Кремль Ресей армиясына тағы 400 мың адам тартуға бұйрық берді
Кремльдің қожайыны Украинада тоз-тозы шыққан күштер қатарын толықтыру үшін жаңадан тағы 400 мың адамды әскерге шақыруға пәрмен бекітті. Бұл туралы ресейлік пабликтердің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресей билігі, батыстың мәліметі бойынша, Украинада өлідей және жаралы күйлерінде 200 мыңнан аса адам шығынына ұшырап, ыңыршағы айналған әскер күштерінің орнын толтыру үшін адам алудың кең ауқымды науқанын іске қосқалы отыр», – делінген хабарламада.
Кремль осыған орай РФ қарулы күштеріне 400 мың шамалас жалдамалы тартуды және өңірлерге олардың үлестік мөлшерлерін белгілеп беруді міндет етіп қойды, деп хабарлады Bloomberg барлық жағдайға қанық өз мәнбелеріне сүйене отырып.
Олардың айтуларынша, билік осылайша мәжбүрлікпен жүргізілген бірінші мобилизацияны қайталамауға тырысуда. Ал оның бірінші толқыны кезінде жұрт соғысты қолдаудан күрт бас тартып, бірден шетелдерге қарай жаппай қашушылық кең етек алған еді.
Мобилизациямен алынғандардың бәрі дерлік – 300 мың адам сол бойда бірден украин майданына салынып жіберілді, деп атап өтеді Bloomberg украин және батыс шенеуніктері мәлімдемелеріне сүйеніп. Сондықтан олардың көпшілігі қанды қасаптың нысанасына айналып, жер жастанып қалды.
Ал қазіргі науқанның мақсаты жалдамалыларды қатарға тарту арқылы РФ-ның Украинадағы әскері санын қайтадан көтеруге сайып отыр.
«Ресей армиясы соғыс активтерінің тоз-тозы шықты, бірақ биліктегілер өздерінде адам күшінің әлі орасан зор резерві бар деп есептейді», – дейді Rand Corp сарапшысы Дара Массикот.
Аналитик керісінше Кремльдің бұл жоспарды орындай алуы мүмкін емес деп санайды. Себебі, қазір қирай жеңіліп, қырғынға ұшырап жатқан Ресей армиясына не «ақылынан алжасқан патриоттар», не күнкөрісі өте төмен кембағалдар ғана барады.
«РФ бас штабы тіпті олардың күшімен де енді майдан даласында ілгері жылжи алмайды», – деген тұжырым жасайды Массикот.