"Ораза кезінде иммунитет әлсіремейді, қайта көтеріледі": Отандық дәрігерлер оразаның адам ағзасына әсері туралы айтып берді
Биыл пандемиямен тұспа-тұс келген қасиетті Рамазан айы да осы аптада аяқталады. Осыған байланысты биыл көпшілікте «Ораза ұстауға бола ма?», «Иммунитет одан сайын әлсіреп кетпей ме?» деген сұрақтар туа бастады. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі диетолог және гастроэнтеролог мамандарынан ораза ұстау адам ағзасына қалай әсер ететінін сұрап білді.
«Ораза ұстау қай кезде асқазанға зиян»: Диетолог және гастроэнтеролог жауап берді
Мөлдір Бекебайқызы, диетолог маманы:
Биылғы рамазан айының ерекшелігі – әлем жұртшылығын әбігерге салған пандемиямен тұспа-тұс келуі. Сондықтан, ішіп -жеуден бас тартып, ұзақ уақыт ашығуға кейбір адамдардың қорқып жатқан жайы бар. Негізі, қорқатын еш дәнеңе жоқ. Себебі, бұл індеттен де басқа қаншама жұқпалы вирустар бар. Бірақ, әрине сақтықта қорлық жоқ. Карантиннің талаптарын орындау керекпіз. Егер карантин уақытында жұқпалы дертке шалдыққан адам ораза тұтса әлсіреп, иммунитеті төмендеп, жұқпалы дерті асқыну қаупі байқалатын болса, уақытша ауыз бекітпеуге болады. Өз денсаулығына сенімді барша мұсылманға ораза ұстау парыз болып саналады.
Негізі, ораза кезінде адам ағзасы төрт түрлі тазалану кезеңінен өтеді. Алғашқы 1-3 күн аралығында қандағы қанттың деңгейі төмендеп, жүрек соғу бәсеңдеп, қан қысымы көтеріліп, бас ауырып, жүрек айнып, ауыздан жағымсыз иіс шығып, қатты қарын ашу болады. Бұл тазаланудың алғашқы белгісі.
3-7 күндері май қышқылы құрамындағы майлар ыдырап, бет майланып, ағза ашыған майлардан арыла бастайды. Осы кезеңде асқазан кішірейіп, өзін-өзі тазалап, емдеу процесі жүріп жатады. Өкпеміздің жағдайына келер болсақ, өкпе тұсымыз ауырсынуы мүмкін, дегенмен, тазалану органдары, өкпе жолдары ретке келіп, жаңаланып жатады.
8-15 күндері ағза ашығуға әбден үйреніп, сергек, жеңіл жүресіз. Иммунитет жүйесінің белсенділігі арта түседі. Айта берсе, оразаның адамға тигізер пайдасы өте зор. Иммунитет бұл айда түспейді, қайта көтеріледі, егер ас мәзірін дұрыс құра білсек.
Дінімізде жолаушыға еліне жеткенше, науқасқа сырқатынан жазылғанша, жүкті немесе емізуші әйелге, жаңа босанған әйелге, балиғат жасына толмаған балаларға, қарт адамға тұтпауға рұқсат етіледі. Асқазан жарасы бар, асқазан -ішек жолдарында ақауы бар адамға ұзақ ашығу жағдайын ауырлатуы мүмкін, сол себепті сауыққанша ұстамаған абзал. Егер, сырқатыңыз өте ауыр болса өз дәрігеріңізбен кеңескен абзал.
Жалпы ораза ұстаушының ас мәзірінде ақуыз, оның ішінде жұмсақ ақуыз, айран-сүт өнімдері болған дұрыс. Майсыз мал еті, тауық, құс еті, балық еті болған дұрыс. Балық еті мен тауық еті мал етіне қарағанда 45-60 мин ішінде жылдам қорытылады, сондықтан кешкі ауызашарда жесе ағзаға жеңіл, қорытылуы тез. Сонымен қатар, жемістер мен балғын көкөністер, дәндер, зәйтүн майларын пайдаланған дұрыс. Иммундық жүйені нығайту үшін, итмұрын тұнбасын немесе итмұрын шәйін, лимон, жалбыз қосылған шәйларды үй жағдайында дайындап ішкен дұрыс. Ауыз ашу кезінде ұзақ ашыққан адамға бірден майлы, ащы, қуырылған ауыр тамақтарды жемеген абзал.
Ең бірінші шөл қысқан адамға шөлі қанғанша бөлме температурасында 1-2 шыны шикі су ішкен жөн. Кешке дейінгі асқазандағы бөлінген қышқыл сөлді қанға сіңдіртпей сыртқа айдап шығарады әрі ішектеріңізді жуып шығасыз. Артынан 3-4 тал құрма жеген дұрыс. Құрма көмірсу болғандықтан, ағзаны глюкозамен нәрлендіріп, энергия ала бастайсыз. Ауыз бекіту кезінде және ауыз ашар уақытта тамақты бірден аптықпай, қомағайланбай, шақтап жеген абзал. "Кешке дейін аш жүретін болдым" деп тамақты артығымен тойып жеген дұрыс емес. Ол асқазанға ауыр, әрі салмақ қосып алуға болады. Кез-келген астың алдынан жарты сағат бұрын 300-400 мл су ішуге кеңес беремін.
Гүлмира Ерболқызы, гастроэнтеролог:
Ораза ұстаудың пандемияға еш әсері жоқ. Ораза ұстауға ниет етсе, әрине, ол дұрыс. Егер денсаулығында ешқандай кінәрат болмаса, әр адамның ауыз бекіткені жақсы. Өз дәрігері науқасқа оның ораза ұстауына бола ма, жоқ па алдын-ала айтып отыруы қажет. Ал ораза ұстап жүріп науқастың асқазаны ауырса, бірден дәрігерге барып қаралғаны жөн. Ары қарай ораза ұстауды жалғастыру қажет пе, жоқ па маман айтып бере алады. Ал жалпы ораза ұстаған адамның ас қорыту жүйесі, оның қосалқы жүйесі жақсы жұмыс істеп, ас қорыту мен сіңіруге барлық мүмкіндік ашылады. Бұл жүйелер көп адамда дұрыс жұмыс істейді.
Ораза кезінде жеңіл тағамдар жеуге кеңес беремін. Майлы, қуырылған, ауыр тамақтарды көп жемеген дұрыс. Ұннан жасалған тағамдар, ет және манты деген секілді тамақтарды жемеуге тырысу қажет. Ұн қосылған тағамдарды қысқарту керек. Жеңіл тамақ ішіңіздер деп айтқанымызбен, ол тағамда ақуыздардың болғаны дұрыс. Ұйықтар алдында көп тамақ жеуге болмайды. Ауыз ашқанда жақсылап тамақ ішіп, сәлден соң диеталық көже ішу керек. Содан кейін көбірек салат, ботқа тұтыныңздар.
Тамақ бүкіл асқорыту жүйесі бойынша қорытылады. Ең маңыздысы, ауыр тамақ ішпеу керек. Су көбірек ішкен дұрыс. Тамақ жегеннен кейін 30-40 минут жаяу жүру керек. Бұл адам денсаулығына өте маңызды. Фаст-фуд, тәтті, газдалған шырындардан бас тартқан жөн. Бұл тағамдар асқорыту жүйесіне өз әсерін тигізеді. Тағамды бірден өте көп мөлшерде тоя жеу, асқазанның жұмысын бәсеңдетеді. Немесе тойып ішіп, бірден ұйқыға жатса, ол асқазанның созылуына алып келеді. Бұл әдет нешетүрлі асқазан ауруларына шалдықтыруы мүмкін.
Дайындаған: Анар Дәукен