Шынайы күйзеліске түсудің 6 белгісі - психолог
Көңіл-күйі болмаған көптеген адам өзін күйзеліске түстім деп ойлауы ғажап емес. Десе де шынайы күйзеліске түсу медициналық көмекті қажет етеді әрі оның айқын белгілері бар.
 
Психолог Ольга Коротина-Гессе 5-tv.ru сайтына берген сұхбатында күйзеліске түскен адамдарда қандай белгілер байқалатынын айтып берді.
 
"Күйзеліске түсу белгілерін анықтау үшін келесі белгілерге назар аудару қажет: біріншіден, сіз өзіңіздің көңіл-күйіңіздің төмендеп бара жатқанын байқай бастайсыз. Көңіл-күйсіз жүруге еш себеп болмаса да, сіздің көңіл-күйіңіз мүлде болмайды", - дейді Коротина- Гессе.
 
Оның пікірінше, алғашқы белгі көңіл-күйдің болмауы әрі үмітсіздік сезімінде болу. Мұндай сәттерде адам өзін бақытсыз сезіне бастайды және өмірді мағынасыз деп санайды
 
Әрі қарай, сарапшы зейін қоя білу қабілетіңізді қадағалауды ұсынады - егер ол азаятын болса, онда бұл күйзелістің екінші белгісі. Ұмытшақтық есте сақтау қабілетінің төмендеуінен емес, күйзелістен де болуы ғажап емес.
 
Сонымен қатар, депрессияға шалдыққандар көбіне бәріне өздерін кінәлайды. Кейде кінәні сезіну еш себепсіз болуы мүмкін. "Қажетсіздік" сезімі, "мен ешкімге керек емеспін, маған да ешкім керек емес. Жамылғының астына кіріп алып, ешкіммен сөйлеспей жата бергім келеді" дейтіндер де бар. Кейде өзіне қол салу туралы ойлар пайда болуы мүмкін", - деп қосты психолог.
 
Сондай-ақ, күйзеліске түскен адамдарда ұйқы нашар болуы мүмкін: науқас түнде ұйықтамауы, тым ерте немесе өте кеш оянуы мүмкін.
 
Одан бөлек, тамақтану тәртібіндегі өзгерістер де байқалуы мүмкін. Депрессияға түскен адамдар тым аз немесе шамадан тыс тамақтануға әдеттенеді.
 
Қозғалыстың баяу болуы да - күйзелістің бір белгісі.
 
Коротинаның пікірінше, бұл күй ішкі күш пен қуаттың жетіспеушілігімен сипатталады.
 
Маман мұндай белгілерді байқап жүрген жандарға дәрігерге қаралу артық етпейтінін алға тартты.