Джо Байденнің ұлы өзіне тағылған үш айыпты мойындады
АҚШ президенті Джо Байденнің ұлы Хантер Байден салық төлемегені үшін шартты түрде сотталатын болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Адырна» порталына сілтеме жасап.
Ол үш айып бойынша өзінің кінәлі екенін мойындады.
Атап айтсақ, Хантер Байден 2017-2018 жылдары табыс салығын қасақана төлемегенін және 2018 жылы Colt Cobra 38 special үлгісіндегі тапаншаны сатып алғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек ер адамның есірткі қолданғаны да белгілі болды.
Алайда айыптаумен келісіп, салықтан жалтарғанын мойындағаны үшін Делавэр штатының бас прокуроры оны қылмыстық қудаламауға уәде берген.
Ал республикашыл депутаттар болса, президенттің ұлы жеңіл жазамен құтылып кетеді деп дабыл қағуда.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп АҚШ президенті болған кезде «Байденнің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін» екенін мәлімдеген еді. Ол Байденнің ұлы Хантердің шетелден төлемдер алғанын бірнеше рет айтты.