Дәрі тамызғыштың зияны көп
Атырау облыстық ауруханасында «Жүрек-тамыр жүйесі аурулары бойынша медициналық көмектің сапасын арттыру» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл жерде сенсациялық мәлімдеме айтылды – отбасылық дәрігерлер дәрі тамызғышқа «соғыс» жариялады.
ТАМЫРҒА ШЕЛЕКТЕП ДӘРІ ТАМЫЗУ
Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті Дәмила НҰҒМАНОВА кіріспе сөзінде ТШО-ның қолдауымен «Атырау облысы тұрғындарында артериялық гипертензияны азайту және емдеу мүмкіндіктерін кеңейту» жобасының негізгі нәтижелері туралы қысқаша әңгімеледі. Жоба үйлестірушісі - Қауымдастықтың Павлодар филиалының директоры Людмила АСТАШКИНА. Бұл туралы біздің газетіміз бірнеше рет жазған болатын.
Қазан қаласының бас клиникалық фармакологы Альбина НИГМЕДЗЯНОВА «Инфузиялық терапия: асқынулар мен профилактика» тақырыбында баяндама жасады.
- Көптен дәрі тамызбадым немесе дәрі тамызатын уақыт келді дегенді өте жиі естимін. Егер пациент дәрігерге келіп, оған тамырына дәрі тамызуды тағайындамаса, ол ем тағайындалмады деп есептейді. Кеше, күндізгі стационар жанынан өтіп бара жатып, көрдім, бәрі кереуетте дәрі тамызуда.
Қазандық профессордың айтуынша, артық инфузиялық терапия (халық арасында капельница деп аталады) проблемасы тек Ресейге ғана емес, Қазақстанға да тән. Нигмедзянова дәрі тамызғышты шамадан тыс және тиімсіз қолданған кезде кісі өліміне әкелген клиникалық тәжірибедегі бірнеше жағдай туралы әңгімеледі.
Халықтың дәрі тамызғышқа сүйіспеншілігі түрлі асқынуларға әкеп соғады. Әсіресе қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын егде адамдар үшін өте қауіпті, деп есептейді А.Нигмедзянова.
- Егер науқаста созылмалы жүрек жетімсіздігі бар болса, оған сұйықтық құймай, керісінше одан сұйықтықты шығару керек. Егер жаңа туған сәбидің ағзасында сұйықтық 80 пайыз болса, егде жандарда 45 пайыз болады, қарттарда одан да аз. Салмағы бірдей екі пациентте, мәселен, 70 келі дейік, жасына байланысты сұйықтық құрамы түрлі болады. 40 жастағы адам тамырында 4 литр, 70 жастағы адамда – 2,5 литр болады. Егер екеуіне де 2 литрден тағайындаса, 40 жастағы адам үшін бұл тамырда айналатын қан көлемінің 50 пайызы, ал егде жан үшін 70 пайызы болады.
Дәрі салу жылдамдығы да үлкен маңызға ие.
- Біз препаратты салу жылдамдығына мониторинг жүргіздік. Ахуал: дәрігер науқасқа дәрі тамызуды тағайындайды. Медбике жұмысқа келеді, ол 15 тамырға дәрі тамызғыш қоюы керек және оның үш бағанасы бар делік. Ол сағат бірге дейін бәрін тамызып болып, жұмыс аяғының соңына дейін бәрін өңдеп, жинап, үйіне уақытында кетуі тиіс. Біздің жағдайда бірінші дәрі тамызғыш сағат 8.30-да қойылды, соңғысы сағат 13.10-да алынды. Дәрі тамызу жалдамдығы сағатына 600 мл. Мұндай жылдамдықпен 10 литрдей сұйықтық тамызуға болады. Тамырыңызға 10 литрлік шелекті құйған қалай болады? Егер жас адамға тез тамызса, бірақ оның жүрегі сорғы секілді тартып, бүйрегі жақсы сүзгіден өткізсе – дәретханаға барып, демін алып, тірі қалады, ал миокард инфарктісі, созылмалы жүрек жетімсіздігі, ісігі бар егде жанның жайы не болмақ? Елестетіп көріңіз, осындай ауру-сырқаулары бар пациентті 9-шы қабатқа жүгіріп шығуға мәжбүрлесе ше? Содан соң ол ауыр сырқаттанды, қарт адам еді деп айтады.
Науқасқа инфузиялық терапия тағайындау керек пе деген сұрақты үнемі қою керек. Егер ол қажет болса, салу жылдамдығын, құрамын, ілеспелі ауруларды ескеру керек.
Инфузиялық терапия кезіндегі асқынулар: гипертониялық криз, миокардтың жедел инфаркті, бүйрек тапшылығы, гипергидрадация, мидың, өкпенің ісінуі, мазасыздық, кома, лоқсу, құсу, шөлдеу.
- Клиникалық фармаколог болып 2002 жылдан бастап жұмыс істей бастадым. Осы жағдайлардың барлығы анықталғаннан кейін біз дәрі-дәрмектерді тиімді пайдалануға мәжбүр еткен кезде, бізде хирургиялық бөлімшеде миокард инфарктісі диагнозы бойынша кісі өлімі екі есеге азайды.
Қауымдастық президенті Д. Нұғманова:
- Егер кардиогенді, травматикалық, анафилактикалық шок болса, тамырға дәрі тамызған жөн. Қалған жағдайларда оны, егер адам сұйық іше алмаса, құрсақ қуысына операция жасалған болса, тағайындайды. Біздің Қауымдастық күндізгі стационарлар мен дәрі тамызғыштарға «соғыс» жариялады. Мен бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінде қанша айтсам да ештеңе өзгермей отыр.
«ДӘРІГЕР, МАҒАН СИСТЕМА ТАҒАЙЫНДАҢЫЗШЫ»
Өкінішке орай, А. Нигмедзянованың уақыты шектеулі болып, Ақтөбеге пойызға асықты. Ол жақта да баяндама жасау жоспарланған екен. Сондықтан сұрақтарды конференцияға қатысқан Қауымдастықтың Алматы филиалының директоры, Қазақ ұлттық медицина университетінің отбасылық медицина кафедрасының доценті Надежда НУРКИНАҒА (суретте) жолдадық.
- Біздің қазіргі естігеніміз жалпы практикаға қарама-қайшы. Біздің стационарларда тамырға дәрі тамызуға ұзын-сонар кезектерді байқаймыз. Бұдан қашып құтыла алмаймыз.- Мен бұл дұрыс емес деп есептеймін. Жалпы амбулаториялық жағдайда тамырға дәрі тамызбаған жөн. Тамырға дәрі тамызу – тек шұғыл көмек керек болғанда немесе ішке қабылдауға болмайтын сіңбейтін препараттар үшін ғана қажет. Ал қалған басқалары пероральді қабылдануы тиіс. Бұл жүйе бізде көптен бері, кеңес дәуірінен бері қалыптасқан. Алайда бізде емханаларда анафилактикалық шоктар жиі орын алады, біздер пациентті осы жағдайдан шығара алмай жататын кездеріміз көп болады. Ал адамдар үйреніп кеткен. Түсінесіз бе, егер дәрі тамызбаса оны емдемей жатыр деп есептейтін пациенттер бар. Стационарларда да егер маған дәрі тамызбасаңыз, онда нашар дәрігерсіз деп, олар бізден дәл солай талап етеді. Адамдарға жай ғана түсіндіру керек, ал дәрігерлерге оларға түсіндіргеннен гөрі тағайындау оңайырақ. Неліктен біз бүгін отбасылы медицина туралы айтамыз, өйткені отбасылық дәрігер – бұл пациентті көптеген жылдар бойына қарайтын, анағұрлым кең тараған ауруларды қарайтын дәрігер. Ал пациент белгілі бір ауруды қарайтын маманға барса, әр маман тек сол ауруды ғана көреді, ол адамды көрмейді. Нақты бір ауруды емдей бастайды. Әсіресе бізде невропатологқа барсаң, инъекциялық түрлерін қосқанда препараттарды көп тағайындайды. Гастроэнтерологта да солай, ол өз препараттарын тағайындайды. Нәтижесінде учаскелік дәрігерге жеткенше, ұзын-сонар тізім болады, қайсысы болатынын, қайсысы болмайтынын пациенттің өзі білмейді.
Бізге көптеген дамыған елдердегідей отбасылық медицинаны дамыту керек. Біздің дәрігерлеріміз үйреніп, пациенттермен сөйлесіп, түсіндірулері керек. Халықты да, дәрігерлерді де тәрбиелеу қажет.
- Көбінесе балалары қан қысымымен ауыратын ата-аналарын профилактика үшін ауруханаға жатқызады, сол жерде оларға сол тамырға дәрі тамызуды тағайындайды. Сөйтіп жақсарып қалғанын байқайды. Ал бүгін қазандық профессор осы препараттардың оң әсері дәлелденбегенін айтты.
- Бұл плацебо әсері.
- Ал оларға әдетте не тағайындайды?
- Бұл симптомдық терапия: физерітінділер, дәрумендер және т.б.
- Яғни, олар ешқандай нәтиже бермей ме?
- Олар плацебо әсерін береді. Егер адамға қарапайым глюкоза немесе бор беріп, мынау керемет таблетка, осы көмектеседі десе - өзін сендіру нәтижесінде ол жақсарып кеткендей көрінеді, іс жүзінде бұл бос әурешілік.
- Сонда егде адамға ешқандай дәрі тамызу қажет емес пе? Тіпті зиян ба?
- Әрине. Маған пациент келіп: сіздің келісіміңізсіз мені күндізгі стационарға жібермей отыр, мені жіберіңізші, өтінем деді. Оның қан қысымы жоғары – 160 та 100. Мен айтам, сіз күндізгі стационардан не істейсіз деп? Ол қысқы уақытқа дайындалам, мен әр күз сайын дәрі тамызам дейді. Мен оған сіздің қан қысымыңыз 160 та 100 деп түсіндіруге тырысамын. Неліктен қан қысымын айтып отырмын? Ол жерде онсыз да сұйықтық көп болады. Қазір сізге тағы жарты литр құйсақ, сізде сұйықтық көбейеді. Сіз ойлап қараңыз: егер әлдебір ыдысқа тағы жарты литр сұйықтық құйса, қысым көтеріледі ғой дедім. Ол маған қарады да ойланып қалды. Содан соң әйеліне: мен саған дәрі тамызғаннан кейін нашарлап қаламын деп қанша рет айттым деді. Бұл жерде тек пациенттің көзін жеткізе білу керек.
РЕЦЕПТ – ҚОЗҒАЛЫС ПЕН ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ
- Дәрі тамызғышты немен ауыстыруға болады?
- Салауатты өмір салтымен. Бізде адамдар аз қозғалады. Біріншіден, тамақтану – бізде ұннан жасалған тамақтар өте көп, тиісінше артық салмақты жандар да көп. Жыл сайын қан диабеті көбейіп келеді. Бұл жерде негізгісі – бұл қозғалыс пен бөліп-бөліп дұрыс тамақтану. Бастысы – артық ішіп-жемеу және көмірсу мөлшері көп болмау керек. Адам қозғалу үшін көмірсулардың барлығы жойылып кететіндей, қалыпты көлемдегі ең қарапайым тамақ болу керек.
- Қан қысымын қалай қалпына келтіруге болады?
- Қан қысымын қалпына келтіру үшін пероральді қабылданатын дәрі-дәрмек препараттар бар. Содан кейін егер толық адам салмағын ең болмағанда 5 келіге азайтса, оның систоликалық қысымы орташа алғанда 7-ден 9 мм сынап бағанасына төмендейді. Бұл ешқандай препараттарсыз. Ал диастоликалық қысым 3-тен 1,5 мм сынап бағанасына дейін төмендейді.
- Қазір қан қысымы төмендегенде не тағайындайды?
- Ол жерде препараттардың 5 негізгі тобы бар. Ол сырқат дамуының түрлі сатысына (патогенез) әсер етеді. Қазір былай қалыптасқан: егер артериялық гиперторния 160 та 100-ден жоғары болса, онда екі препаратты тағайындайды. Ал бір таблеткада екі препарат араласқан түрін күніне 1 мәрте қабылдайды. Тек бұл жерде адамның бұл уақытта тамақ ішпегені, мысалы, осы бүкіл сұйықтық кідірмес үшін тұзды орамжапырақты, қиярды, көп тәттіні жемеуі өте маңызды.
- Кейбір адамдар таблеткаларды шаймен немесе кофемен ішеді...
- Шай, кофе препараттарды байланыстырады, ол жерде таниндер болады. Таблеткаларды сумен ішкен абзал.
- Жақында біздің медицина туралы америкалық дәрігердің мақаласын оқыдым. Ол, атап айтқанда, біздің дәрігерлеріміз шимайға көп көңіл бөліп, пациентке аз уақыт бөледі деп жазған екен.
- Бұл американдық отбасылық дәрігер, ол біздің кафедрада жұмыс істейді. Иә, біздің дәрігерлер көп уақыттарын жазуға бөледі. Бұл біздің сорымыз. Бізде есеп беру, құжаттамалар өте көп. Ал қазір жаңа стандарттар енгізді, бәрін компьютерге енгізу керек. Дәрігерлер мен медбикелердің көпшілігі компьютерде жұмыс жасай алмайды, көбінесе желіде іркіліс болады. Нәтижесінде бұған көп уақыт жұмсалады. Дегенмен де, дәрігерлер әрбір анализді, әрбір келген пациентті, тіпті емхана ішіндегі әрбір жолдаманы компьютерге енгізуі керек.
- Бізде көп адам көршім немесе құрбым кеңес берді деп, өзін-өзі емдеумен айналысады.
- Бұл да үлкен проблема. Мәселен, кейбір препараттардың әсер ету механизмдері бірдей, бірақ әрбір фирма өз атауларымен сатады. Пациенттер оның іс жүзінде бірдей зат екенін білмейді, әсіресе, буындары ауыратын егде адамдар алуан түрлі препараттарды іше бастайды. Ал олар буындардағы ауруды басудан бөлек, артериялық қан қысымын көтереді. Түрлі ісінуге қарсы дәрмектер бүйрекке әсер етеді. Бұл да артериялық қысымды көтереді, асқазан-ішек жолдарына әсер етеді. Ал адам неге оны қабылдайды? Өйткені көршісі солай кеңес берген.
Тағы бір проблема. Бізде мүгедектік тағайындауға қатысты жағдай өте нашар. Адам гипертоник, инфаркт соққан немесе инсульт алған делік, бірақ ол биыл ауруханаға жатпаса, оған мүгедектікті ұзартпайды. Науқас оны ұзартпай қояды деп қорқады. Бұлар жасы зейнеткерлікке жетпеген, әсіресе 53-55 жастағы ер адамдар. Бітті, ол дәрісін қабылдауды тоқтатады. Өйткені қалай болғанда да ауруханаға жатуы керек қой. Нәтижесінде ауруханаға жатып, комиссиясынан өтеді, содан кейін оған дейінгі ахуалын қалпына келтіруге бола ма немесе халі одан сайын нашарлады ма, ол жағы белгісіз болып қалады.