Қатерлі дертті жеңіп шыққан Асылзат
Ол кісі 2000 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін аяқтаған соң Қызылорда облысына қарасты Бұланды ауданындағы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сосын аудан әкімдігіне іс жүргізуші-аудармашы қызметіне ауысады. Бес жылдан кейін Көкшетаудан шығатын «Бұқпа!» газетінде тілші, бас редактордың орынбасары, республикалық «Алаш үні» басылымында жауапты хатшылық лауазымдарды атқарады. 2007 жылы Астана қаласына қоныс аударып, «Мырза» ер-азаматтар газетінде жұмыс істеп, бас редактордың орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Оқырман көңілін өткір мақалалары, сезімге толы өлеңдерімен жаулаған Асылзат ақын «Кешір мені, Украина!», «Бесінші маусым» деп аталатын жыр жинақтарын жарыққа шығарады. Бұл жылдар бедерінде шығармашылық жетістіктерден бөлек, адал жар, аяулы ана атанып, келіндік міндетіне де үлгереді. Өмірге құштар, жан-жақты ізденуден жалықпайтын ол өзінің бірнеше жеке шығармашылық кешін де өткізіпті.
Ізденудің тағы бір қырын әшекей бұйымдарын жасауға аударған Асылзат бес жылдан бері осы кәсіптің тізгінін ұстап келеді екен. Астананың төрінен «Асылзаттың әшекейлері» атты дүкен ашып, ұлттық нақыштағы бренд алқа, сырға-жүзік, сәукелені өз қолымен оюлап, әспеттеп жасап шығаруда. Ол кісінің бұйымдарын бірқатар өнер жұлдыздары тағып, үнемі тапсырыс та береді екен. Тіпті әшекейлері Америка, Германия асып, сатып алуға ниеттілер шетелдерден табылып жатқанға да ұқсайды.
Сүйікті жұмысы бар, өзіне қымбат адамдары жанында, кәсібі дөңгеленіп жатқан іскер әйел бақытты сәттерді бастан кешіп жүреді. Бірақ бұл қуанышын денсаулығында табылған кінәрат шорт үзеді. Оған ми қатерлі ісігі диагнозы қойылыпты. Ауыр дертке шалдыққан көп адамдар секілді Асылзат алғашқыда сылқ түседі.
«Мен бәрінен баз кешіп, өзімді тастап жіберудің аз-ақ алдында тұрдым. Өмірді, өлеңді сүйетін көңілім аласарып қалды. Еңсем көтерілмей, ғұмырым осындай қысқа бола ма деп кейідім. Түрлі ойларға баттым, санаммен арпалыстым. Аурудан көру қабілетім нашарлап, әлсіздік бойымды биледі. Аяғымнан жүре алмай, тілім күрмеліп, сөйлеуден де қалдым. Төсекке таңылдым, шаштарым да түсе бастады. Сондай бір сәттерде ойымда арпалысқан дүниелерді айтып берейін.
Ең әуелі ақ пен қараның арпалысын көрсететін көріністер болушы еді ғой. Сахна ортасында – екі аяғынан жүре алмай қалған қыз. Ақ пен қараның арпалысы. Ақ: «Орныңнан тұр, сен жазатын өлең, атқарар жұмыс көп. Армандарыңды жүзеге асыр», – десе, Қара: «Қайдағы арман, осы отырғаның отырған. Мына арбаға мәңгілік таңылудан басқа жол жоқ!» – дейді. Қыздың жігері жасып, сұлық түсіп, денесін сүйретіп арбаға жақындап, енді ұстай бергенде, бір бозбала шығып: «Жоқ! Бұл саған тән емес! Сен мына әлемге керек емес шығарсың, бәлкім өлеңге де керегің жоқ шығар. Бірақ маған керексің!» – деп орнынан тұрғызып алады.
Сол бозбала – менің ұлым Елдос. Мені арбаға отырғызбай, сал боп қалған екі аяғымнан тұрғызған тұңғыш перзентім бойыма күш-қуат, жаныма жігер берді.
2015-2016 жылдар біз үшін өте ауыр өтті. Сол жылдары мен өз-өзіме мүлде ұқсамай кеттім. Мұны жанымдағы достарым да байқап, айта бастады. Кәдімгідей ауыр науқас адамның образынан шыға алмай қалғаным өз алдына, төсектен тұрғым келмейтін, селқос, бойкүйез, ашуланшақ, тымырайған адам кейпіндегі Асылзатты айналам да қабылдай алмай әлек болды. Өз-өзіме де ұнап жүрген жоқпын. Бұрын мұндай жағдайда ойымды түзеу арқылы тез оңалатын едім. Бұл жолы өзіме әлім келмеді. Тіпті сағатына 7000 теңге төлеп, психологқа да барып жүрдім. Сосын бар күш-жігерімді жинап, қалыпқа келудің жолдарын қарай бастадым.
Дәрігерлер кітап оқуға тыйым салған еді. Кітап оқымасам тынысым тарылады екен. Мен үшін оқуды тоқтату өмірді тоқтатумен бірдей. Қайтадан ой-өрісімді дамытып, көңіл көкжиегін кеңітетін кітаптардың тізімін жасап, оқуды қолға алдым. Егер мен әу баста дәрігердің айтқанын істеп қана жүретін болсам, қазіргі Асылзат болмас та едім. Олай болса, ары қарай да олардың тәртіптеріне бағына беру мағынасыз болар еді.
Ең әуелі өзім жақсы көретін американдық жазушы, психолог Луиза Хейдің кітаптарын ақтара бастадым. Ол – өзін тығырықтан шығарып, ой арқылы дерттен арылудың жолдарын ашып берген бірден-бір адам. Сонымен бірге бұл психолог – қатерлі жатыр ісігінен үш айда жазылып кеткен әйел. Кітаптағы әрбір сөзді санама сіңіріп, ондағы ұстанымдарды қайталадым.
Қайта-қайта тексерілу, аурухана табалдырығын тоздыру, ем-шаралар қабылдау секілді сәттерде өзімді түс көріп жатқан секілді сезінемін. Химия қабылдау қанша жерден қалжыратқанымен ауруды психологиялық тұрғыда жеңуге кірістім.
Осыдан соң Астанадан ата-енеміз тұратын Тереңөзек ауданы, Іңкәрдария ауылына көшіп келуге бекіндім. Бас қаладағы дүкенді жауып, денсаулығымды түзеп алған соң дүкенді Қызылордадан ашуды жоспарлап қойдым. Тілім дұрысталсын деп моторикаға мән бердім. Ол үшін моншақты тастармен көбірек жұмыс істеуге кірістім. Бұлай жасау ми қабілетін дамытуға да көп ықпал етті. Әрбір минутымды пайдалы іске жұмсадым, бос нәрселерге көңіл аудармадым. Табиғи дүниелерге, табиғатқа деген құлшынысым бұрынғы қалпыма келтірді. Ауылға келген соң таңғы алтыдан тұрып, жаттығулар жасадым, таза ауада сергуге уақыт арнадым. Кәсібімді қайта қолға алып, «Асылзаттың әшекейлері» өз өңірімнен бой көтерді.
Бірінші химиядан кейін: «Басыңыздағы ісік үлкейіп жатыр. Тексеріліп, отаға дайындалыңыз», – деді. Жанұшыра сараптамадан өтуге кірістім. Сөйтсем, аяғым ауыр екен. Дереу «УЗИ»-ге түсіп, оның қыз екенін біліп, басты ұмытып кеттім. Таңдау – қызымды дүниеге әкелу болды. Екі ұлдың анасы болғандықтан қыз аңсап жүргенмін.
Сараптама туралы ешкімге тіс жармадым. Айтсам, босанба деп айтатындардың көбейері сөзсіз еді. Сөйтіп, өмірге Нұрай есімді қызым келді.
Нұрай 6 айдан асқанда қайта әлсірей бастадым. Естен тану, мұрыннан қан кету деген сияқты белгілер біліне бастады. Өйтіп-бүйтіп, қызымды 1 жасқа толтырып, оны ата-әжесіне апардым. Өте қиын жағдайда онкологиялық ауруханада емделіп жүрген әр кезеңде мені білетін ел жұмыла көмектесіп, достарым мен тілеулестерімнің арқасында осы күнге жеттім.
Арада уақыт өтіп, тағы да аяғым ауыр екенін білдім. «Денсаулығыңды түзеп ал, химия алғанның салдарынан бұл бала мүгедек болып қалуы мүмкін», – деген сияқты қамқор сөздерге құлақ аспай, дүниеге тағы бір қызды алып келдім. Аллаға шүкір, қазір 4 айға толды.
Дүкендегі жұмысымыз қауырт. Әшекейлер жасау да өлең жазған секілді шабытты қажет етеді. Тігетін, жасайтын әшекейді ойымда қорытып аламын. Бірақ эскизін қағазға түсірмеймін. Тапсырыс берушінің жан-дүниесімен үндесетін түстер мен фурнитураларды таңдап аламын да, дереу іске кірісемін.
Біздің әшекейлер тек қана агат, малахит дейтін адам денсаулығына пайдалы минералды тастармен жасалынады. Оны Қытайдан тікелей алдырамыз. Әрбір бұйымдардың бренд, эксклюзив болғанын қалаймыз. Дәл қазір дүкеннің ауқымын үлкейту үшін әрекет жасаудамыз. Үлкен ұлым Елдос қай істе де жанымнан табылып, тыңғылықты тірлік атқаруда. Бала күнінен менің әшекей жасап отырғанымды көріп өскен ұлым дизайнерлік мамандықты таңдады. Оның қолынан шыққан туындылары өте сапалы, талғаммен жасалынады.
Қазір қиын күндер артта қалды. Өлеңім мен өнерім өмірімді сақтап, бүгінгі белестерге жеткізіп отыр. Менің дертті жеңіп, жаныма дауа тапқанымды естіген адамдар жиі хабарласа бастады. Өмір үшін күресуде қандай ұстанымда өмір сүргенімді білгісі, үйренгісі келді. Көп ойланып, семинарлар өткізуді жөн санадым. Осылай қатерлі ісіктің шырмауына іліккен науқастардың жеңіске жетуіне титтей де болса үлес қосқым келді. Әлеуметтік желідегі парақшамда да басымнан өткергендерімді жазып, көпке ой салып жүрген жайым бар», – дейді Асылзат Арыстанбек.
«Қырық шырақты» деген сөз нағыз күрескер Асылзаттай әйелдерге айтылса керек. Бойындағы өнері, сезімтал өлеңі оның батпандап келген дертінен мықты болды. Күш пен қайсарлықты ту етіп ұстанған кейіпкеріміздің семинар-тренингтер өткізіп жүргеніне қуандық. Өйткені ол кісінің айтары бар, өз басында көргені мен түйгені жетерлік.
Жүрегіңіз жүз жыл соқсын, еңбегіңіздің жемісін көріңіз, Асылзат ханым!
Д. ҚАЛЕН