Қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінді астынан 88 адамның денесін шығарды
Қазақстандық құтқарушылар Түркияда іздеу-құтқару жұмыстарын бастағалы 7 адамды құтқарды. Сондай-ақ қайтыс болған 88 адамның (10 бала) мәйітін үйінді астынан шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккендерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетуде. Осыған дейін 140-тан астам жергілікті тұрғынға, соның ішінде 17 балаға медициналық көмек көрсетілді. Олардың ішінде стрестің жедел реакциясымен, салқын тию, тыныс алу жолдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым.
Іздестіру жұмыстары басталғалы жедел штаб жұмыс істеп тұр. Оның мақсаты төтенше жағдай аймағындағы жағдай туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау, қажетті ақпаратты беру, төтенше жағдайдың күрделенуін және олардың салдарын болжау, төтенше жағдаймен күрес бойынша жедел шешім қабылдау үшін ұсыныстар дайындау болып табылады.
Қазіргі уақытта қазақстандық құтқарушылар екі елді мекенде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қираған үйлердің орнындағы үйінділердің арасын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар тұрақсыз құрылымдарды бөлшектеу және арнайы кескіштің көмегімен жол тазарту және қирандылардың астынан зардап шеккендерді іздеуді жеңілдету үшін үйінділердің астындағы арматураны кесу жұмыстары жүргізуде. Бұл бетон, арқалықтар және басқа да құрылыс қалдықтарын бөлшектеп, арнайы техникаға жүктеуді жеңілдету үшін жасалады.
Газиантеп қаласы бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда екі учаскеде жұмыс істеп жатыр.
Құтқарушылардың бір тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 30 адамның денесі шығарылды.
Құтқарушылардың басқа тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде, 24 адамның денесі шығарылды.
Қазақстанн ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылар Түркияға келген сәттен бастап Нурдагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Толығымен қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстар жүргізді.
Қазақстандық құтқарушылар өте тереңде жатқан үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығарды. Қайтыс болған 11 адамның денесі шығарылды. Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеуге инженерлік техника пайдаланылуда. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде.