Қазақ жігіті Германияда қазы сатып пайда тауып жүр

Германияның Штутгарт аймағында тұратын Арман Болысбеков әлемге әйгілі көлік шығаратын компанияда жұмыс істейді. Бос уақытында ол достарымен қазы айналдырып, оны сатумен айналысады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Арман Болысбеков отбасымен 2002 жылы Германияға көшіп кеткен. Өзі Ақмола облысы, Атбасар ауданының тумасы. Қазақ жігіті әйгілі компанияда электрші болып қызмет етеді. Ал бос уақытында достарымен бірге қазы айналдырып, оны сатумен айналысады екен.
Арманның айтуынша, ұлттық дәмге сұраныс өте жоғары. Қазыны сатып алатындардың дені Қазақстаннан кезінде көшіп кеткен отандастар екен. Өзінің жат елдегі өмірі туралы Арман Болысбеков Тurkystan.kz басылымына берген сұхбатында айтты.
"Елде жүргенде үнемі қазы жасайтынбыз. Германияға қоныс аударған соң, қазы әзірлейтін жерді іздеп таба алмадық. Сосын жылқы етін сатып алып, алғашында тек өзіміз үшін жасап жүрдік. Айта кетерлігі, Германияда шұжық өнімдерін әзірлеп, сату үшін арнайы рұқсатнама алуың қажет. Әйтпегенде бұл өнімдерді заңсыз түрде сататын болсаң, тергеуге алып, тіпті түрмеге қамап қоя алады", — дейді Арман.
Арман жылқы етін жергілікті фермерлерден сатып алады. Германияда 1 келі жылқы еті 7 еуро тұрады, теңгеге шаққанда бағасы — 4500 теңгеге жуық. Ол әзірге қазыны тапсырыспен ғана даярлайды. болашақта достарымен бұл кәсібін әрмен қарай дамытпақ ниетте.
"Біреуі 10 келі, енді біреуі 20 келі тапсырады. Тапсырыс саны белгілі бір межеден асқан кезде барамыз да әлгі немістен ет сатып алып, дереу жас еттен қазы әзірлеп, оны тапсырыс бергендерге таратамыз. Жалпы, біз жаңа сойылған жылқының етінен әзірлеген қазыны бірден сатуға тырысамыз. Тапсырыстың көп болатыны соншалық, қазыдан ет артылмайды", — деді Арман Болысбеков.





