Коронавируспен ауырғандар ұйқысыздыққа душар болуда
Коронавирус ұйқыны ұрлайды. Жарты жыл бұрын вирус жұқтырғандар әлі күнге дейін аурудың осындай зардабын шегуде. Індеттің ілмегіне іліккендердің 20 пайызы ұзақ уақытқа созылған ұйқысыздықпен күресіп жатыр, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Постковидтік синдром жас талғамайды екен. Мұндай ғылыми зерттеулерді қазақстандық дәрігерлер де растап отыр. Олар күнде де, түнде де көз ілдіре алмай жүргендердің көбейгенін айтады. Ұйқы қашудың себептері мен емі қандай? Тілшіміз Гүлбағда Қайратқызы біліп көрді.
21 күндік ем-дом шарасынан өтсе де, Төлеу Закарина толық қалпына келмегендей сезімде. 73 жастағы апа шілдеде коронавирусты жұқтырып алған. Көтерілген дене қызуын қалыпты санағанымен, 3 күннен соң, аурухана керуетіне, тыныс алу аппаратына таңылыпты. Қазір Төлеу апайдың асқазаны қыжылдайды, ұйқыдан да маза кеткен.
Төлеу Закарина: - Мынау телефонды түнімен қараймын. Интернетке кіремін, ананы-мынаны қараймын. Мүмкін сол ұйқысыздық шығар, әйтеуір білмеймін осы қараймын да жатамын ғой. Айтсам әлі жүрегім соғады. Осылай отырдым, кәдімгі мұрным бітеліп қалған сияқты. Ауа жоқ. Былай алған суымды іше алмайтындай халге жеттім.
Коронавирус та, постковидтік синдромдар да жас таңдамайды. 15 жастағы Данель індет елде жайылғалы үш рет ауырып шыққан. Әлсіздік, тамаққа тәбеті көп ашыла бермейді. Ал ұйқысыздықпен өрімдей қыз алысып, арпалысып шаршаған. Бармаған дәрігері, ішпеген дәрісі қалмапты.
Данель Исмагулова: - Күндіз немен айналысқанымды айтпай-ақ қояйын: физикалық белсенділікті арттырдым, кітап оқыдым. Мәжбүрледім. Дегенмен, не істесем де, менің миым тынықпады. Сағат таңғы төртте, бесте ұйықтап кетемін. Таңертең ұйықтағанымның арқасында сабағым нашарлап кетті. Әлі де дұрыс оқи алмай жүрмін. Шынын айтсам, соңғы уақытта көңіл-күйім мүлде жоқ.
Коронавируспен ауырған адамдардың өкпесі, бауыры, бүйрегі зақымдалатынын дәрігерлер айтып жүр. Енді онымен қоймай, жүйке жүйесінің сыр беруін де зерттеп, жар салуда. Ал жүйкенің шаршауы күнде де, түнде де көз ілдіре алмауға, стресске әкеледі. Бұрын-соңды болмаған мұндай асқынумен науқас 2 айдан аса күресуі мүмкін.
Алексей Пак, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігері: - Коронавирустық инфекция адам ағзасын жүйелі түрде зақымдайды. Көбі ойлайтындай, ауру тек өкпені ғана емес, орталық жүйке жүйесіне де қатты әсер етеді. Бұл дегеніңіз ұйқысыздыққа алып келеді. Індет жұқтырып, ұйқысыздық мазалайды деген науқастардың саны көбейді. Олар 1-2 айдың ішінде қалыпқа келеді.
Бүкіл әлемде белең алып жатқан ұйқының қашуы коронавируспен ауырған адамдардың 20 пайызынан табылған. Қазақстанда да осындай көрсеткіш болуы мүмкін екен. Алайда, ақ халаттылар ұйқысыздық індетке дейін де болды, сондықтан даурығудың қажеті жоқ деп отыр.
Лейла Дайырбаева, Неврология, эпилептология және оңалту ғылыми-клиникалық орталығының дәрігері, невролог: - Кейбір науқаста коронавируспен қатты ауырғанда ұйқысыздық пайда болуы мүмкін. Кейбір адамдар болса, айығып барып, оған шалдығып жатады. Сол үшін дәрігерлерден кеңес алған дұрыс. Өйткені, науқастың ұйқысының қашуы оның бұрынғы ауруларына байланысты болуы немесе оған вирустың әсері де тиюі әбден мүмкін. Ұйқысыздық вирусқа дейін болған ауру. Сондықтан қатты қаймықпау керек.
Ұйқысыздықты емдеу үшін алдымен дәрігерлер дәрісіз емделудің жолын ұсынады. Ол көңілге жайлы ән тыңдап, жылы ванна қабылдау. Кофе, шай, газдалған сусын, алкоголь ішпеу керек дейді. Ауыр тамақтан бас тартып, жатар алды таза ауада серуендесеңіз, жақсы ұйықтайсыз. Бастысы, қасымыздан бір елі қалдырмайтын смартфонға қарауды қойған жөн.
Бүгінде елордада Covid-19-ды жұқтырғандар үшін шетелдегідей постковидтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық кардиохирургия орталығының мамандары коронавирустан кейін пайда болған ауруларды зерттеп, талайды, емдейді де. Әзірге 60-тан аса қазақстандық ақылы негізде тексеріліп, кеңес алып, ем-домын алған екен. Орталық қызметтері туралы сұхбат беруден бас тартты. Алдағы уақытта «постковидтік синдром» жобасы тегін болған кезде, бәрін айтып бермекші.