Талап бар жерде табыс та болады

Кең-байтақ қазақ жерінің қасиетті бір бұрышы – саялы Сарқан өңірі өзінің көркем табиғатымен ерекшеленеді. Бұл өңірдегі шыңдары көк тіреген асқар таулар қазақтың жанына сондай жақын сайын далаға ұштасса, құмды өңірі айдынына көз жетпес Көкше теңізге барып тіреліп, бір-бірімен өзгеше жарасымын табады. Бабадан қалған бақ мекеннің қойнауы да құт, беткейі мыңғырған малға толы, түгін тартса майы шығатын топырағы да құнарлы. Содан кейін де мұнда жеміс-жидек пен көкөністің, дақылдың сан түрі өседі. Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбековпен сұхбатымыз осы өңірде атқарылып жатқан жақсы істер жайында өрбіді.
– Ерғазы Қошанбекұлы, ең алдымен, оқырмандарды өзіңіз басқарып отырған Сарқан ауданы жайындағы мәліметтермен таныстырып өтсеңіз. Саялы Сарқан өңірі облысымыздың басқа аудандары мен қалаларынан несімен ерекшеленеді? Өңірге алғаш келген адамды аудан несімен таңғалдырады?
– Жер жаннаты Жетісу өңірінің шұрайлы пұшпағының бірі болып табылатын Сарқан ауданы 1928 жылы шаңырақ көтерген екен. Алғашында орталық ретінде Лепсі елді мекені таңдалып алынса, 1935 жылдан бастап Сарқан ауылы аудан орталығына айналған. Түбегейлі өзгерістер орын алған 1997 жылы аудан құрамына Бөрлітөбенің 4 ірі елді мекені қосылды.
Аудан табиғаты ауылшаруашылығын өркендетуге қолайлы. Басын таудан алатын арынды өзендері суармалы егістік көлемін молайтуға мол мүмкіндік береді. Тау баурайында орналасқан Алматы қаласы секілді Сарқанның да апорт алмасымен, басқа да жеміс-жидегімен аты шыққан. Ал таудан төмен жазыққа түссеңіз, бұл жерден құнарлы егістік алқаптары басталады. Мұнда өспейтін дақыл, өнбейтін өсімдік жоқ десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды.
Өңірдің туристік әлеуеті де жоғары. Олай дейтініміз, аудан аумағында ежелгі Қойлық қаласының, «төрткүл» деп аталатын қадым замандағы шағын елді мекендер қорғандарының орындары бар. Азамат соғысы кезіндегі әйгілі Черкасск қорғанысының шептері біршама жақсы сақталған. Сол оқиғаны есте қалдыру мақсатымен ұйымдастырылған «Черкасск қорғанысы» мұражай кешені жұмыс істейді.
Сарқандықтар осы өңірден шыққан Бұғыбай батыр мен Шиырбай шешен, Құл сері, Көтентәуіп бабаларды орынды мақтан етеді. Қасиетті топырақта дүниеге келген Алаштың айтулы азаматы Мұхаметжан Тынышпаев пен сазгерлер Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Күнсайын Қуатбаев, қаламгер Кәкімжан Қазыбаев, ғалым Мұхтар Арын, өнер тарландары Құман Тастанбеков пен Сара Тыныштығұлова, ақындар Әділбек Абайділданов пен Жаскілең Қалиев, балуандар Әбілсейіт Айханов пен Аманжол Бұғыбаев та бүкіл қазақ еліне танымал тұлғалар. «Гүл өскен жерге гүл өседі» дегендей, тарихы терең, әлеуеті ерен өңірден әлі де талай даңқты азаматтардың шығатыны анық.
– Осындай ауданға басшылық қызметке келгеніңізге де біраз уақыт болыпты. Алғашқы нәтижелер қандай? Әкім лауазымындағы жұмысыңызды неден, қандай проблеманы шешуден бастағаныңызды әңгімелей кетсеңіз. Қазіргі уақытқа дейін шешімін таппаған ондай мәселелер бар ма?
– Менің Сарқан ауданына әкім болып тағайындалғаныма бір жылдың жүзі болды. Мұның өзі бір қарағанда онша көп те уақыт емес секілді. Алайда салыстырмалы түрде алып қарағанда осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілгенін байқауға болады. Мәселен, өткен 2014 жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы өнеркәсіп өнімі көрсеткіші 20,7 млн. теңгеге, ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 640,4 млн. теңгеге көбейіп, шағын кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 55 млн. теңгеге, шағын кәсіпкерлік бойынша бюджетке салықтық аударымдар мөлшері 46,8 млн. теңгеге артты. Бір мезгілде негізгі капиталға инвестициялар мөлшері 288,3 пайызға ұлғайды.
Аудан мал бордақылау алаңдарын салудан кенжелеп қалған екен. Соған орай біз биылғы жылы осындай 3 алаңды іске қосқалы отырмыз. Мәселен, «Манай би» агрошаруашылығы 1500 бас ірі қараға, «Дәуренбек» шаруа қожалығы 500 басқа арналған осындай алаңдарды өз қаржысына салып, дайындық қалпына келтірді. «Мәкетов» шаруа қожалығы болса 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын жақын арада іске қоспақшы. Ендігі мақсат – осынау алаңдарды малға толтырып, толық қуатында жұмыс істету.
Сүтті сиырлар болғанымен ауданда сүт өндіретін ферма жоқ. Бұл мәселені шешу үшін «Қазагрофинанс» АҚ арқылы 70 млн. теңгеге 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салуды қолға алдық. Бұл жұмыс биылғы жылы аяқталып, келесі жылдың көктемінде тауарлы-сүт фермасы жұмысын бастайды деп күтілуде.
«Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларын жүзеге асыру бағытында жоспарлап отырған жұмыстарымыз да қомақты. Шаруа қожалықтарының басшыларына бұл бағдарламалардың мәнін түсіндіріп, жоспарда белгіленгеннен артық мөлшерде мал сатып аламыз деп отырмыз.
Сарқан ауданы бойынша 30 мың гектарға жуық суармалы алқап бар. Осы алқаптың 21 мың гектарына осы уақытқа дейін соя дақылы өсіріліп келген екен. Біз биыл аталған дақыл егістіктерінің көлемін 1,5 мың гектарға азайттық. Оның өзіндік себебі де бар. Басты себеп, жылда еге беретін болса, соя егістік жердің құнарын жойып жібереді. Сондықтан оның орнына басқа тиімді дақылдар өсіру жайын ойластырудамыз.
– Осы жерде қызылша дақылын өсіру жайын айналып кете алмаймыз. Биыл бұл мәселемен Сарқан ауданы тұрғындарының да шындап айналыса бастағанынан хабардармыз. Бұл орайдағы жұмыстың алғашқы нәтижесі қандай? Елбасымыздың бұл орайдағы тапсырмасы қалай орындалуда?
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына, соған орай облыс әкімі Амандық Баталовтың қойып отырған талабына сәйкес қызылша егістігінің көлемін жылдан-жылға көбейтуіміз қажет. Бұл орайда біздің аудан көлемінде де жүйелі жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ айтатын болсақ, аудан аумағында бұған дейін небары 200 гектар алқапқа қант қызылшасы өсіріліп келген болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 750 гектарға жеткізілді. Келер жылы межені 1200 гектарға дейін көтеруді мақсат тұтып отырмыз. Осылайша қант қызылшасы алқаптарының көлемі жылдан-жылға арта түсетін болады.
Биылғы жылы алпысқа жуық шаруа қожалығы осы жұмыспен айналысып, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Сөзіміз дәлелді болу үшін Бақалы ауылындағы «Аққұдық» шаруа қожалығының басшысы Серікжан Есімжановтың қарамағындағы 32 гектар жердің әр гектарынан 700 центнерге жуық өнім алғандығын айта кетуге болады.
Облыс басшылығының жанды көмегінің арқасында Көксу қант зауытымен келісімшарт жасасып, атқарылған жүйелі жұмыстардың алғашқы жақсылықтарын көріп те жатырмыз. Басқа сөзбен айтатын болсақ, шаруалар қызылшаның басқа дақылдардан гөрі тиімді екеніне, бұл мақсатқа жұмсалынған қаржының еселеп қайтатынына көздерін нақты жеткізіп отыр.
– Облыс әкімі Амандық Баталов өсу нүктесі ретінде әрбір аудан мен қалада индустриалды аймақтар құру қажеттігін айтып келеді. Аудан аумағында осы тапсырма негізінде атқарылып жатқан жұмыстар бар ма?
