Төртінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр – Андрей Илларионов. (Жалғасы)

 Төртінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр – Андрей Илларионов. (Жалғасы)

Кеше «Алаш айнасы» басылымы НАТО Парламенті қабырғасында елді елең еткізген РФ президенті Владимир Путиннің бұрынғы экономикалық кеңесшісі, қазір Америкада тұратын Андрей Иллиароновтың баяндамасы мәтінінің бір бөлігін ұсынған еді. Онда Украинадағы соғыстың шынайы бет-бейнесін әшкерелеген он пункт беріледі. Алдында орыс пен украиннан Төртінші дүниежүзілік соғысқа ұласып бара жатқан осы соғыстың жоспарын қамтыған бес бөлігін жариялағанбыз, ал бүгін соңғы бес бөлігінен тағы қаныға отырыңыздар...
НАТО Парламенті ассамблеясының Экономика және қауіпсіздік комитеті отырысындағы баяндамасынан, Вильнюс, 2014 жылдың 31 мамыры
Бесінші пункт Украинаға тікелей қатысты. Әрине, бұл қазір толықтай талқылау мүмкін емес ауқымды тақырып. Бірақ КСРО ыдырап, тәуелсіздік жарияланғаннан бергі жиырмадан астам жылғы Украинада болған маңызды процестерді баса атай өткім келеді. Бұл - елдің біртіндеп, алайда жылдам саясилануы процесі. Кейде ол украинизация формасын қабылдаса, алайда шын мәнісінде Украина территориясының басым бөлігінде батыс институттары кеңінен тарады, Украина тұрғындарының көп бөлігі де еуропалық тәртіп моделіне көшіп жатты.
1991 жылғы сайлауда батыстық бағыттағы, батыс құндылықтарын ұстанатын, батысшыл саясаткерлер Украинаның 25 облысының үшеуінен ғана қолдау тапты. Батысқа бет бұрған аймақтар мен посткеңестік облыстар шекарасы Украинаның солтүстік батысы мен оңтүстік шығысы боп бөлінді. 2000 жылдары бұл процесті жылдамдатқандар болды, мемлекет үнемі екіге бөлініп, біреуі батысшыл күш - «қызыл сарыға», ал келесісі Украинадағы посткеңестік күш «ақ-көк түстілер коалициясына» дауыс беріп жатқандай көрінді. Нақтысында бұл олай емес еді. Шынтуайтында, батыс құндылықтарына мемлекеттік жүйенің икемделу процесі жалғасып жатты, әсіресе Ющенко мен Януковичтің кезінде. 2013 жылдың жазындаУкраинадағы батысшыл, Еуропаға бағыт алған күштің ашық қолдауы еуразиялық күш деп аталатындардан басым түсті. Сөйтіп Украина посткеңестік, шығысқа бағыт алған еуразиялық империялық ықпалынан шығып бара жатқанын түсінген Путин өзінің Украинаға қарсы соғысын бастап кетті.
Алтыншы пункт ресей-украин соғысының тарихы мен идеологиялық негізін қамтиды. Бұл соғыс аяқ астынан, қапелімде орын алған жоқ. Ол күтпеген жайт емес, «Путинді украин ісіне араласуға ешкім итермелеген жоқ» дейді кейбіреулер, керісінше, оны Қырымды басып алуға ешкім «мәжбүрлеген» жоқ. Бұл соғыс бірнеше жыл бойына алдын ала әбден жоспарланып, дайындалды. Ол үшін бірнеше маңызды кезеңдер игерілді, қажеттілерін атай отырайын.
1999-жылдары Ресей билігін төңкеріп, ақыры 2000 жылдары биік шыңына (абсолютті билікке) жеткен КГБ/ФСБ офицерлерінің корпорациясы Украинаны ешқашан тәуелсіз, өз алдына бөлек мемлекет ретінде қарастырған емес.
1999 жылдың 25 наурызында Борисполь-Золотоноша тас жолында диссидент, кеңес заманынан құқық қорғаушы боп келген, Рух халықтық қозғалысының көшбасшысы әрі 1999 жылғы Украинадағы сайлауда президенттіктен үміткер Вячеслав Черновил көлік апатынан мерт болды. Бұл апат кездейсоқ болғандай сауатты ұйымдастырылды. Кейіннен Украина қауіпсіздік қызметінің тексеруі бұл операцияны жүзеге асыру үшін бірнеше ФСБ офицері осы жаққа арнайы жол тартқанын анықтаған.
Украинаға қарсы кең көлемді агрессияға дайындық 2003 жылдың жазынан бері байқалған. Ол кезде Путин Киевті «орыстар қаласының анасы» деп санамайтынын, бұл орын Ресей Федерациясынан тыс байырғы Киево-Печерская Лаврада екенін мәлімдеген.
Кейіннен Путин назарына (артынан оның жалған екені мәлім болды) 989 жылы князь Владимир Святославовичтің грек қаласы Херсонада (орысша - Корсунь, қазіргі Севастополь қаласы маңында орналасқан) шоқынғандығы туралы аңыз ұсынылады. Осылайша Ресейге тиесілі, Русь Православ шіркеуі екі қасиетті орын деп санайтын, атап айтқанда – Киев пен Херсонес – Ресейде болмай шықты, олар Украина территориясында екен. Мұндай бассыздыққа жол бермеу керек деп санаған Кремль қасиетті орындарды ресейлік бақылауға алудың жолын қарастыра бастайды.
2004 жылдың 5 қыркүйегінде Украина президенттігінен тағы бір үміткер Виктор Ющенко диоксиннен уланып, әрең дегенде аман қалады.
Украинаға қарсы насихат соғысы тәсілдеріне радикальдық құралдар келіп қосылды: Украинаның ресми тұлғалары мен шенеуніктері жаппай сатып алынды, сонымен қатар қастық әрекеттер ұйымдастырылды. Тікелей әскери араласуға 2004 жылдың аяғында жол берілді. Ол кезде Украинаның президенті Леонид Кучма өзінің 2 желтоқсандағы Владимир Путинмен Внуково-2 әуе-жайының ВИП залындағы кездесуінде Киевтегі шерушілерге қарсы күш қолданудан бас тартты, сол секілді 2004 жылғы 26 желтоқсандағы президент сайлауының үшінші кезеңінен кейінгі Виктор Ющенконың түбегейлі жеңісін жоққа шығарғысы келмеді.
Украинаға қарсы әскери компанияның бір нұсқасы ретінде Киевке таяу маңда ядролық қарудың қолдану мүмкіндігі айтылады. Бұл туралы мақала 2008 жылдың 21 сәуірінде «Русский журналда» «Операция «Механический апельсин» деген айдармен берілді.
Осыған дейінгі үш апта бұрын – 2008 жылдың 4 сәуірінде Бухарестегі НАТО саммитінде В.Путин кіші Дж.Бушқа «Украина – тіптен мемлекет те емес», Украина территориясының тең жартысы Ресейдің Украинаға тарту еткен «байырғы орыс жері» деп айтқан.
Одан кейінгі бес жыл барысында «Русь әлемі» деп аталатын тұжырымдама әзірленді. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, украиндықтар немесе беларустықтар деген ұлт жоқ. Украиндықтар, беларустар және орыстар – бұл орыс халқының субэтностары, сондықтан олар бір мемлекеттің шаңырағы астына бірігуі керек.
Бұл концепция 2013 жылдың 27 шілдесінде, Ұлы Рустің шоқына бастағанына 1025 жыл мерейтойын ресми тойлау барысында Киевте ашық жарияланды. Путиннің мәлімдемесін сөзбе-сөз келтіре кетейін: «Днепровск купелінде, Киевтің купелінде барлық Қасиетті Русь үшін таңдау жасалды. Бұл арада барлығымыз үшін таңдау жасалды. Осы территорияда өмір сүрген біздің ата-бабаларымыз біздің халқымыз үшін осы таңдауды жасады. «Біздің барша халық үшін» - мен осылай айтамын, әрине біз бүгінгі жайдан әбден қанықпыз, украин халқы бар, беларусь халқы бар және басқа да халықтар бар. Барлығымыз түп-тамырында бізді бірыңғай ұлт ететін ортақ рухани құндылықтары бар мұраға сыйластықпен қараймыз... ... осы арадан бастау алған Рустің батысы мен шығысының, тағы да қайталап айтайын, Киевтің және Днепровскі купелдерінің бірлігі туралы ой біздің халық өмір сүрген шығыста да, батыста да көрініс тауып отырған». Бұл сөзінде Путин алғаш рет Украинаға қатысты орыс тіліндегі «в» көмекші сөзінің орнына «на» (орыс тілінде «в» көмекші сөзі мемлекетке қатысты айтылады, ал «на» жәй территорияға қатысты пайдаланылады) сөзін қолданады. Осылайша көптеген жыл бойына «в Украине» деп келген Путин бұл арада «на Украине» дей келе, Украинаның егемендік мәртебесін мойындамайтынын білдіреді.
Екі күннен соң Ресейдің бас санитар дәрігері Г.Онищенко «Рошен» кондитерлік компаниясын айыптап, соның негізінде ресейлік үкімет Украинаға қарсы санитарлық, сауда-саттық және экономикалық соғысты бастап кеп жібереді.
Кейіннен, 2013 жылдың қарашасында бұл іс-қимылдар Януковичті Украинаның Еуропалық одақпен арадағы Қауымдастықтар туралы келісіміне қол қоюдан бас тартуға итермелеген дипломатиялық ықпал ету тетігіне айналады.
Әскери іс-қимыл, алдында атап өткенімдей, 20 ақпанда басталды. Бұл дата Ресей қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша орыс медалінің бір бетіне таңбаланған: «Қырымды қайтарып алғаны үшін. 2014 жылдың 20 ақпаны – 18 наурызы».
Жаңа идеологиялық концепция 2014 жылдың 17 сәуіріндегі Путиннің баспасөз мәслихатын өткізу барысында ары қарай өрістей түсті. Ресейдің тарихында алғаш рет (мұны айырықша атай кету керек, өйткені бұл тарихи оқиға) Путин орыс халқы «мықты генетикалық коды болғандықтан...өмір сүріп келеді. Осы ерекше гендік кодымыз... бүгінгі әлемдегі басты бәсекеге қабілетті артықшылығымыз... орыс адамы немесе кеңейтіп айтқанда, русь әлемінің адамы өзінен де жоғары моральдық маңызды жауапкершілігі бар екенін ойлайды. Сондықтан орыс адамы, русь әлемінің адамы өзінен гөрі, сүйіктісіне көбірек жатады...» Путиннің пікірінше,орыстың генетикалық кодының тағы бір артықшылығы ел алдында өлуге дайын болуы: «тек біздің халықта мынандай мақал-мәтел туындай алады: «На миру и смерть красна». Орыстың генетикалық коды туралы және отандастардың өмірін құрбандыққа шалуға болатындығы туралы бұл Путиннің екінші ашық мәлімдемесі. Алғаш рет ол 2012 жылдың 23 ақпанында Совет әскері және әскери-теңіз флоты күнінде, Лужниктегі сайлау алды шеруде Лермонтовтан былайша үзінді келтірген еді: «Умремте ж под Москвой, как наши братья умирали! И умереть мы обещали...».
2014 жылдың 17 сәуіріндегі баспасөз мәслихатынан соң ресейлік насихат машинасы жаңа деңгейге көтерілді, ал ондағы мықты деген насихатшылар басшылықпен айтылғандарды түсіндіруге жанталаса кірісті. Осындай насихатшылардың бірі Мамонтов мырза 29 сәуірде белең алған соғыс «Ресейдің қалған әлемге қарсы соғысы» боп табылады деп мәлімдеді. Сергей Кургинян (насихат соғысының тағы бір ардагері, ол 1991 жылғы тамыздағы мемлекеттік төңкерісті басқарған генерал, КГБ басшысы Крючковтың тікелей қол астында жұмыс істеген) бүгінгі соғыс Үшінші емес, Төртінші дүниежүзілік екенін, ал Үшінші дүниежүзілік 90-жылдары аяқталған Қырғи-қабақ соғыс болғанын түсіндіріп, мәлімдейді. Тағы бір насихатшы Сергей Марков 2014 жылдың 14 мамырындағы «Moscow Times-тағы» мақаласында Путин бастаған соғыстың мақсаты Батысты ыдырату боп табылатынын айтады. «Ресейдің дұшпаны англо-саксон әлемінің күлталқаны шығып, ал достық лебіздегі Континентальдық Еуропа Ресейдің одақтасы болуы керек» дейді ол.
Жетінші пункт. Путинмен жасалған қазіргі іс-шара үш деңгейде жүріп жатыр және оның үш түрлі мақсаты бар.
Бірінші деңгей - Украина. Украина путиндік болуы керек, не болмаса ол егемен әрі тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүрмеуі тиіс.
Екінші деңгей – «Русь әлемі» деп аталатын әлемді құру. Ресей мемлекеті шаңырағы астында Русь әлемі құрылуы керек, әлемге тармақталып ыдырап кеткен ірі ұлт – рустар қайтадан қосылуы тиіс. Бұл ұран – Екінші дүниежүзілік соғысқа Германияның дайындығы барысындағы, 1930-жылдарғы нацистік насихат ұрандарының нақпа-нақ көшірмесі іспетті. Тура осындай мағынаны Ұлы Сербияны құрар кезде Слободан Милошевич пайдаланған болатын. «Русь әлемі» деп аталатын әлемге халықтың төрт категориясы енеді:
біріншіден, этникалық орыстар, қайда тұратындығы маңызды емес;
екіншіден, барлық орыстілділер, ұлты маңызды емес;
үшіншіден, кезіндегі КСРО территориясында өмір сүрген барлық отандастар және олардың үрім-бұтағы;
төртіншіден, кезіндегі Ресей империясы территориясында тұрған барлық отандастар және олардың үрім-бұтағы.
«Русь әлемі» тұжырымдамасы – есерсоқ адамдардың ойлап тапқан қиялы емес. Ресейдің Мемлекеттік Думасы біраз уақыт бұрын шетелдегі отандастарын әскери тұрғыда қорғауға заңдық негіз беретін отандастар туралы заң қабылдады. Сондай-ақ Ресей шекарасынан тыс ресейлік әскерилерге іс-қимыл жасауға құқық беретін тағы бір заң қабылданды.
Үшінші деңгей Батысты көздеген соғыс боп табылады. Бұл арада Батыс одағын екіге бөлу мақсаты тұр. Тұжырымдамаға сәйкес, англо-саксон әлемі АҚШ-ты, Ұлыбританияны және «майдан шебіндегі мемлекеттерді» қамтиды. Соңғы термин Оңтүстік Африкадағы апартеидтермен күрес кезінен алынған болуы керек. «Майдан шебіндегі мемлекеттерге» Польша және Балтық жағалауындағы үш мемлекет жатады. Батыс одағының осы бөлігі ыдыратылуы тиіс. Ал қалған «Континентальдық Еуропа» путиндік Ресейге қатысты бейтарап позиция ұстануы тиіс немене оның одақтасы болса да болады.
Сегізінші пункт – осы бейшартты соғыстың мәнісі. Қазіргі соғыс қай жағынан алып қарасаңыз да соғыстың жаңа түрі пайда болғанын байқатады, әсіресе соғысты жүргізудің жаңа тәсілдері көп көрініс тауып жатыр, яғни ескі тәсілдер жаңа деңгейге көтерілген. Қазір осы құбылыстың анықтамасы ретінде гибридті соғыс, бейстандартты соғыс, бейшартты соғыс деген сынды түрлі термин пайдаланылып жүр. Мұндай соғыстың бір айырмасы бір уақытта барлық амал-айла мен технологиялар пайдаланыла береді, жұмсақ және қатаң күштер бірігіп қолданылады.
Осы айла-шарғылар мен технологиялар ішіндегі агрессор белгілі бір жетістікке жеткендерін атай кеткен жөн болар:
- барлау және контр-барлау;
- бүгінгі таңда ықпал ету күші ғаламат ақпараттық, ақпаратты бұрмалау беру және үгіт-насихат соғысы;
- киберсоғыс;
- арнайы бөлімдердің кеңінен қолданысы;
- үкіметтік емес акторларды (бизнес, ҮЕҰ, діни ұйымдар, қылмыс әлемі, жеке тұлғалар) кеңінен пайдалану;
- жолындағылардың көзін жоюшы іс-қимылдардың кеңінен тарауы;
- лаңкестердің тактикасын мейілінше ұтымды пайдалану (тірі қорған ретінде әйелдер мен балаларды пайдалану, азаматтық нысандарға әскермен шабуылдау);
- энергетикалық соғыс;
- сауда-саттық, санитарлық, қаржылық және басқа да тетіктерді пайдаланудағы экономикалық соғыс;
- шабуылдау нысанына айналған мемлекеттің әскери жетекшілерін, саясаткерлерін жаппай сатып алуға жол беретін сыбайлас жемқорлықты қоздырып отыру. Бұл ретте Украинаны мысалға алуға болады.
- Украинадағы, басқа да посткеңестік мемлекеттердегі, Батыстағы «бесінші колонна»;
- бөтен мемлекетте Путинді қолдайтын немесе Путин қолдаушы путиндік интернационал деп аталатын саяси партияларды, саясаткерлерді өрістету.
Бұл арада майдан шебі қай жерден қашан өтетіндігін дөп басып айту қиын, өйткені ол ақырындап жойылып отырады. Майдан сызығы кез келген мемлекеттің ішінен өтуі мүмкін. Бұл - бейшартты, Төртінші дүниежүзілік соғыстың жаңа қыры.
Тоғызыншы пункт – қарсыласу стратегиясының қажеттігі. Белең алған бейшартты соғысқа қалай жауап қату керек? Қарсыласу стратегиясын әзірлеп, оны құратын уақыт жетті. Мұндай стратегиясыз қандай да бір нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.
Бәрінен бұрын, соғыстың жүріп жатқанын дұрыс ұғынғанымыз жөн. Бұл қалжың да, қателік те емес, жаман түс те емес. Ол өздігінен бір жаққа барып жоғалып кетпейді. Бұл - соғыс. Кез келген соғыстағыдай мұнда жеңімпаз бен жеңіліс табушы болады.Осының қайсысын қалайсыздар, бұл Сіздердің өздеріңізге байланысты.
Екіншіден, бетпе-бет келген мәселенің табиғатын жақсы білуіміз керек, басқыншы Путин режимі қандай? Бұл режим ел ішінде де агрессивті – өз халқына да, шешен халқының ұлттық қозғалысына да, демократиялық оппозицияға да, бизнеске де аяушылық танытпайды. Ол елден жырақта да агрессивті – Грузияға қатысты, Украинаға қатысты, Балтық жағалауы елдеріне қатысты, басқа да мемлекеттерге қатысты. Өкінішке қарай, бұл режим соңғы кездері Украинадағы жеңісінен соң, халқының басым бөлігінің қолдауымен қатты нығайып алды. Осы жағынан алғанда, енді біз тек басқарушы режиммен ғана емес, сонымен қатар бүгінгі әлемдік тәртіпті сынап-мінеуші ресейлік қоғамның басым бөлігімен де істес болудамыз. Мұны дұрыс түсіну қажет.
Үшіншіден, Бірінші дүниежүзілік соғыстағы Вильсонның «Он төрт пункті», Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Атлант хартиясы, Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі Черчилдің Фултон мәлімдемесі және Трумэннің доктринасы сынды орташа және ұзақмерзімді стратегия әзірлеу қажеттігін түсінуіміз керек. Бұл ұзақмерзімді мақсатты көру үшін және жетістікке жетудің қажетті басты құралдарын білу үшін керек.
Төртіншіден, жіберген қателіктерді түсініп алу керек. Қазір мен ол туралы айтпаймын, егер осыған қатысты сауалдарыңыз болса, онда оған жауап беруге мен дайынмын.
Бесіншіден, қарсыласу стратегиясының орташа және ұзақмерзімді мақсаттары бойынша ортақ мәмілеге келу керек. Бұл арада құжат жобасын айтып отырмын. Қазіргі уақытта ол әзірленіп, талқыланып жатыр. Бұл бірінші қадам, бірақ соңғысы емесі анық.
Оныншы пункт. Қарсыласу стратегиясының бүге-шігесіне дейін тәмпіштеп айтып жатуға қазір мүмкіндік жоқ. Бірақ оның басты элементтерін атай кеткен дұрыс болар.
Бәрінен бұрын, соғыста жеңу үшін қолданыстағы әскери доктринаны бүгінгі боп жатқан оқиғаларға бейімдеусіз болмайтыны белгілі. «Жұмсақ» тәсілдердің әсер ету нәтижесі, әрине, қолпаштауға тұрарлық, бірақ ол өздігінен күштеу әсерлерін тоқтата алмайды. Көріп отырғанымыздай, «гибридті» деп аталатын жаңа соғыста дәстүрлі соғыстың шартты тәсілдері әскери іс-қимылда жеткілікті нәтиже бере алмай жатыр.
Екіншіден, қазіргі агрессиядағы мықты қарудың бірі - ақпараттық, ақпаратты бұрмалау беру және үгіт-насихат соғысы. Қазір бір мемлекеттің азаматы екінші бір мемлекеттің насихат соғысының құрбанына айналып жатқанын көріп отырмыз. Алғашқы құрбандар – Ресей халқының басым бөлігі, одан кейін Украина халқы, Батыс Еуропаны қосып алғандағы тағы басқа да мемлекеттер. Бұл салада қарсыласу – өте шетін мәселе,өйткені оған қарсы сөз бостандығы және ақпараттық азаттықты сақтай отырып, қандай да бір құралдарды пайдалану керектігін айту да қиын. Сондықтан осы бостандықтарды сақтай отырып, бүгіннің қауіпті қаруына айналған насихат соғысына қалқан болатын технологияны ойлап табу керек.
Халықаралық құқық саласында агрессияның жаңа түсініктемесін құру керек. Қазір 1974 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен агрессия термині қолданылып жүр. Жаңа заманда ол өзгерістер мен қосымша түсініктемелерді қажет етеді. 1939 жылы КСРО Финляндияға шабуылдағанда Ұлттар лигасы бұл жайтты қатты сынға алып, екі апта ішінде агрессорды Ұлттар лигасынан шығару туралы шешім қабылдаған. Қазіргі уақытта, 75 жыл өткеннен кейінгі кезеңде агрессор тәуелсіз мемлекеттерге екі рет шабуыл жасады, территорияларын басып алды, Қырымды аннекциялады, бірақ 75 жыл бұрынғыға ұқсас қарсы ешнәрсе қолданылған жоқ. Жаңа кезеңнің басқыншысымен не істеуге болады, мұны ойлану керек. Мұндай стратегияның құқықтық құжаты ретінде Еуропа шекараларының қол сұғылмауына кепілдік беретін Хельсинск акті-2 қолданылуы тиіс. Қатысушы тараптар, сонымен бірге ресейлік жетекшілер де – қазіргісі немесе болашақтағысы оған қол қоюы керек.
Саясат саласы. Демократиялық әлем теориясы демократиялық режим бір-бірімен соғыспайды деп нақтылайды. Халықаралық тәжірибе мұны толықтай дерлік растайды. Сондықтан бұл мәселенің стратегиялық шешімі – қанша уақытты алатындығына қарамастан Ресейді демократиялық мемлекетке айналдыру. Бұл – қазіргі дағдарысты жағдайдың жалғыз стратегиялық шешімі және орыс-украиннан басталған Төртінші дүниежүзілік соғысты аяқтаудың жалғыз тәсілі.
Осыған ұқсас мәселе Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде немістерде болған. Ресей ерте ме, кеш пе демократиялық ел болмай, әбден дайындалған, көп адамды құрбан ететін, көп қан төгілетін тағы бір жаңа соғыстардың басталып кетпейтіндігіне қазір ешкім кепілдік бере алмайтынын жадымызда ұстайық. Тек сол кезде ғана біз тұрақтылыққа, Еуропамен достығы берік, бүтінге айналған еркін де демократиялық әлемге қол жеткіземіз.
Назар қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста