СИЛИКОНДЫ «СҰЛУЛЫҚ»: ПЛАСТИКАЛЫҚ ОТАҒА ҚҰМАРТҚАНДАР НЕГЕ КӨБЕЙДІ?
«Сырық мойын, біз мұрын, Шіркін, тұздай көзіңіз... Сізге кім ғашық болмасын? Мәселен, біз өзіміз...». Мағжан ақын жырындағы бұл суреттеу қазіргі сәннің стандарттарын дөп басыпты. Ол заманда Жұмабаев өзі жырлаған сұлулыққа ине мен қайшының көмегімен жетуге болатынын білмеген болар. Осы ғасырда дүниеге келсе, бәлкім, ақындықтың ауылынан алыс жүрер ме еді, кім білсін?! Өйткені пластикалық ота көмегімен бетін тегістеп, ернін дүрдиткен, көзін үлкейтіп, төсін дөңгелеткен «хас» сұлулар ақынды мөлдір өлең жазуға шабыттандырады дегенге сену қиын.
Отадан оянбаған көп
Бүгінде сұлулық индустриясының асығы алшысынан түсіп тұр. «Мәңгі жас» болып қалуға құмар жандардың көбеюі арқасында бет әрлеушілер, косметологтар мен пластикалық хирургтардың айы оңынан туды. Ажарынан ақшасын аямайтындар бұрын тек шетел асып кететін болса, бүгінде отандық дәрігерлер де пластикалық отаның кез келген түрін жасай алатын дәрежеге жетті. Қазақстандық арулар арасында ең көп сұранысқа ие оталардың көшін блефаропластика мен омырау үлкейту операциялары бастап тұр, одан кейінгі тізімді smas-лифтинг пен липосакция жалғастырады. Пышаққа түсу оңай емес. Дегенмен хас сұлуға айналуды көздейтіндер одан да қорықпайды. Пластикалық хирургтар бет мүшелерін пышақпен кесіп әдіптейді. Ал тіндерді жалғап тұрған жасушаларға жазатайым пышақ тиіп кетсе, азабы ауыр болатыны бесенеден белгілі. Сұлулық үшін құрбандыққа баратындар дүрдиген ерін мен жасанды кірпік жапсыруға құмар. Кірпік жалғайтын желімнің химиялық құрамы аса зиянды, ағзаның ең нәзік мүшесі саналатын көзге тигізер қаупі тіптен орасан. Тері ішінде ісініп, жарылып кетсе, «оймақ» еріннің де тартқызар зардабы көп. Ең сорақысы, құдайдың бергенін түзеймін деп жанталасып жүріп ота үстелінде жан тапсыратындар көбейді. Мәселен, осы жылдың ақпанында Алматы облысының Қаскелең қаласында пластикалық ота жасатқан 59 жастағы әйел көз жұмды. Қаладағы ақылы медициналық орталықта бетінің терісін тарттырып, иек липосакциясын істемек болған Нәжия Мұртазина отадан кейін комаға түсіп, 11 күннен кейін қайтыс болды. Марқұмның қызы Эльвираның айтуынша, ота төрт сағатқа созылған. Ота аяқталған соң оған хирург хабарласып, анасының жағдайы нашар екенін жеткізген. Алып ұшып медициналық орталыққа жеткен Эльвира анасының комада жатқанын біледі. Нәжия Мұртазина көп ұзамай көз жұмған. Анасының өліміне дәрігерлерді кінәлаған Эльвира оған отадан кейін тиісті алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген деп есептейді. «Анама жүрек массажы жасалған. Себебі сараптамаға сәйкес, оның бесінші, алтыншы және жетінші қабырғасы сынған. Хирург тартып шығарса, реаниматолог жүрек соғуы үшін адреналин салған болу керек. Дәл сол сәтте жасанды тыныс алу аппараты болмаған. Құрылғы көрші ғимаратта болған. Оны алып келіп орнатқанша, ми жасушалары оттегі жетіспеуінен өліп қалған. Егер де оларда жансақтау бөлімі болып, қолдарында аппарат болғанда бұл жағдай орын алмас еді», – дейді марқұмның қызы. Сот-медициналық сараптамасы 59 жастағы әйелдің өліміне май эмболиясы себеп болғанын көрсетті. Эльвираның түсіндіруінше, май жасушаларының белгілі бір бөлігі өкпеге өтіп, анасы соның салдарынан тыныс ала алмаған. Жасанды тыныс алу аппаратын сол себепті қосыпты. Алайда тым кеш болған. Эльвираның сөзінше, анасына липосакцияны жасауға қайшы келетін бірқатар ауру болған. Нәжия Мұртазина созылмалы пиелонефритпен ауырған және үшінші дәрежелі артериалық гипертензия, семірудің екінші деңгейі, гипотериоз, қалқанша безі дерті, холецистэктомия (2018), микроинфаркт (2011) және стенокардия (2011-2018) болған. Соған қарамастан, оташы Н.Мұртазинаны ота үстеліне жатқызған. Анасының өлімінен кейін Эльвира полицияға жүгініп, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қызметіне салғырт қараған хирург Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлімі – «Медицина және фармацевтика қызметкерінің дұрыс орындалмаған кәсіби қызметінің нәтижесінде болған адам өлімі» бойынша айыпталды. Сондай-ақ өткен жылы екі бірдей арудың өліміне кінәлі болған атышулы хирург Дмитрий Писаревтің есімін де көпшілік ұмыта қоймаған болар. Оның қолынан көз жұмған алғашқы әйел – Дана Агамырданова оған артық майын алдырту үшін Украинадан арнайы келіп, ажал құшқан болатын. Сот хирургты тек екі жылдан соң кінәлі деп тапты. Десе де, істің ескіруіне байланысты артынша сот залынан босатып қоя берді. Темір тордан оңай құтылған хирург 2018 жылдың қазан айында тағы бір қыздың өліміне себепкер болды. «Эйр Астананың» 6 тілде сөйлейтін ең белді бортқызметкерінің бірі – Лаура Ізбасарова оташының алдына төсін тартқызу үшін келген. Сұлу бойжеткен пластикалық отадан кейін оянған жоқ. Лаура Ізбасарованың қазасынан соң сот дәрігерді лицензиясынан біржола айырған екен. Әрі тергеу аяқталғанша қаладан тысқары шығуына тыйым салыпты. Бірақ соттың сөзін пысқырмаған Писарев Шымкент асып, сүйікті ісін сонда жалғастырған. Тіпті Қырғыз Республикасына да барып ота жасап келген көрінеді. 10 ай бойы тайраңдаған дәрігерді тергеушілер жуырда Алматыға қайтарды. Темір тордан оңай құтылған хирургтың енді бұл жолы кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Лаура Ізбасарованың жақындары бойжеткеннің өліміне жекеменшік клиника да жауап беруі тиіс деп есептейді. Әзірге клиника жұмысын бәз баяғыдай жалғастыруда. Тек атауын ғана өзгертіп қойыпты.
Бақылаусыз нарық – жауапсыз маман
Тұтынушылар ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская косметологиялық қызмет көрсету саласын жабайы нарыққа теңейді. Өйткені ешқандай бақылау жоқ. Тіпті, сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда сұлулық салоны еш жауапкершілікке тартылмайды. Бар болғаны қызмет көрсеткен маман ғана заң алдында жауап береді. «Шағын бизнесті тексеруге жариялаған мораторийге байланысты құзырлы органдар бұл мекемелерді қадағалай алмай отыр. Оның соңы сапаның төмендеуіне әсер етеді. Түптеп келгенде бизнес бәсекеге қабілетсіз болып шығады», – деп қынжылады С.Романовская. Сұлулық индустриясында салғырттық көбейгенін ақ халаттылар да мойындайды. Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жыл басынан бері тұрғындардан косметологиялық қызмет сапасына қатысты 8 арыз түскен. Олардың арасында адам өліміне әкелген жағдай да бар. Қайғылы жағдай қаланың ортасында орналасқан клиникалардың бірінде болған. Бет терісін тартқызу операциясын жасатқан егде жастағы әйел үйіне келген соң көз жұмған.
«Пластикалық отаға әдеттегі шара деп қарап, тұтынушыға тиісті тексерулер жүргізілмеген. Оның созылмалы жүрек ауруы болса да, электрокардиограмма жасалмаған. Пациенттің денсаулық жағдайы ескерілмеген. Жүргізілген сараптама нәтижесінде осы жағдайлар пациенттің өліміне себеп болғаны анықталды», – дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова. Оның айтуынша, қызмет көрсету орындары заманауи құрылғылармен жабдықталса да, қарапайым қағидаларды ескермей жатады.
Сондай-ақ маман тұрғындардың жарнамаға тым сенгіштігіне алаңдаулы. «Қаланың қыз-келіншектері жарнама арқылы шетелден келген косметолог, пластикалық хурург мамандардың қабылдауына барады. Олардың тиісті құжаттары бар-жоғын ешкім тексеріп жатпайды. Мәселен, Алматыда Корея, Қытай, Үндістан елдерінен келген дәрігерлерге қатысты 10 факті анықталды. Олар сәйкестік сертификатынсыз жұмыс істеген. Үндістандық екі азамат 5 сағат наркозбен баланың құлағына ота жасаған. 15 мың долларға жасалған емнің нәтижесі болмаған соң анасы бізге хабарласты. Тексеру нәтижелерін тиісті органдарға тапсырдық», – дейді департамент басшысы.
Жасанды сұлулықтың құны қанша?
Пластикалық ота үстелінде қаза тапқандар жайлы деректің көбеюі сұлулықтың құпиясын пышақтан іздейтіндерге тежеу бола алар емес. Дене пішімін, түр-әлпетін өздері қалағандай өзгертуге асыққан сылқымдар мінсіз сұлулық үшін жанын беруге даяр. Өмірін қиюға дайын болса, ақшасын да аямайтыны түсінікті. Пластикалық хирургия және косметология клиникаларына қоңырау шалып, пластикалық отаның ең арзаны ерінге жасалатынын білдік. Оның бағасы 35 000 теңгеден басталады екен. Ал отандық қыз-келіншектер арасында ең танымал пластикалық ота – блефаропластиканың құны 80 мың теңгеден басталып, отаның күрделігіне байланысты 350 мыңға дейін жетеді. Орташа құны – 200-300 мың теңге аралығында. Қазақстандық сылқымдар құп көретін тағы бір ота – липосакция құны –100-350 мың теңге. Бетті жасарту оталарының бағасы 500 мыңнан басталып, 2 миллион теңгеге дейін жетеді. Құлақ қалқанының кем-кетігін түзету (отопластика) құны – 150 мың теңгеден басталады. Ал ринопластика жасату құны 150 мыңнан басталып, 1 миллионға жетіп жығылады. Маммопластика жасатуға 500 000-2 000 000 теңге қажет болса, іш майын алу (абдоминопластика) 500 мыңнан 1,3 млн теңгеге дейін барады. Бөксені өсіру 1 млн теңге тұрады. Әлемде пластикалық отаға жұмсалатын қаржының ең көбі Оңтүстік Корея қазынасына құйылады екен. Пластикалық отаның отаны саналатын бұл елдің қыз-келіншектері үшін бет-пішінін өзгерту қалыпты құбылыс саналады. Тіпті, баланың туған күніне ата-анасы ота жасатуға арналған сертификат сыйлайтын көрінеді. Толассыз сұраныстың дәлелі болса керек, Сеулдегі бір клиника айына 400, жылына 5 мыңға жуық ота жасаған. Қазақстанда сертификаты бар пластикалық хирургтардың жалпы саны 800 болса, бір ғана Сеул қаласында бұл салада 1 250 маман жұмыс істейді. Шекара асып, кореялық дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер арасында отандастарымыз бар. Саумалдан саулық іздеп шетелдіктер біздің елге келіп жатса, қазақстандықтар жат жұрттан жасанды сұлулық сатып алуда. Статистикаға жүгінер болсақ, Оңтүстік Кореяға барып, пішінін өзгерту үшін пышаққа түскен қазақстандықтардың саны соңғы жылдары 15 пайызға артқан. Бұл туралы елімізде өткен Эстетикалық медицина мамандарының конгресіне арнайы келген оңтүстіккореялық дәрігер Со Ман Гун айтқан болатын. Пластикалық ота клиникасына басшылық ететін дәрігердің сөзіне сүйенсек, олар көбіне Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бірақ соңғы жылдары ТМД елдерінен келушілер қатары едәуір көбейген. Әсіресе, пластикалық ота жасататын қазақстандықтар саны күрт артқан. «Ота жасатқандар нәтижеге қол жеткізген соң елдеріне оралады. Пациенттің таныстары өзгерісті көріп, қызығушылық таныта бастайды. Кім қатардан қалғысы келеді?! Бұл енді психологиялық тұрғыда қалыпты жағдай. Оның үстіне әйелдер қауымы сұлулық үшін бәріне барады. Сосын қаржысын жинап, сұлулықты сатып алады. Бүгінде пластикаға сұраныстың артуының себебі сол», – дейді оңтүстіккореялық маман. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы болса керек, сірә. Қолға қалам алғандағы мақсатымыз – біреудің «сұлулығына» сұқтанып, жұмсаған көк қағаздарын санау емес-ті. Ажарланамын деп ажал құшқандардың артқанына алаңбыз. Сол үрей бізді пластикалық отаның тек көлегей тұстарын көрсетуге итермелегені рас. Алайда қоғам үшін оның игілігі де көп екенін мойындауға тиіспіз. Дене бітімінде туа бітті кемістігі бар балаларға, түрлі апаттардан жарақат алған адамдарға үміт сыйлайтын да – пластикалық хирургия. Апаттардан зардап шегіп, бетінде, денесінде тыртық, дақ пен күйік іздері қалған жандарда пышаққа түскеннен басқа таңдау жоқ. Ал сіз бен біздің Алла берген он екі мүшеміз сау, шүкір. Жоққа қол созамын деп, барымыздан айырылып қалмайық...
Данияр Байбосынов, пластикалық хирург: Күніне 10 ота жасауға шамам келеді
– Әрбір отаның үлкен тәуекел екенін түсінген жөн. Пациент тәуекелге дене бітімін тіксе, дәрігер өз абыройын тігеді. Менің жұмысымды 5-6 жылдан бері әлеуметтік желі арқылы бақылап келе жатқан пациенттерім бар. Мен істеген ота нәтижелерін көріп, пікірлерді оқыған соң ғана алдыма келеді. Негізі күніне 8-10 ота жасауға шамам келеді. Бірақ бұл жұмыс сапасына әсер етуі мүмкін. Адам деген темір емес, шаршайды. Сондықтан мен күніне тек 3 отадан ғана жасаймын. Саны аз болса да, сапасы жоғары, пациенттерім де риза. Әр отаның алдында пациенттер арнайы келісімшартқа қол қояды. Егер ота нәтижесі пациенттің көңілінен шықпаса, біз кеткен олқылықты жөндейміз. Әркімнің ағзасы әртүрлі, сондықтан бар жауапкершілікті өз мойнымызға ала алмаймыз. Міндеттер де теңдей бөлінеді. Негізінен пациенттер айтқаныңды екі етпейді, дегенмен араларында нұсқаулықты орындамайтындары да бар. Олар үшін неге біз жауап беруіміз керек? Мысалы, кейбірі кір қолдарымен тіккен жіпті ұстайды. Айталық, блефаропластикадан соң бірден кітап оқуға болмайды. Бізде мынадай оқиға болған еді, отадан соң екінші күні пациент кітап оқып жатқанда, кітап бетіне түсіп кетіп, тігісі тарқап кеткен. Осындай қауіп-қатерден аулақ болу үшін дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындау керек.
Айнұр Әскербекқызы, экономист (өз өтінішімен есімі өзгертілді):
Ота жасатқан соң өмірім өзгерді – Бір жыл бұрын Алматыдағы жекеменшік клиникалардың біріне блефаропластика жасаттым. Құрбымның кеңесі бойынша таңдалған дәрігердің жұмысы көңілімнен шықты. Бұрын көзім өзіме ұнамайтын. Қабағыма ота жасап, қатпар салдырғалы бері бет-әлпетіме көңілім тола бастады. Бойымда сенімділік пайда болды. Көшеде кетіп бара жатқанда жігіттердің бұрыла қарайтынын аңғарып жүрмін. Бұған дейін өзгенің маған назар аударғанын аса байқамайтынмын. Көп адамның өмірін өзгертіп, арманына қол жеткізуге көмектескені үшін пластикалық хирургтарға тек алғыс айтуымыз керек. Бұрын елімізде мұндай оталар жасауға мүмкіндік болған жоқ. Тек байдың келіншектері ғана шетелге барып, бетін тарттырып, көзін үлкейтіп келетін. Қазір ақша болса, Алматыдан шықпай-ақ қалағаныңды жасатуға болады.