– Индустриалдық алаң құру туралы тапсырманы орындау мақсатында ауданда 14 гектар жер бөлінген екен, соның 7 гектарын қойма, астық сақтайтын орын салу үшін жеке кәсіпкерлерге беріп отырмыз. Солардың қатарында «Райымбек сүт» деген серіктестік соя өнімдерін сақтайтын қойма, оны тереңдете өңдеуден өткізетін цех салу мақсатымен 3,5 гектар жер алды. Осы жерде «Темірлан» серіктестігі құбыр шығаратын цех құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта ол жерге қажетті инфрақұрылым жасау жұмыстарын қолға алудамыз.
– «Балық та байлық көзі» деп жатамыз. Сол байлықты орнымен пайдаланып, ел игілігіне жарату жайы қандай дәрежеде? Осыдан біраз уақыт бұрын Төлебаев ауылында балық қабылдап, оны тереңдете өңдейтін кәсіпорын құрылған еді. Ондай кәсіпорындардың қазіргі жағдайы қандай?
– Балқаш көлінің жағалауындағы 4 шаруа қожалығы балық аулаумен шұғылданады. Бірақ соңғы жылдары көл айдынындағы балықтың азайып кетуіне байланысты бұл шаруаның онша тиімді болмай тұрғандығын мойындауымыз керек. Әйтпесе балық қабылдайтын орын да, оны қабылдайтын азаматтар да бар.
Өнім аз болғаннан кейін оны өңдеуден өткізудің де тиімсіз болатыны белгілі ғой. Балық қабылдап, оны тереңдете өңдеу жұмысының алға баспай тұрғандығына негізгі себеп те осы балықтың азайып кетуі ғой деп ойлаймын.
– Ауданда түйеқұс өсіріп, дәрілік шөптер дайындайтын кәсіпкерлердің барлығынан хабардармыз. Бізге таңсық көрінетін мұндай шаруаларды алға бастыру, дамыту мүмкіндіктері бар ма? Экономиканы дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтудың басқа қандай мүмкіндіктерін іске қосуға болады?
– Түйеқұс өсіруді біраз жыл бұрын жеке шаруа қолға алған болатын. Алайда оның басы сол кездегіден көп өсе қойған жоқ. Жұмыртқасы мен еті қымбат болғанымен оны өсірудің де шығыны көп сияқты ғой. Ал дәрілік шөп жинап, өсірумен «Азия Бок» деген серіктестік айналысады. Олар былтыр 100 гектар жерге дәрілік шөп ексе, биыл мұндай шөп алқабының көлемін 150 гектарға ұлғайтты. Бұрындары өздеріне тиесілі жерлері жоқ болатын, қазір заңдастырып жер бердік. Өнімдерінің сұранысқа ие болып отырғанының белгісі болар, бүгінде дәрілік шөптерді сырт елдерге экспортқа шығара бастады. Өндірісті ұлғайту, дамыту мақсатымен олар қазір үлкен бір зауыттың құрылысын бастады. Кәсіпкердің заманауи жабдықтар әкеліп, осы заманғы биік талаптарға сай келетін өндіріс орнын ашамын деген берік уәдесі бар.
– Қойлық алмасының даңқы алысқа кеткен. Мұнда жеміс-жидектің небір түрі өседі. Сондай жеміс-жидекті қайта өңдеуден өткізіп, дайын өнім деңгейіне жеткізетін кәсіпорындар құрылса жаман болмас еді...
– Сарқан алмасының даңқы расында алысқа кеткен. Аудан аумағында 971 гектар жерде алма бағы өсіріледі. Оның барлығы жекеменшіктің қолында.
Осыдан үш жыл бұрын Франциядан әкелінген жеміс ағаштары 100 гектар алқапқа орналастырылған болатын. Осы заманғы озық технология бойынша тамшылатып суарылатын бұл бақтан келер жылы мол өнім күтіп отырмыз. Соған орай алдағы жылы өнімді сақтайтын үлкен қойма құрылысы басталады.
Итальяндық «Техносервис люкс» деген фирмамен келісімшарт жасалғанның арқасында 30 гектар жерге питомник ұйымдастыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл питомникте будандастырылған жеміс ағаштарының көшеттері алма өсіремін деген қожалықтармен қатар жеке адамдарға да сатылатын болады. Келешекте осы жерден тағы 100 гектар жеміс бағы бой көтермек. Жеміс бақтары алқаптарын көбейту жайына келгенде бұрынғыша алманың апорт түрін өсіруге басымдық беріліп отыр.
– Сарқанда сүт зауытының жұмысы қайта жаңғырып, аудан соңғы жылдары сүт және сүт өнімдерімен танымал бола бастады. Жиһаз жасап, одан басқа да тірлікпен айналысатын ағайындар баршылық. Соған байланысты шағын және орта бизнестің дамуы жайын да қозғай кетсеңіз.
– Сүт зауыты бұрындары күніне 2 тонна сүт қабылдаса, қазір бұл көрсеткішті 8 тоннаға жеткізіп отырмыз. Әр елді мекенде сүт қабылдайтын орындар жабдықталып, оған арнайы адамдар бекітілген. Тереңдете өңдеуден өткізілген сүт өнімдері бүгінде аудан аумағынан асып, Талдықорған қаласының тұрғындарына да танымал бола бастады. Мұның өзі кәсіпорын өнімінің бәсекеге қабілеттілігінің де артып келе жатқандығын білдірмей ме? Әрине, мұндай жетістіктердің көңіл қуантатыны сөзсіз.
Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында ауданның 30 тұрғынына төменгі пайызбен 60 миллион теңге несие берілді. Жалпы соңғы үш жылда мұндай несиеге 88 адам ие болған екен. Олар бұл қаражатқа шаштараз, кафетерийлер ашып, шаруа қожалықтарын ұйымдастырды. Қазіргі уақытта біз берілген несиелердің мақсатты жұмсалынуына бақылау жасап отырмыз.
– Аудан аумағында асау өзендер баршылық. Сондай өзендердің әлеуетін пайдаланып, электр энергиясын өндіру жайы да қарқын ала бастаған сияқты.
– Өңірімізде басын таудан алатын ағысы қатты бірнеше өзен бар. Оның суы негізінен егістік жерлерді суаруға жұмсалынады. Дегенмен, соңғы кездері бұл өзендердің бойына су электр стансыларын салу қолға алына бастады. Бұл орайда келер жылдың қаңтар айында «Лепсі – 2» СЭС-інің бірінші торабының 17 мгВ ток беретіндігін айта кеткеніміз жөн болар. Сол сияқты «Басқан – 2» СЭС-і де осы жылы электр энергиясын өндіре бастайды. Осынау 2 су электр стансысы жалпы алғанда 21 мгВ ток өндіретін болады. Мұның өзі, біріншіден, инвестиция, екіншіден, жаңа жұмыс орындары, үшіншіден, арзан қуат көзі болып табылады.
– Теңгенің құнсыздануына байланысты азық-түлік пен халық тұтынатын басқа да тауарлар бағасының көтеріліп бара жатқаны белгілі. Бағаны аз да болса тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
– Аудан әкімдігінің «Аудан бойынша бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысшы комиссиясын құру туралы» қаулысымен арнайы топ құрылып, бағаның шарықтамауы мәселесімен айналысуда. Жұмысшы тобы аудан аумағындағы базарлар мен ірі дүкендер, наубайхана иелерімен, жанар-жағармай сатушылармен жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар мен отбасылар тізімі бекітіліп, әлеуметтік дүкендерге берілген. Бір мезгілде облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында ауданда бағалар мен тарифтердің өсуін тежеу жөніндегі жедел штаб құрылған. Бүгінгі күнге дейін штабтың 3 отырысы өткізіліп, туындаған өзекті мәселелер жайында тиісті шешімдер қабылданды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, дәрі-дәрмек түрлеріне, жол, көлік ақысына, жанармайға мониторинг жүргізіліп тұрады. Ауданда баға тұрақтылығына байланысты «сенім телефондары» қойылған. Мұндай телефондарға шағым, дабыл түсе қалған жағдайда штаб тарапынан жедел қарастырылып, шағым иесіне жауап қайтарылады.
– Ауданның табиғаты тамаша, соған орай туризмді, оның ішінде тау және аңшылық туризмін дамыту мүмкіндіктері мол. Бұған ЮНЕСКО-ның тарихи ескерткіштері тізіміне енген Қойлық секілді көне шаһардың орны, әйгілі Черкасск қорғанысы мұражайын қоссақ, ауданның туристік тартымдылығы тіпті арта түседі.
– Туризм саласы бойынша Жоңғар Алатауы Ұлттық паркінде 7 маршрут белгіленіп отыр. Одан басқа, Балқаш көлінің жағалауында суға түсу-демалыс аймағын құру үшін 500 гектар жер бөлінген. Шындығына көшсек, бұл жерлерді әлі ешкімге бере қойған жоқпыз. Көл жағалауынан жер алуға өтініш білдіргендерге жағажайға заманауи демалыс нысандарын, 3 немесе 4 жұлдызды қонақүйлер салуларың керек дегендей талаптар қойып отырмыз. Әзірге мұндай жоғары талапқа сәйкес келетіндей ұсыныс екі кәсіпкерден ғана түсіп отыр.
Өтініш білдіргендерге жерді таратып бере салсақ, олар бүгінгі күннің ғана қамын ойлап, қарабайыр құрылыстарды қалқайта салуы мүмкін. Оған жол беруге болмайтынын бірден кесіп айтуымыз керек. Бүгінгі күн талабы осындай. Жағажайды көркейту жөніндегі жұмыстар ойдағыдай жүзеге асқан жағдайда Балқаш көлінің жағасынан осы заманғы демалыс аймағы бой көтеретін болады.
Қазіргі кезде демалыс аймағына алып баратын жолдарды жөндеуге қаржы қарастырылуда. Биылғы жылы бұл бағыттағы жолдарға ағымдағы жөндеу, келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қойлық шаһарының ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи ескерткіштер қатарына қосылғандығы белгілі. Соңғы уақытта аталған дүниежүзілік ұйым өкілдері шаһар жөнінде қосымша мәліметтер сұратып, көне қала орынын әлемдік деңгейдегі туристік нысанға айналдыру ниеттерін білдіруде. Әрине, бұл үшін де жаңағыдай сервистік қызмет көрсету деңгейін көтеруіміз қажет.
Черкасск қорғанысы мұражайы жайында бірер сөз. Енді бірнеше жылдан соң аталған тарихи оқиғаның болғанына 100 жыл толады. Соған орай келесі жылы мұражайды күрделі жөндеуден өткізу үшін күрделі қаржы сұрап, жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Облыс әкімі Амандық Баталов ауданымызда болғанда жағдайды көзбен көріп, уәдесін беріп кетті. Ендеше бұл орайдағы жұмыстар да өз деңгейінде атқарылады деп тұжырымдауға негіз бар.
– Сарқан қаласында Мұхаметжан Тынышпаевтің ескерткіші асқақтап тұр. Аудан аумағында Мұқан Төлебаевтың кіндік қаны тамған, бүгінде талантты сазгердің есімімен аталатын елді мекен бар. Сондай ұлылардың мұрасын насихаттап, бүгінгі ұрпаққа үлгі ету жұмыстары қандай деңгейде?
– Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр деп сеніммен айта аламын. Аудан мектептерінде өңірімізден шыққан айтулы тұлғалардың, соның ішінде жаңа өзіңіз айтып өткен Мұхаметжан Тынышпаев пен Мұқан Төлебаевтардың өмір жолдары мен шығармашылық, қайраткерлік қырлары тереңдете оқытылады.
Мұхаметжан Тынышпаевтің кіндік қаны тамған киелі топырақ – Черкасск ауылдық округі аумағындағы Қарғалы елді мекені. Жоғарыда айтып өткенімдей, мұнда Черкасск қорғанысы мұражайы жұмыс істейді. Сол мұражайда қазақ тарихында өзіндік із қалдырған қайраткер ағамызға арнап арнайы бұрыш ашылып, бюсті қойылып, тарихи мәліметтер жинақталған. Десек те даңқты жерлесіміздің есімін ардақтау мәселесіне мұнымен нүкте қойылмайды. Бұл орайда Қарғалы ауылындағы орта мектепті Мұхаметжан Тынышпаевтің есімімен атау жөніндегі ұсынысты облыстық ономастика комиссиясына беріп қойғанбыз. Қазіргі кезде бұл ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының қарауында жатыр. Мораторий аяқталып, сәтін салса келер жылы мектепке Тынышпаев есімі беріледі деген ойдамыз.
– Бүгінгі сапарымыз ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіман кітабының тұсаукесер рәсіміне орайластырылып отыр. Бұл шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны бірден байқалады. Соған орай тағы бір сұрақ – өңірде тірлік кешіп келе жатқан таланттарға қамқорлық жасау жағы қандай дәрежеде? Әкімі ақынын іздесе қуаныштың үлкені сол емес пе?
– Расында сіздердің сапарларыңыз ауданымыздың мәдени өміріндегі үлкен бір оқиғаға, айтулы қуанышқа тап келіп отыр. Бүгін біз ауданымызға ғана емес, облысқа, республикаға белгілі ақын, жазушы Жомарт Игіманның кітабының тұсаукесер шарасын өткізейік деп отырмыз. Мұндағы мақсат – қаламгер шығармашылығын дәріптеумен бірге жастардың әдебиет пен мәдениетке, өнерге, соның ішінде поэзияға деген құлшыныстарын, қызығушылықтарын ояту. Сол себептен де шараға жастар қауымын көптеп қатыстырып отырмыз. Олар Жомарт Игіман мен оның қуанышына алыстан ат терлетіп келіп отырған әріптестері – белгілі ақын-жазушылардың тұсаукесер рәсімінде сөйлеген сөздерінен, оқылған өлеңдерінен үлкен әсер алады деген ойдамын.
Халқымызда «Ақынын ардақтаған ел азбайды» деген жақсы бір тәмсіл бар. Сол айтқандай, ауданымыздың атын шығарып жүрген ақынымызды бүгінде қалай ардақтасақ та жарасады. Өзім де Нұрлан Оразалин мен Жүрсін Ерман, Әміре Әрін сияқты ақындардың өлеңдерін оқып тұрамын.
– Кезінде Күрті, Балқаш аудандарында басшылық қызметтер атқарып, одан кейінгі жерде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымында жұмыс жасадыңыз. Партиялық жұмыс тәжірибесі әкімдік қызмет барысында қаншалықты пайдаға асты деген сұраққа да жауап бере кетсеңіз.
– Аталған аудандар мен «Нұр Отан» партиясы филиалында атқарған қызмет мен үшін өмір мектебіне айналды. Ал Сарқан ауданындағы басшылық қызметім, біріншіден, маған Алланың берген сыйы шығар, екіншіден, облыс, республика басшыларының көрсеткен үлкен сенімі деп есептеймін. Сондықтан да мен осы сенімді ақтап, халықпен етене жұмыс істеуге, олардың мұң-мұқтажын өтеуге бар күшім мен мүмкіндігімді жұмсайтын боламын. Оған ешқашан шаршап, шалдықпаймын. Барлық білімім мен білігімді, тәжірибемді осы мақсатқа жұмсасам деймін.
Жаңа айтып өткенімдей, «Нұр Отан» партиясы филиалында қызмет істеген жылдары мен шыңдалу мектебінен өттім. Партия, оның ішінде Елбасымыздың партиясы қашанда жоғары тұрады емес пе? Бұл жерде көпшілікпен тіл табысып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдай білу мәселесі алдыңғы орынға шығады. Мен «Нұр Отан» партиясы филиалында басшылық қызметте жүргенімде есімі бүкіл елімізге белгілі қоғам, өнер, мәдениет қызметкерлерімен араластым, олармен сапарлас, дастарқандас болып, көпшіліктің алдына бірге шықтым. Партия съездері мен конференцияларына бірге қатысып, қоян-қолтық жұмыс жасадық. Мұның бәрі, жаңа айтып өткенімдей, өмір мектебіне айналды. Жалпы «Нұр Отан» партиясында қызмет істеген азаматтардың жаман болмайтындығы айқын.
– Қандай сұрақ қойылмай қалды деп ойлайсыз?
– Бұл орайда мен халықтың, әсіресе жастардың еңбекке араласуы мәселесін қозғай кеткім келеді. Өйткені еңбексіз қандай да болсын табысқа қол жеткізу мүмкін емес. Содан кейін де жастар дайын тамақ пен киімнің өмір бойы алдыңнан шыға бермейтінін, оны табу үшін еңбектену қажеттігін біліп өсулері керек. Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағидасын әрбір азамат, әрбір жас жүрегінде сақтаса жаман болмас едік. Қазіргі жастарға «ана шаруа қожалығының егінін орып, малын бағу керек» десең, «мен оларға малай боламын ба?» деп өретүрегеледі. Ондай психологияға бой ұрмау керек.
Сөз орайы келгенде айта кетейін, ауданымызда жастардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға жақсы жағдайлар жасалған. Мәдениет үйлері мен кітапханалар, саябақтар мен оқу орындарының спорт залдары осы мақсатқа жұмыс істейді.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ





