Шипасы мол госпиталь!

Алматы қаласында Отан соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталдің бар екендігін көпшілігі біле бермейді. Бұл мекеме 1943 жылдан бастап, соғыстан жараланып қайтқан жауынгерлерге хирургиялық ем жасап, оңалту жұмыстарын жүргізуді бастаған екен. Мұнда атақты хирург, профессор А.Н.Сызғанов қызмет еткен. 1960 жылы Хирургия институты екіге бөлініп, ол хирургиялық, ал бұл госпиталь болып қалды. Сонымен хирургиялық ем көрсетіп бастаған госпиталь кейіннен терапиялық ем көрсете бастаған.
"Отан соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпиталь туралы естісем, не оқысам, марқұм әкем есіме түсіп, қатты сағынамын. Әкем тағдырлы кісі болды. Жеңістің 50 жылдығын тойлап жатқан жылы ғана менің әкемнің соғысқа қатысып, от пен оқтың ортасында жүргендігі дәлелденіп, "Ұлы отан соғысының ардагері" деген құжатын алған еді. Міне сол жылдан бастап, осы госпитальге жатып, ем алып, бір марқайып қайтатын.Бұл мекеменің басқа медициналық орталықтардан артықшылығы сол, мұнда соғыс көрген, қан көрген, жүйкелері тозған жандар емделеді. Сондықтан да болар, бұл жерде көпшіліктің көңілін табатын өте білікті мамандар еңьек етеді. Бұрында солай болған, қазір де сондай. Осы мекемеде қызмет ететін дәрігерлер де, мейірбикелер де өте қарапайым, науқастарға мейіріммен көңіл бөледі. Адамға керегі не? Жылы сөз! Жылы сөзбен жаныңды жадыратуға болады, жылы сөзбен емдей де аласың. Дәрігер емнен де бұрын жылы сөзбен қарсы алуы тиіс. Міне мұндағы дәрігерлер осы бағытта жүмыс жасайды.Ал ол тікелей басшыға байланысты. Ол кісі уақытпен есептеспейді. Өте ізденгіш, заман талабына сай жұмыс жасайды.
Денсаулықтың сақшысы дәрігерлер қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Адам еңбек етуден жалықпаса, "Құрмет" өзі іздеп табады. Госпиталь ұжымының жақсы күндері, шуақты күндері көп болсын" дейді ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, "Ақпарат ісінің үздігі", "Егемен Қазақстан" газетінің ардагері Гүлзейнеп Сәдірқызы.





