Полицей қылмыскерді ұстау кезінде жасөспірім қызды атып өлтірді (видео)
Лос-Анджелес полициясының қызметкері қаладағы сауда орталықтарының бірінде қарулы қылмыскерді ұстау кезінде 14 жасар қыз баланы абайсызда атып өлтірді.
Калифорнияның Әділет департаменті Берлингтон сауда орталығында қарулы қылмыскерді ұстау кезінде 14 жасар қыздың өліміне себепкер болған істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Экспресс К.
Оқиға таңғы сағат 11:45 шамасында Голливудтың солтүстік бөлігіндегі киім дүкенінің екінші қабатында болған.
Белгісіз ер адам бейбіт тұрғындарға оқ атып, шабуыл жасаған. Полицейлер күдіктіге қарсы оқ жаудырады.
Сол кезде атқан оқтардың бірі күдіктінің артындағы қабырғаны тесіп өтіп, дүкеннің киім ауыстыратын бөлмесіндегі 14 жасар қызды жарақаттаған. Жасөспірім қыз оқиға орнында қаза тапты.
Полицияның хабарлауынша, атыс кезінде күдікті ер адам атып өлтірілген.
Сонымен қатар, күдікті шабуыл жасаған тағы бір әйел түрлі дене жарақатымен ауруханаға жөнелтілген.