Ауғанстан Орталық Азияның мәңгілік мәселесі ме?

Ауғанстан Орталық Азияның мәңгілік мәселесі ме?

Бұрыш айналған сайын – бір «Хаммер». «Хаммер» болғанда да, соның құрыш құрсанған түрі. Құрыш құрсанбасаң, құрисың. Қызық болғанда, Қазақстан Мемлекеттік хатшысы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мінген көлік бастатқан эскорт-керуен екіге бөлініп қалды. Жол ережесінің елесі де жоқ елде министр мінген көлік бір жаққа, тілшілер мінген микроавтобус бір жаққа кетсін. Микроавтобуста елшілік қызметкері жүргізушіге ағылшын тілінде сөйлегенімен, тізгін ұстаған ауғандық оны түсінетіндей болмады...

Бұл қараша айындағы Қазақстан делегациясының Кабулға сапарынан көрініс еді. Сол сапарда еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығын атқаруы кезінде осы ұйымға мүше мемлекеттердің Астанадағы саммитін өткізуі жайында айтылып, келісім бойынша Қазақстан 50 млн доллар бөліп, 1000 ауған студентін оқытып беретін болды.

Біріншіден, ауған түйткілі – Орталық Азияның мәңгілік мәселесі. Өйткені осы аймақта отаршылдар ойынға араласқаннан кейін ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Орталық Азия елдерінің табиғи дамуы тоқтатылды да, бірі кенже қалып, бірі ілгерілеп кетті. Тиісінше, бұл бүгінгідей ірі айырмашылыққа бастап әкелді. Сондықтан Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын атқарсын-атқармасын, бәрібір осы мәселемен айналыспай тұра алмақ емес. Іргелес елдердің амандығы Қазақстанның да қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Бұрын бұл қауіпсіздікті Кеңес Одағы қамтамасыз етті. Бүгінде Ауғанстанға қарайтын Бағлан мен Құндыз Хан Кененің тұсына дейін қазақтың құда түсіп баратын жері болған. Кенесарының тұсында ауған жеріне ағылшындардың ентелеуі, ақ патшаның Алаш аймағына дендеуінен кейін дүниені дүркін-дүркін бөліске салған батыс әлемі ХХІ ғасырға дейін ауғандықтарды бағындыра алмады. Ал НАТО әскері Кабулға кіргелі 10 жылдай уақыт өтсе де, бұл елде тыныштық атымен жоқ. Тек ауылында «хан» аталатын жергілікті әкімдер ғана ауыл арасының амандығын қамтамасыз еткен болып отыр. «Хандар» тәліптер кезінде де осылай өмір сүрген, қазір де сол аяңынан айныған жоқ. Осы аралықта елдегі есірткі өндірісі 40 еседен астамға ұлғайып кеткен. Ал ауған есірткісін тасымалдаудың солтүстік бағыты Орталық Азия арқылы өтеді. Бұл бағыт Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қалыптасты. Көрші елдердегі ахуал осы бір есірткі жолының ашылуына себеп болды. Қазір ауғандықтар кезінде сол Кеңес Одағы атқарған шараларды елжірей еске алатын болған. Өйткені батыс елдері осы елде тек қана әскери әрекетпен айналысса, Одақ азды-көпті ағарту мен денсаулық саласына да мән берген болатын. Міне, осындай жағдайда Қазақстанның Ауғанстанда аурухана, мектеп құрылыстарына атсалысуы және ауған студенттерін оқытуы – ұтымды шара. Ал Ауғанстанға көрші елдер БҰҰ аясында ауған босқындарын миллиондап қабылдап отыр. Тиісінше, осы елдер ауғандықтарды босқын ретінде оқытып та жатыр. Бұл босқындар Отанына оралғанда билікке, саясатқа араласып, өздері оқыған елдердің ықпалын жүргізуге тырысуда. Қазірдің өзінде Кабулдағы мемлекеттік мекемелер дәлізінде дари және пушту тілдерінде сөйлегенде ирандық, пәкістандық диалектіде сайрайтындар көп. Мұның жанында Қазақстанның талпынысы – теңіздегі тамшыдай ғана әрекет. Қазақстан осы ретте өзі мүшесі болып табылатын ұйымдардың назарын осыған аударып, жұмылдыру рөлін атқара алады. ЕҚЫҰ-дан кейін Қазақстан Ислам конференциясы ұйымының (ИКҰ) да төрағалығын атқармақ. Бұл ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы ортақ мәселелерді реттеуге де септігін тигізбек. Сондай-ақ бұл ЕҚЫҰ-ның Азиядағы баламасы тәрізді Астана бастамасымен жұмыс істеп жатқан АӨСШК үшін де тиімді.

Екіншіден, Орталық Азияның тұтастай экстремизм мен лаңкестік ошағына айналуы Еуропаға аса қауіпті. Батыс қауіпті аймақтың иек астына дейін кеңуін қаламайтындығы айқын. Сондықтан Орталық Азияның қауіпсіздігіне ең алдымен батыс елдері мүдделі болуы керек. Кезінде Баткен мен Әндіжандағы оқиғалар, одан беріде Қырғызстандағы биліктің бірінен соң бірі ауысуы – бәрі алаңдатарлық жағдай. Айталық, Қырғызстанда ислам республикасы орнағандай болса, бұл мұхиттың арғы-бергі жағындағылардың тұтастай мазасын қашырады. Сондықтан да Орталық Азияны қалқан ретінде тұтыну үшін батыс Ауғанстандағы жағдайды бейбіт түрде реттеуге барынша атсалысуы қажет. Бұл ретте батыс елдерінің шабандығы мүлде сын көтермейді. Еуропа көбіне Ауғанстан мәселесіне араласу арқылы тек қана саяси ұпай жинап, Ауғанстанды әскери техника үшін «полигонстанға» айналдырып отыр. Мәселен, АҚШ-тың бұрынғы президенті Буш екі сайлаудың бірінде Ауғанстанға атой салу арқылы, екіншісінде Иракты иіру арқылы ұпай жинаса, Барак Обама құдайдың құтты күні Кабулды микроскоппен қарайтын болған. Айталық, Ауғанстандағы әскери күш соңғы уақытта лаңкестерге қарсы әрекетке жерден басқарылатын ұшақтарды кеңінен тартуда. Былайынша қарасаң, жетілген техникамен жаудың қандай түрін де жоюға болатын сияқты. Бірақ батыс толық әрекетке бармай, бір саусағын бүгіп қалып отыр. Бұл өз алдына, соңғы кездері АҚШ басылымдарында Ауғанстан-Пәкістан шекарасындағы лаңкестер ордасы – Вазиристанға ядролық соққы беру жайында ұсыныстар қылаң беретін болды.

Міне, осындай ойындар ойранына айналған Ауғанстанның қатарлас ел болып әжетке жарағаны, сірә да, жақсы. Сол үшін де барлық мүддені барынша бір мақсатқа жұмылдыру қажет. Қазіргі таңда ауған мәселесіне ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің 43-і араласып отырғандықтан, Астананың сауын айтып ЕҚЫҰ елдерінің саммитін өткізіп, оған Ауғанстан мәселесін қамту ұсынысы толықтай қолдау табуы тиіс. Дегенмен 11 жылдық үзілістен кейін саммит өте қалса, онда осы түйткіл қаншалықты талданады деген мәселенің басы ашық тұр. Сондықтан болар, бұл күнде ел төрағалық қарсаңында тағайындалған сыртқы саясат мекеме басшысының жарғақ құлағы жастыққа тимей, үйдегіден гөрі түзде жортқаны жиіледі. Сонда министрден бергі мамандар қайда қарап отыр деген сауалдың құлағы қылтиып шыға келеді...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста