Қытай азаматы көлік сатып алу үшін бір машина ақша жинапты
Қытайдың Гань-Джан қаласының тұрғыны қытайдың ұсақ номиналды ақшаларын жинап, көлік сатып алмақ болған. Жинаған ақшасын жүк көлігіне тиегенде, жарты тонна салмақ тартқан. Бұл туралы Қытайдың «Шалқар» сайты хабарлады.
Сайттың жазуынша, 11 қаңтар күні түстен кейін Гань-Джан қаласының тұрғыны ақша тиелген жүк машинасымен көлік салонына барып, өзінің жеңіл автокөлік сатып алатынын айтқан. Бұл ақшаны көрген салондағылар аң-таң болған.
Машина сату орталығының басшысы Гуаң Юан мырза бірнеше қызметкерін көмекке шақырып, ақшаны санай бастайды. Ақша жеке-жеке бумаларға оралған екен. Олардың ішінде 10, 20, 50 тиындық ақшалармен қатар, ең үлкен сомадағы банкота 1 юань болған. Бұдан басқа түрлі номиналды ұсақ бақыр ақшалар да болған. Тек ұсақ тиындардың өзі 80 мың юаньді құраған.
Ақшаның көптігі сонша, оны санап жатқанда салонның ішін ақшаның исі алып кеткен.
Қазақстанның ұлттық валютасында бар номиналдармен есептесек, бұл жағдай 15 мың доллар көлеміндегі ақшаны 50 теңгелік монеталармен жинағанмен тең.