Испанияда селфиге арналған көзілдірік шығарылды
Испанияда күнге арналған WeOn көзілдірігі шығарылды. Жаңа заттың бір ерекшелігі – селфи фотоға түсу үшін құрастырылған. espanarusa.com ақпарына сәйкес, имек тұсындағы екі батырмасы арқылы смартфондарды тіпті, 60 метр қашықтықтан басқаруға болады екен.
«Біз селфиге түсудің жаңаша жолдарын ойлап таптық. Көзілдірік көпшілік үшін үйреншікті әрі қажетті зат. Жаңа аксессуар арқылы фотоға түсуіңіз әлдеқайда жеңілдейді. Бұрынғыдай монопод, «селфи-таяқша» сынды құрылғыларды тасып әуре болмайсыз», – деді WeOn компаниясының негізін қалағандардың бірі Сантьяго Амбит.
Оның әйнегі поликарбонаттан жасалған. Өте мықты, сапасы да жоғары әрі жеңіл. Ал фотоға түсу барысында телефонның құлап қалмай, ыңғайлы күйде тұруы үшін мамандар арнайы жапсырмаларын қоса ойлап шығарған.
Компания басшылығы қаржы мәселесін реттеп алғаннан кейін ерекше аксессуарды көптеп шығармақ. Мәліметтер бойынша, оның бағасы 29-39 еуроның айналасында болады.