Шымкентте еркектік қуатын арттыратын шөп дәрі ішкен жігіт қайтыс болды
Шымкентте жас жігіттер еркектік қуатты арттыруға арналған шөп дәріні ішеміз деп уланып қалды. Олардың бірі қайтыс болса, тағы екі жігіт ауруханаға түскен деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Оқиға 2-ші ақпан күні болған.
Түскі үзіліс кезінде үш жігіттің бірі әкеліп ұсынған дәрінің дәмін көрмек болған азаматтың бірі ауруханаға жетпей жолда көз жұмған.
Қалған екі жігітті Шымкент қалалық токсикологиялық орталықтың дәрігерлері аман алып қалған.
Бұл фактіні Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады.
"Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде. Үш азаматтың нақты неден уланғанын анықтау мақсатында арнайы сараптамалар тағайындалды. Сараптамалар нәтижесінде процесуалды шешім қабылданатын болады", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.