Оңтүстіктің қауындары Штутгартта саудалануда

Өткен жылы Мақтарал ауданының тұрғыны Артық Ақтөреев Мырзашөлдің қауындарын Германияның Штутгарт қаласына апарып сатқан. Тіпті немістердің зор сұранысына ие болған Жетісай өнімдері, яғни бір автокөлік қауын бір күнде сатылатын деңгейге дейін жеткен.
Шаруаға бастапқыда оңтүстіктен Германияға көшіп барған азаматтар көмектескен. Шаруашылық бүгінде немістің «Луганово» фирмасымен келісімге отырыпты. Қауындарды онда жеткізу үшін мұздатқышы бар шетелдік көліктерді жалдайды. «Торпедо» атты қауынын немістер 1 еуродан сатып алады екен. Ал дүкендеріндегі сатылу бағасы 1.79 еуро тұрады. Отандық өніміміздің мұншалықты сұранысқа ие болуы еліміз үшін үлкен қуаныш екені анық. Сондықтан осынау кең байтақ жерімізді тиімді игеріп, Германия ғана емес барлық Еуропа елдеріне ауылшаруашылығы өнімдерімізді шығарып, табысқа кенелудің мүмкіндігі зор секілді. Өзі табиғи, әрі сапалы өнімдеріміз Еуропаны таң қалдыратын күн де алыс емес.
Өйткені еліміздегі дихандар қосымша жер алу арқылы, енді бірі Солтүстікке көшу арқылы жерді игеруге тырысуда.
Шымкент аумағындағы жердің 62 219 гектары ауыл шаруашылығына пайдалану мақсатында берілген. Қалаға жақын маңдағы елдімекендердің қосылуы есебінен агроқұрылымдардың саны биылдың өзінде 3,5 мыңға артты. Қазір қалада барлығы 4152 шаруа қожалығы тіркелген болса, олар мал басын көбейтумен қатар өз өнімдерін шығарып жатыр. Шымкент қаласының 2020 әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасына сәйкес ауыл шаруашылығы саласын дамытуда келесі жылдан бастап біршама өзгерістер орын алмақ. Яғни, өнім көлемін арттырамын деген диқандарға қолдау көрсетілетін болады. Мұндағы басты мақсат – шаруаларға қолдау көрсете отырып, сапалы өнім алуды көбейту. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде интенсивті бау егу, жылыжайда тамшылатып суғару секілді жаңа технологияларды қолданған, ауыспалы егісті жүзеге асыру мен асыл тұқымды мал басын көбейтуге қызығушылық танытқан шаруаларға жағдай жасалады. Дегенмен, өнім алуда мейлінше озық технологияларды қолданғандығы ескеріледі. Жай ғана емес, бір айналымда 400-500 тонна көкөніс беруге лайықталған фермерлік жылыжайларды көбейту жоспары тұр. .





