АҚШ пен Қытай 2026 жылы соғыса ма?!
Биыл мамыр айының соңғы жартысында Жапонияның Хросимасында үлкен жетілік елдері басшыларының кезекті басқосуы өтетіні белгілі. Жиналыстың биылғы ұйымдастырушысы Жапон билігінің адамзат тарихында тұңғыш рет ядролық бомба жарылған зардапты өлкесін бекер таңдамағаны айтпаса да түсінікті. Соғыста ойсырай жеңілген Путин атом қаруын қолданатынын айтып әлемді шошытса, оның қолдаушысы Солтүстік Корея да атом сынағын жиілетті, Израиль барлау органдарының мәліметінше Иран да мақсатына жетуге жақындап қалды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аbai.kz-ке сілтеме жасап.
Әлемнің маңдай алды дамыған жеті елінің жетекшілері алда болатын кезекті кеңесінде әлемді алаңдатқан диктатор елдердің ядролық қару бәсекесі, Украина соғысынан туындаған дүниежүзілік энергия мен астық дағдарысы, әлемді жайлаған індетті ауыздықтау қатарлы толғақты мәселелерді талқыламақ.
Өткен аптада Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисида ұйымдастырушы ел салауатымен Германиядан басқа, бес елде сапарда болып қайтты. Өзге әріптестерімен әскери ынтымақтастықты қүшейтетінін жеткізді. Нақты әрекетімен дәлелдеді. Атап айтқанда бұдан 100 жыл бұрын қолға алынып, аяқсыз қалған Англиямен әскери одақтастықты қайта рәсімдеді. Келісім бойынша ағылшын әскері Жапон аралдарына ірге теппек. Әскери жаттығулар мен төтенше жағдайларға ат салысып қана қоймай, соғыс бола қалса күш біріктірмек. Сондай-ақ екі ел Италиямен бірлесіп, сандық технологиядан пайдаланып, ең озық соғыс ұшақтарын жасайтын болып келісті. Жапон уәзірі сапарының соңғы нүктесі Америкада президент Байденмен кездескеннен кейін бірлескен мәлімдеме жасады. Ақ үй мен АҚШ конгресі де Жапонияның өткен желтоқсан айында қабылдаған «Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын» бір ауыздан қолдайтынын мәлімдеді.
Фумио Кисида тілшілермен кездесуінде: «Шығыс Азия келесі Украина болуы мүмкін» деді. Оған дәлел ретінде Солтүстік Кореяның ядролық сынақты жиілеткенін, Қытайдың оңтүстік пен шығыс теңіз айдындарында әскери қимылды күшейткенін, Ресеймен бірлесіп әлемдік тәртіпті бұзып отырғанын айтты.
Жапония премьер-министрінің кезекті сапарының алдында АҚШ-тың CSIS стратегиялық зерттеу орталығы қаңтардың 9-күні Қытайдың 2026- жылы Тайуанға соғыс ашуы мүмкін екенін, соғыс бола қалған жағдайда қай тараптың жеңетініне болжамдарын жариялады. Қытай Тайуанды алу үшін АҚШ, Жапония, Тайуан үш тараптың әскери күшімен бетпе-бет келмек. Америка әскери базаларының Жапонияға орналасқаны белгілі. «Тайуанның қауіпсіздігі – біздің қауіпсіздігіміз» деген сөзді Жапонияның негізгі заңдағы қауіпсіздік стратегиясын қайта қарауды ұсынған, кісі қолынан қаза тапқан Әби Шинзоның айтқаны жұртқа аян.
Америка теңіз соғысы иниститутының жоғары дәрежелі зерттеушісі Matthew Cancian, Америка теңіз армиясы тыңшылық бөлімінің бұрынғы орынбасары болған David A. Deptulaлардан құралған әскери мамандардың межесінше 24 түрлі сценаримен өтуі ықтимал соғыс бола қалған жағдайда, алғашқы үш аптада АҚШ 3200 әскерінен, екі авианосецінен, 20 ға жуық соғыс короблінен, Қытай жақ 10000 сарбазынан, 138 короблінен, 155 соғыс ұшағынан, Тайуан тарап 35ОО солдатынан айырылып, теңіз күші әскери техникасы дерлік суға шөкпек. Жапонияның да 100 жойғыш ұшағы, 26 соғыс короблі, ел аумағындағы АҚШ-тың әскери базалары да жермен жексен болмақ.
Оңтүстік Корея тарап та Жапония бас уәзірінің ұстанымын құптағандай жақында ел аумағына АҚШ-тың ядролық қарудан қорғану жүйесін орнатпау жөніндегі Қытайға берген уәдесін қайта қарайтынын, керек болса жарты жылда ядролық оқ тұмсықтар жасап шығаратынын мәлімдеді.
Екі елдің қатаң мәлімдемелеріне жауап ретінде, Қытай билігі екі ел азаматтарына виза беруден бас тартты. Қытайда пандемияның ұшығуына байланысты Жапония мен Корея алғашқы болып Қытай туристерін әуежайда ПТР тест тапсыруға міндеттеген еді. Қытай Сыртқы Істер баспасөз хатшысы мұны «қытайлықтарды кемсіту» деп бағалады. Шығыс Азияның дамыған үш елінің арасындағы әскери бақталастық күн өткен сайын сорпа бітіне шығып келе жатқаны, індетке байланысты араздық мәселенің бер жағы екені анық.
Есбол Үсенұлы