2015 жылы жер бетінде орын алған ең қайғылы апаттар
Адамзат баласы табиғи апаттарды алдын ала болжауды үйренгелі қашан?! Алайда оны болдырмауға дәрменсіз. Соның салдарынан жыл сайын қаншама адам көз жұмып, қаншама ғимарат қиранды қоқысқа айналады. Ал өтіп бара жатқан 2015 жыл санақтағы қой жылы әлем үшін қандай табиғи тылсымдар мен техникалық қауіптер әкелді? «Апат айтып келмейді» дегендей, Табиғат-Ананың тосын мінезі әлемнің әр бұрышындағы адамзат баласын бұл жылы да біраз әуреге салып, біршамасын жер жастандырып, өз зардабын тарттырды. Солардың ең сорақысы жер сілкінісі болды. Оның салдарынан әлем бойынша 9 мыңға жуық адам көз жұмған. Сәуір айында Непалда магнитудасы 7,8 балға жеткен зілзаладан 8699 адам қаза тапты. Жүздеген мың жан баспанасыз қалды. Жергілікті ғибадатханалар мен ежелгі ескерткіштердің қабырғалары қирап, кейбіреулері жай үйіндіге айналған. Жергілікті тұрғын: - Қаншама уақыт табанымнан тозып, маңдай терімді төгіп жиған дүнием бір сәтте жоқ болды. Енді оның барлығын қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт пен көп күш-жігер қажет. Зілзаладан үйлердің 90%-ы қирап қалды. Осыдан жарты жыл өткен соң Жер-Анамыз тағы сілкінді. Бұл жолы Оңтүстік Азияда. Зілзаланың жойқындығы соншалық, ошағы Ауғанстанның солтүстік-шығысында болғанымен, әсері Пәкістан, Үндістан, Тәжікстан, тіпті Өзбекстан мен Қазақстанда да байқалған. Апаттан 250 адам мерт болды. Тілсіз жаудың бірі – топан су. Қой жылында бұл да тыныш қалмай, өз үлесін алды. Суға кетіп, мыңдаған адам мерт болды. Олардың дені соғыстан қашып, бейбіт өмірді аңсаған босқындардың еншісінде. Кәрі құрлыққа жету жолында Жерорта теңізін асып өтпек болған олардың кемелері сан рет суға кетіп, бейкүнә бүлдіршіндер көз жұмды. Бұл жолдағы ең ауқымды апат сәуір айында болды. Ол кезде Лампедуза аралының маңында бірден 800 адам суға кеткен болатын. Энцо Бьянко, Катания мэрі: - Қайғылы жағдай барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды. Марқұм болған жандар жақсы өмірді армандағандар. Мұндай оқиғаның енді қайталанбасы үшін бүкіл Еуропа болып бірігуіміз керек. Жазықсыз жаһан жұртшылығын биылғы жылы дүлей жел де аямады. Атап айтсақ, оның ең қайғылысы әлем мұсылмандарының бесінші парызы саналатын қажылық кезінде болды. Сауд Арабиясында 11 қыркүйек күні дүлей дауыл тұрып, әлемдегі алып мешіт үстіне құрылыс краны құлап түсті. Апаттан 107 адам қаза тапқан. Ал араға екі апта салмай-ақ Мина жазығында қағбаны айналу кезінде адам кептелісіп, 700 құлшылық етуші табан езгісіне түсіп жан тапсырды. Халид әл-Фалих, Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрі: - Құлшылық етушілер белгіленген тәртіпті сақтамай, сапты бұзған. Сол себепті де адамдар кептелісіп, езгіге ұшыраған. Сондай ақ осы жылдың маусым айында Қытайдың Янцзы өзеніндегі дауыл 500-ге жуық адам мінген «Шығыс жұлдызы» атты кемені аударып тастады. 442 адам қаза тапты. Адамға қауіпті тілсіз жаудың бірі – қызыл жалын. Биылғы жылы бұл да қаншама жанды жалмап өтті. Тамыз айында Қытайдың Тяньцзинь қаласында жанғыш заттар қоймасында бірнеше жарылыс болып, арты алапат өртке ұласқан. Қызыл жалын қарқынының күштілігі соншалық, ол ғарыштан да көрінген. Апаттан өрт сөндірушілерді қосқанда 170 адам қаза болды. Тағы 100-ге жуығы әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар санатында. Қаншама жасты қырып, артынан қызу талқыға түскен қызыл жалын Румыния астанасындағы түнгі клубтардың бірінде тұтанған. Мұндағы апаттан жастары 25-ке де жетпеген 53 азамат қыршын болды. Қайғылы оқиғадан кейін тұрғындар үкіметке қарсы ереуілге шығып, талапқа сай келмейтін ғимараттың жұмысына рұқсат берген басшылардың орнынан кетуін талап етті. Осындай даулы жағдайдан кейін Румыния премьер-министрі Виктор Понта қызметінен кетті. Дегенмен көптеген қайғылы жағдайлардың соңында кінәлі өзіміз, яғни адам екенін де жасыра алмайсың. Мәселен, наурыз айында Франциядағы Альпі тауына соқтығысқан Germanwings ұшағын айтуға болады. Сол апатқа ұшқыштың психологиялық ауытқуы себеп болған. Пилоттар кабинасының есігін құлыптап алған ол ұшақты әдейі тауға бағыттаған. Әуе кемесінде қазақстандық 3 азаматты қосқанда 150 адам болған. Барлығы да қаза тапты. Ұшақпен байланысты тағы бір қайғылы жағдай маусым айында болды. Бұл жолы ұшақ Индонезияның Медан қаласындағы қонақүйдің үстіне құлаған. 141 адам мерт болды. Биылғы жылдың ең ірі табиғи апаттары мен қайғылы жағдайларына көз жүгіртсек, қорытынды осылай – жантүршігерлік. Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, жер бетіндегі табиғи апаттар жыл санап артып келеді. БҰҰ-ның мәліметінше, табиғи апаттар адамзатқа жыл сайын 200 млрд доллар шығын келтіреді. Және соңғы жарты ғасыр ішінде ауқымды апаттар саны 5 есеге көбейген.
24.kz