Отандық диетолог: Бірден антибиотик ішуге асықпаңыз, аурудан айығудың басқа жолдары бар
Арай Әміре - ҚР диетологтар ассосациясының президенті. Диетология саласында жұмыс істеп жүргеніне алты жыл болған. Ол - Қазақстандағы арықтау марафондарын елімізде алғаш рет өткізген ару. Украина, Германияға барып, білімін жетілдірген Арай бүгінде диетология саласында шәкірттерін дайындайды. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында маман иммунитет көтеру үшін қандай тағамдар тұтынып, дәрумендердің қай түрін пайдалану керектігі жайында айтты.
– Денсаулығы сыр берген, иммунитеті әлсіреген, тұмау, бронхитпен ауырып жатқандар қандай дәрумендер және тағамдар тұтынуы тиіс? Иммунитетті көтерудің қандай тиімді жолдарын ұсынасыз?
– Иммунитет бір-екі айдың ішінде емес, адам дүниеге келгеннен, ана жатырында жатқаннан бастап қалыптасады. Адамның денсаулығы мықты болу үшін бала кезден тамақтану тәртібіне көп мән беру керек. Қазіргі кезде әсіресе кішкентай балаларға чипсы, газдалған сусындар беруге болмайды. Балаларға жартылай фабрикат, тез даярланатын тағамдарды көп береді, солардың салдарынан есте сақтау қабілеті нашарлайды, иммунитет төмендейді. Үлкейкен кезде ондай иммунитетті қалыпты деңгейге көтеру қиындау болады.
Жалпы иммунитетті көтеру үшін дұрыс тамақтану керек екені белгілі. Бұл диета ұстау деген сөз емес, диета тек ауруханада жатқан кезде, асқазан-ішек жолдары, бауыр, бүйрек немесе басқа да ағза ауруларына байланысты жазылады. Диетаны 1-2 айдан артық ұстауға болмайды. Демек, диета - жеке адамның денсаулыққа байланысты тамақтану тәртібі.
Күнделікті тамақ рационында ақуыз - 45%, көмірсулар - 30%, май 15%-ды құрауы керек. Осындай қатынаста тамақтанатын болсақ, біздің ағзамыз мықты бола түседі, қажетті дәрумендерді аламыз. Сондай-ақ тамақтың жасалу тәртібіне қатты мән беру керек.
Қуырылған, ащы, өте тәтті тағамдарды шектеу керек. Тамақты қуырғанда оның құрамы өзгеретінін есте сақтаған жөн. Ал тамақты тазартылмаған маймен даярлаған дұрыс.
Қазіргі кезде тауар өндірушілер қант, тұз мөлшерін көп пайдаланады, ол тамақтың ұзақ сақталуын қамтамасыз етсе де, адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан 80 пайыз адамның аллергиясы бар.
Грипп кезінде вирус өкпеге түседі, мұндайда өкпеміз майланып тұруы қажет. Сондықтан жануарлар майынан қазы, қойдың майын күніне 5 граммнан пайдалану керек.
Тағы бір маңызды элемент - цинк, иммуноглобулинді көтеруге керемет әсерін тигізеді.
Сондықтан цинкті міндетті түрде тағамға қосымша қоспа ретінде пайдалану керек.
Зығыр майының да пайдасы зор. Бұл БАД-ты қосымша пайдаланамыз.
Омега 3, 6, 9 күнделікті рационға қосылуы тиіс.
Қазіргі деп жүрген тағамдардың құрамынаан дәрумендерді 100 пайыз ала алмаймыз, мейлі ол жеміс болсын, көкөніс болсын, сондай-ақ өндірісте тағамдар ұзақ сақталуы үшін оларға қоспалар қосады.
Етке келгенде, қойдың етін аптасына 1-2 рет түсте жеу керек, себебі кешке бұл ет түрі ауыр болады, негізінен жылқы және сиыр етімен тамақтанған жөн. Балық пен тауық еті диеталық етке жатады. Ал қойдың сорпасы иммунитетті көтереді.
– Ауырып жүргендер қандай диета ұстап, қалай тамақтануы керек? Оларда тәбет болмайды, осы жағдайда не істеуге болады?
– Температурасы көтеріліп ауырып жатқан адам болса, бірден антибиотик ішуге болмайды. Себебі антибиотиктер адам ағзасындағы вирусты өлтірмейді, сондықтан 72 сағатқа дейін адам өзінің иммунитетіне күш беру үшін майды, цинкті пайдаланып, сода қосылған судың буы, зімбір, лимонды қолданып ем-дом жасағаны дұрыс. Зімбір мен лимонды тосап сияқты жасап, шәйға салып ішсе, пайдасы мол.
Сұйықтықты көп ішу ағзадағы вирусты кіші дәрет арқылы немесе тер арқылы сыртқа шығарады. Осылай адам ауруға табиғи жолмен қарсы тұру керек. Ал егер үш күннен асып кетсе, 4-5 күнге жалғасса, температурасы 38-ден жоғары болса ғана дәрі-дәрмек пен антибиотик қолдануға болады. Оның өзі адамның денсаулығына байланысты дәрігер нұсқааулығымен болуы қажет. Себебі кейбір адамдарда жүрек, бауырдың аурулары, гипертония сияқты қосымша дерттер болуы мүмкін.
Одан кейінгі маңызды дәрумен - С дәрумені, оны біз қосымша қан-тамыр, бұлшық етке екпе арқылы ала аламыз. Одан бөлек, аскорбин қышқылы, аскорутин деген сияқты дәрілер бар.
С дәруменін үлкен адамға 1000 мг, ал кішкентай балаларға 400-500 мг қолданады, ол иммунитеттің жоғары болуына әсер етеді.
– 6-дан кейін тамақ ішкен дұрыс емес деп жатады, осыған не дейсіз?
– 6-дан кейін тамақ ішпеу керек деген ұғым дұрыс емес, себебі қазір адамдар бұрынғыдай сағат 10-да ұйықтап қалмайды. Қазір адамдар түнгі сағат 11-12-лерде ұйқыға кетеді, демек өмір сүру салты өзгеріп жатыр. Өткен ғасырларда адамдардар ерте ұйықтағандықтан, тамақты да ерте ішу керек болған. Жалпы ұйқыға дейін төрт сағат бұрын тамақтанған дұрыс. Мәселен, түнгі 12-де ұйықтайтын адамның соңғы тамақтану уақыты 8-де болса, бұл қалыпты боп есептеледі.
– Күніне неше литр су ішкен дұрыс және қандай су ішкен абзал. Тамақ ішкен кезде суды бірге қосып ішуге болмайды деген қаншалықты дұрыс пікір?
– Су әрбір адамның салмағына байланысты ішіледі. Яғни, 1 келіге 30 мл. Ол дегеніміз адам өзінің салмағын 30-ға көбейтеді: 50 келі салмақтағы адам болса, 1500 мл болады, демек оған бір жарым литр су ішу керек. Тұмау уақытында, жаз кезінде ол адамға екі жарым литрға дейін су ішуіне болады.
Ішкен суыңыздың тағамға ешқандай қатысы жоқ. Су асқазанға түскен кезде ол жерде ұзақ тұрмайды, ішек жолдарына кетеді, 200-250 млг сұйықтықты тамақпен бірге ішу ештеңе етпейді.
Шөптен жасалған сусындар, кисель, шәй болуы мүмкін.
– Жалпы адам күніне неше уақыт тамақ ішуі керек, таңғы ас қаншалықты маңызды?
– Кейбір адамдар күніне үш рет тамақтанып, өзін жақсы сезінеді. Ал егер адам көп тамақ жегісі келсе, күніне бес уақыт аз-аздан тамақтануына болады.
