Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 40 миллионға жуықтады
Соңғы тәулікте 341 мыңнан аса адам індет жұқтырып алған, хабарлайды «Хабар 24».
Вирустың жаппай тарауына байланысты көптеген ел шектеу шараларын күшейтті. Әсіресе Еуропа мемлекеттері шектеуді қатаңдатып жатыр.
Еуропа елдерінде коронавиурс жұқтырғандар саны арта бастады. Соңғы күндері Германияда COVID-19 күшіне мініп тұр. Кеше 8 мыңға жуық тұрғыннан қауіпті вирус анықталды. Бұл Германия үшін жаңа антирекорд. Канцлер Ангела Меркель ахуалға байланысты халыққа үндеу жариялап, қауіпсіздік мәселесіне аса мән беруге шақырды. Отбасылық мерекеден бас тартуға кеңес берді.
Ангела Меркель, Германия канцлері: - Вирус тез тарап жатыр. Алда күрделі кезең күтіп тұр. Соны сезінуіміз керек. Мейлінше оқшау болсақ, соғұрлым індетті тежеуге өріс ашылады. Кез келген уақытты өз пайдамызға шешуіміз керек. Әр адам жауапкершілікті сезініп, сақтық шараларын орындауы тиіс.
Италияда да індеттің таралуы күшейе бастады. Өткен жұма күні Апеннин түбегінде 10 мыңнан астам тұрғыннан COVID-19 анықталды. Сарапшылар «соңғы көрсеткіш індеттің екінші толқынының көрініс беруі», дейді. Бірақ билік елде екінші қайтара жалпыұлттық карантин енгізілмейтінін мәлімдеді.
Джузеппе Конте, Италия премьер-министрі: - Біз қатаң карантин енгізбеуге тырысамыз. Бірақ бұл елде коронавирус індетінің қаупі азайды дегенді білдірмейді. Біз көп жұмыс атқарып, індеттің кезекті толқынына жақсы дайындалдық деп ойлаймын. Сондықтан енді вируспен күресте өзге стратегияны қолдануымыз керек.
Ал Францияда жақында вирус жұқтырғандардың күрт өсуіне байланысты коменданттық сағат енгізілген. Себебі билік коронавирустың өршуіне көбіне ойын-той себеп болатынын алға тартып, отбасылық мерекелерді шектеуді жөн көрді. Жаңа тәртіптен кейін Париж көшелерінде күндіз жүргінші көп болғанымен түнде кісі азайды.
Блиц 1: - Сенбілк кеште қыдырушы едік, енді қиын соғып тұр. Сағат бар болғаны тоғыз, ал біз үйге кетуге мәжбүрміз. Бұл қалай болды сонда?
Блиц 2: - Достармен шүйіркелесу, әңгіме айтып шай ішу жайына қала ма тағы да? Енді тек күндіз бас қоса алады екенбіз. Бұл шешім біздің бостандығымызды шектеуге ғана бағытталған секілді. Билікке салсаңыз, біздер тек жұмыс істеп, сосын үйімізге қайтуымыз керек екен. Қызық.
Кәрі құрлықта індет өршіп тұрған тағы бір мемлекет &ndash Польша. Осыған байланысты ірі қалаларда шектеулер қатаңдатылды. Варшава мен оған қарасты бірнеше аудан қызыл аймақ деп жарияланып, жоғары оқу орындары қашықтан оқуға көшірілген.