Атырауда жалған вакцина паспортын жасаған медбике ұсталды
Атырауда жалған вакцина паспортын жасаған медбике ұсталды, деп хабарлайды Хабар 24.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтың айтуынша, қалалық емхананың бірінде заңсыз жолмен вакцина паспортын жасаған медбикенің ісі әшкереленген.
«Қазір өңірде жалған вакцина паспортын жасауға жол бермеу үшін барлық екпе бекетінде бейнебақылау камералары орнатылды. Медицина қызметкерлері түсіндіру жұмыстары жүргізді. Соған қарамастан, облыс әкімдігі және ішкі істер департаментімен бірлесіп жүргізілген рейдтік іс-шара кезінде медбикенің жалған вакцина паспортын жасағаны анықталды. Бұл – жемқорлық қана емес, халықтың денсаулығына қауіп төндірген әрекет», – дейді Қайсар Абдалиев.
Қазір кіші буын медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 140 мыңнан астам адам вакцина салдырған болатын.