Тельман ауданы Якуз-Яп ауылында туған. Кейін отбасымен Ақтөбе облысының Байғанин ауданына көшіп келіпті. Осы жерде өсіп-өніп, білім алған. Қазақ КСР Мемлекеттік Қауiпсiздiк комитетiнiң сол жылдардағы төрағасы В.Мирошниктің құжаттарында Қ.Айтмұрзаевтың «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешіміне наразылық білдіріп, өзінің курстастарын, студенттерді, жастарды Л.Брежнев атындағы алаңға алып шығуға үгіттегені» туралы жазылған.
– Мен ол кезде Алматыдағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтында оқып жүрген едім. Әдеттегідей бірге оқитын досым Нұрмахан Байкөбеков екеуміз пәтерде тұратын жолдасымыз Еркін Желдібаевтың үйіне келдік. Ойымызда ештеңе жоқ. Кенет теледидардан әлгі жаңалықты естідік. Бұл хабар басымнан шоқпармен ұрып қалғандай әсер етті. Неге біз өз тағдырымызды өзіміз шеше алмаймыз, неге біздің елді басқа жақтан келген адам басқаруы керек, неге бізді басқалар жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстауы керек деген ойлар теңселтіп жіберді. Жатақханаға кетуге асықтым. Жатақханаға келе сала бірге оқитын жолдасым Үсіпхан Сейтімбетовке келіп, бар ойымды айттым. Жастармен кездесу керектігін тілге тиек еттім. Сөйтіп, Қазақ ұлттық университетінің жатақханаларына барып, студенттермен кездестік. Елдігімізді, ұлт екенімізді көрсетуіміз керек, үнсіз қалуға болмайды, қазір бейбіт шеруге шығуға тиіспіз дестік. Ондағы студенттер де не істерлерін білмей отыр екен, біздің сөзімізге бірден келісті. Сөйтіп, жатақханаға қайттық. Қайтып келе жатсақ, бірге оқитын Бақтыбек Иманқожаев, Аманбай Қанетовтер біздің бастамамызды естіп, тізе қосуға ниет етіп шығып келе жатқанын айтты. Енді төртеуміз шығып, сол маңдағы шет тілдер институты, медициналық институт, политехникалық институт, малдәрігерлік институты секілді бірнеше оқу орындарының жатақханаларын жаяу аралап, студенттермен, Киров зауытының жұмысшыларымен кездесіп, таңертең бейбіт шеруге шығуымыз керектігін айттық және бірауыздан соған келістік. Қайда барсақ та, жастар жігерленіп отыр екен.
– Таңертең алаңға шамамен қанша адам алып шықтыңыздар?
– Таңертең барлық студенттерді ертерек оятып, жатақхананың алдына сапқа тұрғыздық. Шамамен 200-дей студент шықты. Барлығымыз бір адамдай сол кездегі Брежнев алаңына тарттық. Келсек, бұл жерде де жүздеген жастар тұр екен. Милициялар да келіп жетіпті. Алаңға келіп, өз талаптарымызды айта бастадық. Пленум шешімінің күші жойылып, басшылыққа өз елімізде тұратын адам сайлансын дедік. Жан-жақтан лек-легімен жастар ағылып келіп жатты. Орталық комитеттің өкілдері ортамызға келіп: «Сіздердің талаптарыңызды алдық, енді бұл жерден кетіңдер, тараңдар!» — деді. Біз талабымыздың жауабын естімей кетпейтінімізді айттық. Жастардың санын көбейту мақсатында Фурманов, Абай, қазіргі Достық көшелерінің бойымен өтіп, оқу орындарының алдына барып ұрандатып, Жазушылар одағының алдында іркілдік.
Содан соң алаңға келіп, тағы да манағы өз талаптарымызды қайталап айта бастадық. Сол жерде тұрып петиция жазып, Үкіметтің адамдарына ұстаттық. Түстен кейін милицияның жастарды ұрып соғуы, арандатушылықтар басталды. Бейбіт шеруге шыққан біз іс насырға шаба ма деп қорқып, жастарға барынша түсіндіруге тырыстық. Егер бұл шерудің арты қырғынға ұшырайтын болса, жаман болатынын, өзіміз қиналатынымызды айттық. Бірақ оған тоқтаған ешкім болмады. Нөпірге кедергі болуға ешкімнің әлі келмеді. Рухани толқынды тоқтату мүмкін болмады. Кешқұрым қырғын басталды. Бұл қырғын талай айтылып жүр, сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын.
– Желтоқсан көтерілісіне қатысты «Қара «Волгамен» біреулер жүріпті, солар жастарды үгіттепті» деген әңгімелер жиі айтылады...
– Біз оны ойдан шығардық. Себебі бізге өз-өзімізді қорғау қажет болды. 17 желтоқсан күні кешке әбден сілеміз қатып, жатақханаға келдік, алдымызда қиын күндер күтіп тұрғанын түсінген біз енді не істейтінімізді ойладық. Сөйттік те, енді өз-өзімізді қалай қорғаймыз, ертеңгі күні тергеу-тексеруде не айтамыз — соны кеңестік. Өз-өзімізді барынша қорғау үшін ойдан оқиғалар құрастырдық. «Жатақханаға қара «Волгаға» мінген басында бас киімі, жағалы пәлтесі бар сақалды кісі келіп, бізді үгіттеді» деп айтуға келісіп, қағазға сол кісінің суретін салып, бір ауыздан осыны айтамыз деп шештік. Себебі бізге өзімізді қорғау керек болды. «Бір қара «Волга» жүріпті» деген әңгіме күні кешеге дейін айтылып жүрді.
Желтоқсанның жиырмасы күні бізді тергеуге шақыра бастады. Біздің, төрт жігіттің — менің, Бақтыбек Иманқожаев, Үсіпхан Сейтімбетов, Аманбай Қанетовтердің жатақханаларды аралап жүргенімізді біліп, ұйымдастырушылар ретінде ұстады. Тергеу ұзақ уақытқа созылды. Ақыры қара «Волга» туралы өтірігімізді мойындап, бар шындықты айтуға тура келді. Тергеуден соң сот басталды. Сот отырысы болып жатқанда менің үлкен ұлым дүниеге келді. Қорғаушым жүгіріп келіп: «Құрманғазы, ұлды болдың!» деп құттықтағанда барлық қиындықты бір сәтке ұмытып кеткендей болдым. Сот залында тұрып темір тордың ар жағында дүниеден озсам, артымда ізім қалатын болды деп Аллаға тәубе айттым. Әкем сәбиіме Ақниет деп ат қойды. Сот мені төрт жылға бас бостандығымнан айыру туралы үкім шығарды.
1988-89 жылдары Мәскеу де өзінің құрығын артық сермеп жібергенін білген болуы керек, шартты жазаға тартылғандарды босатып, ұзақ мерзімге қамалғандарды химия өнеркәсібіне жұмысқа шығара бастады. Алланың құдіретімен, ағалардың қолдауымен мен де сол түрменің маңындағы зауытқа жұмысқа шықтым. Ол кезде кішкентайымыз сегіз айлық болатын. Жолдасым Алма Ашықбаева баланы емшектен шығарып, әке-шешеме тастап, менің қасыма келді. Жолдасым келгесін комендатура басшылығына жолығып, әйелім екеумізге пәтерге шығуға рұқсат берді. Жолдасым да зауытқа жұмысқа тұрды. Сөйтіп жүргенде Потьмада екінші баламыз өмірге келді. Оның атын барлық жамандықтан ары тұрсын, арлы бала болсын деп Арытұр деп қойдым.
1989 жылдың күзінде мені босату туралы шешім жазылған қағаз келіпті, алайда түрмеден 1990 жылдың қаңтарында ғана шықтым. Ақтөбеге, үйге келдік. Той болды. Ағайын-туыспен аманшылықта кездескенімізге шүкіршілік айттық...
Р.S.
2006 жылы Желтоқсан көтерілісіне 20 жыл толған уақытта Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Мәмбет Қойгелдиев бастаған ағаларымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазып, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан бірқатар жастарды Халық Қаһарманы атағына ұсынды. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабыр Мұхамеджанов сынды жастарға қайтыс болғаннан кейін, қалғандарына көзі тірі кезінде осы атақты беру туралы ұсыныс жазылған. Оның арасында кейіпкеріміз Құрманғазы Айтмұрзаев та бар. «Біз осындай жігіттерімізді, батырларымызды жастар арасында насихаттауымыз керек, жастарымыз осындай ағаларымыздың бар екенін білуі керек. Әрине, мәселе бір адамды насихаттаумен шектелмейді, біздің мақсат — тарихты жаңаша зерделеу тұрғысында әлі де болса нақты саяси, құқықтық бағасын ала алмай келе жатқан ұлт тарихында үлкен орны бар оқиғаларды рухани айналымға қосу. Қазір Құрманғазы Айтмұрзаев туралы деректі фильм түсіріп, деректі роман жазылып жатыр», — дейді «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген.