Ауған - Иранғ қақтығысының мән жайы
Кеше халықаралық агенттіктер жаппай "Тәліптер Иранға соғыс ашты" деген тақырыппен хабар тарата бастады. Бірақ "соғыс ашуға" түрткі болған себепті нақты атай алмады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Тіпті Уикипедияда "Талибанның Иранға шапқыншылығы (2023 жыл)" деген жеке тақырып пайда болды. Шынында бұл соғыс па әлде шекарадағы қарулы жанжал ма?
Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ауғанстан тізгінін өз қолына алған "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) исламистік қозғалысының содырлары алдымен 27 мамырда Иранның Забол қаласының маңында шекаралық қақтығысқа қатысты. Атыс қорытындысында тәліптер ирандық шекаралық бекетті басып алды. Ғаламторда шекаралық шиеленісте ауыр әскери техника қолданылғаны, алапат жарылыстар болғаны бейнеленген видеолар қаптады.
Бұған жауап ретінде Иран Ислам республикасының армиясы тәліптердің бекіністеріне артиллериядан үстемелете соққы берді. Салдарынан, ресми мәлімет бойынша ауған жағынан үш, бейресми ақпарат бойынша кем дегенде 14 адам қаза тапқан.
IRNA агенттігінің мәліметінше, Иран тарапынан 2 шекарашы мерт болған. Tehran Times хабарлауынша, 3 ирандық шекарашы жан тапсырған.
Ертесіне лаңкестік қозғалыс мәлімдеме жасап, бұйрық берілсе және "Иран арандатушы әрекеттерін тыймаса" бірнеше күн ішінде оның астанасы Тегеранды басып алатындарын жариялады. Бұл ретте олар өздерінің тіпті Батыс коалициясын тізе бүктіргендерін еске салды.
"Иранға Американың тісі батпаған шығар, бірақ біз Иранмен АҚШ-тікінен асқан тегеурінмен күресетін боламыз. Егер біздің лидерлер жиһад жарияласа, онда Иранды тез жаулап аламыз", – деген Талибан көшбасшыларының бірі Абдулхамид Хорасанидің сөзін шетелдік ақпарат құралдары жеткізді.
Бірақ Хорасанидің ресми лауазымы жоқ. Сондықтан оның Кабулдың ұстанымын білдіруі неғайбыл. Ақпарат құралдары оның бірнеше күн бұрын тіпті Пәкістанмен шекаралас Пактика провинциясы аудандарының бірінің басшысы лауазымынан айрылып қалғанын еске салды.
Қалай болғанда, бұл шайқаста Иран жауының бетін қайтарды. Сенсация іздеген журналистер жазғандай, "соғыс" басталмады. Бірақ бұл шиеленістің ары қарай ширықпасына еш кепілдік жоқ.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, дәл кешегі шапқыншылыққа не түрткі-триггер болғаны әзірге анық емес. Бірақ соңғы уақытта екі ел арасында су жеткізіліміне қатысты дау өршіп барады. Тегеран Ауғанстанның жаңа билігін екі ел арасында сонау 1973 жылы бекітілген келісімді бұзды және ортақ Гильменд өзенінің Иранның шөлді шығыс аудандарына баратын ағынын шектеді деп айыптады. Салдарынан, ол өлкелерді қуаңшылық қысып жатқан көрінеді. Тәліптер бұл айыпты жоққа шығарды.
Reuters атысты ирандықтар бастауы мүмкін деп отыр.
"Бүгін Нимроз провинциясында ирандық шекарашылар Ауғанстан жағына қарай оқ ата бастады. Сөйтіп, жауап реакцияға тап болды. Қазіргі кезде жағдай бақылауда. Ислам әміршілігі (Ауғанстан) өз көршілерімен соғысуды қаламайды", – деген Талибанның сыртқы істер министрлігінің өкілі Абдул Нафи Такордың мәлімдемесін келтірді Reuters агенттігі.
Тегеран керісінше, қорғанғанын алға тартады.
"Забол шекара полкінің шекарашылары шекараның нөлдік нүктесінде белгісіз қарулы адамдармен шайқасқа түсті. Олар Иран Ислам республикасының территориясына еніп кетуге ниеттенген. Бұл атысқа және қарулы қақтығысқа соқтырды", – деген ресми мәлімдемені таратты осы елдің мемлекеттік IRNA агенттігі.
Иран полициясы бастығының орынбасары генерал Қасем Резаи сенбі күні ирандық Систан мен Белуджистан провинциялары мен ауғандық Нимроз провинциялары арасында тәліптердің қару қолданғанын жеткізді.
Халықаралық сарапшылар бір-біріне шабуыл жасауға екі елдің билігінің де саяси себептері барына назар аудартады. Бір жағынан, Ауғанстан билігін тәліптер басып алғалы бұл мемлекеттің экономикалық жағдайы да, азаматтарының әлеуметтік ахуалы мен тұрмысы да күрт нашарлады. Сорақысы сол, Ауғанстанда седативтік препараттар кең танымал бола бастапты: оларды ауғандар аштық сезімін басу үшін балаларына беруге мәжбүр көрінеді. Басқаларына табыс табу, аштықтан бұратылып өлмеу үшін қыздарын немесе ішкі ағзаларын сатуға тура келген көрінеді.
Соғысу өнерін жақсы меңгерген тәліптер бейбіт өмірде ел басқаруға қауқарсыз екендерін көрсетіп алды. Елде күшейген наразылықты басу үшін олар аса қатал діни тыйымдар енгізді. Мысалы, қыздарға жоғары білім алуға шектеу қойды, әйелдер жұмыс істей алатын кәсіп түрлерін күрт кемітті. Мұның бәрі халықтың жағдайын ары қарай құлдыратып, экономикалық дағдарысты ушықтыра түсті. Сондықтан сарапшылардың жорамалдауынша, елдегі әлеуметтік кернеуді азайту үшін тәліптер өздері шебер саналатын іске оралып, халықты көршімен соғысқа жұмылдыруы әбден мүмкін.
Халықаралық эксперттер өз халқының әлеуметтік наразылығының қызуын төмендету Иранға да қажеттігін қаперге салады. Былтырғы қыркүйекте 22 жасар бойжеткен Махса Аминиді күш құрылымдары "хиджабты дұрыс тақпады" деп айыптап, ұрып-соғып өлтіруі бұқараның ішінде қазандай қайнаған ызаның сыртқа лық төгілуіне ықпал етті. Халықтың жаппай наразылығын Тегеран аяусыз басып-жаншыды. Батыс басылымдары бейберекетсіздіктер алда қайталануы мүмкін деп отыр. Себебі, елді билік транзиті күтіп тұр: Иранның жоғарғы басшысы (Рахбары) Ұлы аятолла Сейед Әли Хосейни Хаменеи әбден қартайды, жасы 84-тен асты. Оның орнын кім басатыны әлі күнге белгісіз.
Жалпы, 1979 жылғы революцияға дейін Иран зайырлы мемлекет болған. Ислам революциясының лидері аятолла Рухолла Мусави Хомейни елді діни мемлекетке айналдырды, әйелдердің барлығын "қара жамылуға" мәжбүр етті. 1989 жылғы маусымда Хомейни дүние салған соң, аятолла Әли Мешкини, аятолла Мусави Ардебили және аятолла Реза Голпайгани жеке тұлғаның билігіне негізделген Жоғарғы басшы лауазымын жойып, орнына Жоғарғы Кеңесті құруды ұсынды. Бірақ Сарапшылар кеңесінің құрылтайында бұл бастама қолдау таппады.
Сарапшылар Иранның бұрынғы зайырлы қалпына оралатынына сенбейді. Оның орнына Тегеран наразы елінің назарын "ата жаулармен күреске" аударуға тырысып келеді.
Алда екі елдің бір-біріне қару кезенуіне су тапшылығы тағы да себеп болуы ғажап емес. Әзірге Ауғанстанмен арадағы негізгі сауда бағыты саналатын Милак шекара өтпесі жабылды. Суға қатысты келіссөз өткен.
Негізінен Систан мен Белуджистан провинцияларында жұмыс істейтін HalVash құқық қорғау ұйымы жергілікті куәгерлердің айтқанына сілтеме жасап, шекарадағы қақтығыста Иран армиясы артиллерия, миномет қолданғанын жеткізіп, соны растайтын видеоны жария етті. Тәліптер америкалық зеңбіректерден атқылаған. Сондай-ақ олар елден шыққанда НАТО тастап кеткен бронды техникамен қозғалған.
Ауғанстан билігі соғысты қаламайтынын мәлімдегенімен, Иран тәліптердің бұл шабуылы жауапсыз қалмайтынын нықтап, доқ көрсетті. IRNA таратқан ресми хабарламада тәліптер тарапынан болашақтағы кез келген шекараны бұзу және агрессия оқиғаларына Тегеранның батыл, қатаң үн қататыны айтылған. Бұған қоса "Ауғанстанның қазіргі билігі ессіз әрекеттері үшін жауапқа тартылуға тиіс" делінген. Мұның нені білдіретінін тек уақыт көрсетеді.
БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының (Food and Agriculture Organization, FAO) дерегінше, Иран 30 жыл бойы алапат құрғақшылықтан зардап шегуде. Соның ішінде соңғы онжылдықта ахуал күрт нашарлаған. Иран метеорологиялық ұйымының дерегінше, қуаңшылық бүгінде ел территориясының 97% пайызын жайлауда.
Ауғанстан территориясында керісінше, өзен көп. Соның ішінде мысалға, Қабыл өзені Пәкістан аумағына өтіп, ары қарай Үнді мұхитына құяды. Бұл елдің ірі өзендерінің барлығы ел ішіндегі таулардан бастау алады, яғни ауған елі су жөнінен өзгеге тәуелді емес. Елдің солтүстік-шығысындағы Памир тауларынан басталатын атақты Әмудария да осы мемлекеттің еншісінде.
Ал Гильменд – ең ұзын өзен саналады. Ол Қабылдың батысындағы Баба жотасындағы қайнарынан арқырай аққан бойы елдің оңтүстік-батысындағы Иран шекарасына дейін жетеді. Гильмендтің ұзындығы шамамен 1,4 мың шақырымға созылып жатыр және байырғы замандардан бері "Қызылбас елінің" (парсы елінің) қызығушылығының нысанасы саналады.