Таңғыс астың орны бөлек. Оны ішпеген адам түскі уақытта өте көп тамақ жеуі, оны өзі сезінбеуі мүмкін. Асқазан созылады, ол өзінің нормасынан көп тамақтанатын болады. Оның арты кейін гастритке, асқазандағы ойық жараларына алып келеді. Бұл адамның қанының бұзылуына, қоюлануына әкеледі. Сұйықтықты көп ішпеу, тамақты ретімен, жөнімен жемеуден түрлі аурулар туындайды. Дұрыс тамақтанбаған адам өз денсаулығын өзі құртады. Таңғы асқа кез-келген жақсы көретін тәттілерді, барлық тағамдарды жей беруге болады, себебі күні бойы олар қозғалыспен сыртқа шығып кетеді. Таңғы ас 8-де болса, 10-11-ге таман тіскебасар, 13:00-14:00 арасында түскі ас, 16:00-17:00 арасында екінші тіскебасар, 19:00-20:00-де кешкі ас ішуге болады.
– Сіздің тәжірибеңізде жеке методикаңыз бойынша арықтаған, салмақ тастағандар арасында жұлдыз, танымал адамдар болды ма? Біздің елде арықтағысы келетіндер қарасы көп пе?
– Менің тәжірибемде жұлдыздар, атақты әншілермен қарым-қатынас жасаған кездер көп болды. Көпшілігінің ұйқысы дұрыс болмай, мазасы кететін. Маған жеке консультацияға келетін адам болса, глюкоза, инсулин, кортизол, қалқанша безі, қан талдауын әкелген соң, соған байланысты кеңестер беріледі.
– Қазіргі уақытта халық арасында кең таралған БАД-тар қаншалықты пайдалы?
– БАД-тар неге қазір кең таралып жатыр? Бұрын адамдар етті отқа қақтап жей берген, қазір адам етті солай жейтін болса, асқазаны қорытпайды. Демек, адамның физиологиясы заманға сай өзгереді. Қазір міндетті түрде қосымша БАД қабылдау керек. Тамағымызда химиялық заттар көп болғандықтан, адамға қажетті дәрумендер жетпей жатады. Сол себепті адам ауырады. Дәрумендерді де анализге қарай ай сайын бір түрін қабылдау отыру қажет. Кешенді БАД тар жақсы әсер етпейді, жеке -жеке қабылдануы тиіс.
– Сізге көбіне қазақстандықтар қандай кеңестермен келеді, біздегі қазақтардағы басты проблема қандай?
– Қазақстандықтарда басты проблема - стресстің әсерінен дұрыс тамақтанбау. Адамдардың стресске көп шалдығатыны байқалады. Психологиялық тұрғыдағы проблемалардан тәттіні көп жеу, көп ұйықтау сияқты проблемалар туындайды, күндіз ұйықтап, түнде ұйықтамай, осыдан қиналып жүргендердің қарасы көп.
Түнде адамда соматотропин деген гормон бөлінеді. Ол барлық майларды ерітеді, мәселен, ұйықтап тұрған адам таңертең өлшенсе салмағы азайып қалады, бұл гормон адам бойына әсер етеді. Сағат 10-12-нің арасында мелатонин деген гормон бөлінеді, барлық ағзаның жұмысын реттеп, қалпына келтіретін гормон. Осы қағидаларды халық орындай бермейді.
Тиісті мөлшерде су ішу, ұйқы тәртібін сақтау, күніне 4-5 рет аз мөлшерде тамақтану, 10-15 минут тыныс алу гимнастикасымен немесе кез-келген спорт түрімен айналысу сияқты қағидаларды ұстану барлық адам үшін маңызды. Тіпті болмаса, күніне 10 мың қадам жүру қажет. Осы арқылы адамның иммунитеті күшейеді, артық салмақ мазаламайды, денсаулығы жақсы болады. Ал бұларға мән бермей, орындамау себебінен адамдар гормоналды проблемаларға тап болады: қан қоюлығы, асқазан, бүйрек аурулары, ұйқының дұрыс болмауы, қан құрамындағы холестериннің көбеюі және т.б.
Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА