NASA Арал теңізінің спутниктен түсірілген суреттерін жария етті
Американың ғарыш агенттігі - NASA тартылып бара жатқан Арал теңізінің спутниктен түсірілген суреттерін жария етті. Теңіз 19 тамыз күні түсірілген. Фотосуреттерге қарағанда, өткен жазда Аралдың оңтүстік айдынының шығыс бөлігі түгел шөлге айналған.
Америкалық мамандардың мәліметінше, бұл құбылыс қазіргі тарихта тұңғыш рет байқалып отыр. "Теңіздің тарылуы Әмудария арнасын өзгертіп, Каспий теңізіне құя бастаған ортағасырлық құрғақшылық дәуірінен бергі 600 жылда тұңғыш рет болып отыр", - дейді Батыс Мичиган университетінің географы Филип Миклин.
Агенттік теңіздің өзгергенін салыстыру үшін 2000 жылдың 25 тамызында түсірілген суретті келтіреді, одан теңіздің шығыс жақ бөлігінің, салыстырмалы түрде айтқанда, суы мол екенін көруге болады. Суретте теңіздің 1960 жылғы деңгейі қара сызықпен көрсетілген, бұл - Әмудария мен Сырдария суының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне алынбай тұрған уақыты.
Содан кейін NASA-ның 2000-2014 жылдары ғарыштан түсірген суреттері салыстырылады:
Арал теңізі бір кездері көлемі жөнінен планетамыздағы төртінші ірі көл болды. Суқойма 1960 жылдары КСРО үкіметі Әмудария мен Сырдария суын Қазақстанның, Өзбекстан мен Түрікменстанның ауыл шаруашылығы алқаптарына бағыттағалы бері тарыла бастады. Суландыру жұмысы шөлдің гүлденуіне себеп болды, бірақ одан көлге орны толмас нұқсан келді.
Аралдың солтүстік бөлігі оңтүстік бөлігінен ажырап қалды. Оңтүстік бөлігі уақыт өте келе шығыс және батыс бөліктерге бөлінді. 2005 жылы Аралдың солтүстік және оңтүстік бөліктері арасындағы бөгет құрылысы салынып бітті. Бұл теңіздің оңтүстік бөлігінің одан әрі құрғап кетуіне себеп болды.
2014 жылдың қапырық жазы Оңтүстік теңіздің шығыс бөлігінің түгел құрғап кетуіне соқтырды. Су түбіндегі сор ауыл шаруашылығы химикаттарымен ластанған, ол адам денсаулығына қауіп төндіреді. NASA сарапшыларының айтуынша, көлдің жоғалып кетуі өңірде температураның одан әрі төтенше бола түсуіне әкеліп соқты - қыс суығырақ, жаз ыстығырақ әрі құрғағырақ болып кетті.
Өзбек ғалымы Зиновий Новицкийдің пікірінше, Арал теңізін шөлейттенуден құтқару үшін оның құрғаған табанына ағаш отырғызу керек. Ғалымның есебінше, теңіздің тартылуынан 4,7 миллион гектардан артық жер жалаңаштанып қалды.
"Бұл жерді "Аралқұм" деуге әбден болады, ол - әлемдегі ең жылдам ұлғаюшы шөл. Ол - аймақ экологиясы тұрақсыздығының маңызды факторы", - деді ол Uznews.net-ке берген сұхбатында.
Новицкийдің айтуынша, Аралды көгалдандыру - екі мемлекеттің жұмысы. Өзбек пен қазақ ғалымдары бірігіп жұмыс істеуі қажет. "Үлкен орманды алқап құрғаған теңіз табанының мәселесін он жыл ішінде шешеді. Ол кезде жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен де айналыса алады", - дейді академик.