Қызылбастар еліндегі қазақтар
Иран Ислам Республикасына жасаған арнайы сапарымыз аяқталысымен, қалған екі күнді (ұшақ аптасына бір мәрте ғана қатынайды) текке өткізбей, тағдыр тауқыметімен осы жаққа қоныс аударған қазақ қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік. Туған елді аңсап отырған ағайындарға амандасып қайтуды өзімізге парыз санадық. Ойымызды елшілік өкілдері де құптап, қазақтар көптеп шоғырланған Горган қаласындағы Бандер-е Түркімен ауылында тұратын қазақ ағайындармен жүздесуімізге болатындығын айтты. Астанадан арнайы келген делегация ұшақпен, ал біз – журналистер жеңіл көлікке отырып Теһраннан төрт жүз шақырымдағы кәрі Каспийдің толқынымен тербелген Горган қаласына тартып кеттік. Бір қызығы, бұл елде мемлекетішілік ұшақпен қатынау бағасы теміржол үстінде жүйткіген пойыздан да арзан екен. Ал біз жол бойы қызылбастар мен осы елдегі қандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысып барайық деп жеңіл көлікті таңдадық.
Иранбақтың қазақтары
Қызылбастардың тақыр таулары асқар шыңды Алатаудай менмұндалап көз тартып, мұзарт басы күнмен шағылысып жатпаған соң, бастапқыда көңіліміз толмай, қоңылтақсып қалғанымыз рас-ты. Теһраннан алыстап, теңіз тынысымен тербелген Гүлстан провинциясының Горган қаласына жақындаған сайын жайлаудың жасыл кілеміндей жайқалған алапқа, парсылардың тілімен айтсақ Эрам (Иран) бағына енгендей күй кештік. Оңтүстік аймақ болғандықтан бұл жақта күн әлі жылы. Құрма, мандарин, апельсин, киви сынды субтропикалық жемістер енді-енді пісіп, базар көркін келтіріп-ақ тұр.
Иран қазақтары 1918-33 жылдары аралығында «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп бар қазақтың малын сыпырып алып, халықты жаппай ашаршылықа ұрындырған солақай саясат кезеңінде Маңғыстаудан, Ақтау, Атырау аймағынан Түркіменстан өлкесіне өтіп, содан Иранның солтүстік шекарасындағы Гүлстан провинциясына тоқтаған. Бүгінгі таңда бұл аймақта Алаш ұрпақтарының 1000-ға жуық түтіні қызылбастармен қоян-қолтық араласып, ынтымақта күн кешуде. Өз салт-дәстүрлерін сақтаған, тілі тұнық қандастардың жағдайы көз қуантып, көңіл сүйсінтерліктей екен.
Біз түскен үйдің отанасы Тойжан Бәлиқызының айтуынша, туған жерді қимай қоштасқан ағайынның амалсыз көші түрлі қиындықтарға тап болыпты. «Әке-шешеміз азаппен көшіп келіпті. Түнде көшеміз, күндіз жатамыз деп айтатын. Шөптің басын баулап, үй етіпті. Кейіннен парсылармен еркін араласып, осы жақтың тілін үйреніп, өмір сүру дағдысымен танысып, жағдайларын түзепті», – деп еске алады. Бұл жаққа қанша қандасымыздың қоныс аударып барғандығы туралы нақты дерек жоқ. Тоқсанның бесеуіне келген Жәңгір Көрпе ақсақалдың айтуынша, 30 жылға жуық уақыт бойына қазақтар түркімен жерінде тұрақтай алмай, сүзек, безгекке шалдығып қырылған екен. Содан аман қалғандары парсы жұртының Гүлстан, Мазандаран провинцияларының бірнеше ауылдарында тұрып жатыр. Мұндағы жалпы қандастарымыздың саны алты жарым мыңға жуық.
Дәулет Иембердиев, Горган қаласындағы бас консул:
– Ирандағы қазақтар түрлі салада қызмет етіп жатыр. Машина жасау, мұнай өңдеу, банк ісі, университетте ұстаздық сынды қызметтерде жемісті еңбек етуде. Тұрмыс жағдайы, өмір сүру деңгейі жақсы. Тіпті мыңғырған мал айдамаса да жағдайы өте жақсы қандастарымыз да баршылық. Жастар оқу іздеп барып жатыр Қазақстанға. Жалпы, бұл жақтағы қандастарымыз орнығып, тұрақталып қалған деп айтуымызға болады. Қазір қариялардың көбі балаларының, немерелерінің атамекенге атбасын бұрғандарын қалайды.
Қазақстан халқы ассамблеясының делегациясы Ирандағы қазақтарға шапан жабу сәті
Тілі тұнық қандастар
Қандастарымызға сапарлап бара жатқан кезде көңілде бір қорқыныштың болғаны аян еді. Бізді қажет жерімізге жеткізіп жүрген көлік жүргізуші Болат ағамыз «бұл елде парсылар 60 пайызды, әзірбайжандар 20 пайызды құрайды, одан кейінгі кезекте армяндар, ауғандар, түркімендер тұр. Бірақ та басқа тілде бір де бір мектеп жоқ. Бәрі де парсы тілінде» деген-ді. Содан 80 жылға жуық осы жерде тұрып жатқан ағайындарымыз тілін ұмыта бастаған болар деген заңды сауал мазалаған. Алайда бізді күтіп алған ағайындар «ақсарбасын» айтып, «бауырым-айға» басқанда таң-тамаша болдық. Тілдері таза. Кимешек киген апалар, шапан жамылған ақсақалдар. Құдды өзіміздің ауылдың адамдары сияқты. 76 миллион парсы жұртының ішінде жұтылып кетпей, тілін, ділін сақтаған, салт-дәстүрін берік ұстанған қандастарымызды көргенде қуанышымызды жасыра алмадық.
Иран қазақтары Қазақстан билігінің назарынан тыс қалған емес. Теһрандағы елшілік қазақтар көп шоғырланған Горган қаласына консулдық ашып, қандастарымызды атамекенмен байланыстырып отыр. Газет-журнал, қазақша кітап оқығысы келгендер мен құжатының қисынын келтіре алмай жүрген ағайын бірден консулдық қызметіне жүгінеді. Қандастарымыз Caspionet телеарнасы арқылы еліміздегі жаңалықтарды естіп-біліп отырады.
Ресми жерлерде парсы тілінде сөйлегенмен, қазақтар өз отбасында туған тілінде сөйлеуді қатаң қадағалап, талап етіп отырады. Тілден айырылса ділінен ажырап, болмысын былғайтынын түсінген ақсақалдар мұны жастар жағына үнемі ескертумен келеді. Сондықтан да еңбектегенінен еңкейгеніне дейін тілге деген құрметті сақтап қалған.
Аталар аманатына адалдық
Ата-дәстүр – қазақ үшін бұлжымас заңдылық. Өмір сүру формасына айналған қазақы дәстүрдің Иран қазақтары арасында сақталғанына тағы да көз жеткіздік. Қандасымыз Әбділсаттар Бали сөз арасында «түркімен мен ауғаннан қазақтардың жағдайы жақсы. Біз басқа миллеттерге, әзірбайжан, армян, тіпті қызылбастарға да қыз бермейміз, қыз алмаймыз» деп қалды. Біз елең ете түстік. Қазбалап сұрай бастап ек, Әбділсаттар ақсақал «бұл – аталар аманаты, бізге тапсырып кеткен. Оған адалдық танытуымыз керек. Осы уақытқа дейін біз қызымызды сыртқа шығармадық, басқа ұлттан келін түсірмедік. Ондай жағдай болмайды да. Сондықтан да біз тілімізді сақтап, дәстүрімізді жалғастырып келеміз. Бірақ жеті атаға толмай жастарды қоспаймыз. Келін түсіру, күйеу көру, құдаласу, той жасау салттарымыз, құдайға шүкір, сақталған» деп жауап берді.
Рас, миллионның ішінде отырған аз ғана отбасының береке-бірлігі жарасым тауып, ынтымақта өмір сүретінін ұлттар достығы сынағына айналған өз жерімізде талай көріп, біліп жүрміз. Қалың қызылбастың арасында санасы уланбай, болмысы былғанбай, бітімі құлданбай еркін отырған ағайынның туған жерге деген сағынышы әр жыл сайын құтты қонысқа көш басын түзеп жатқан ұлы салтанатқа ұласуда.
Мұрат Ысмайылов, Қазақстанның Ирандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі:
– Бүгінде бұл елде 6 500-дей қазақ диаспорасы тұрып жатыр. Қазіргі таңда мемлекеттік квота бойынша атақонысқа көшуді ұйымдастырудамыз. Биыл жеті отбасын елге көшіреміз деп жоспарлап отырмыз. Және де екі елдің рухани-мәдени байланысы жақын. Өйткені тарихи тоғысуларымыз да көп болған. Былтырғы жылы Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін парсы тіліне аудардық. Мұхаммед Шатқам деген азаматымыздың арқасында. Оған елшілік мұрындық болып, баспадан шығардық. Алдағы уақытта біраз жоспарларымыз бар. Жалпы, Парсы еліндегі қандастарымыз қағажу көріп жатқан жоқ.
Кілем тоқитын ісмер қазақ әйелдері
Әлемді жаулаған парсы кілемі
Бандер-е Түрікмендегі қара базар
Парсы кілемі қазақы қолда
Қызылбастар еліндегі қандастарымыз арада талай уақыт өтсе де ана тілдерін ұмытпағандарымен қоса, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын берік ұстанған. Қазақтардың тұрмысында қолөнердің, әсіресе кілемнің орны бөлек. Кез келген қандасымыздың үйіне кірсеңіз, қыз-келіншектердің қолынан шыққан кілемдерді көресіз. Қыздың жасауында міндетті түрде бірнеше кілем болады. Бұл жақта қыздар кілемдерін өздері тоқып, әзірлейді. Дәстүрге айналған кілем тоқу үрдісін қазақ қыз-келіншектері арасында кәсіп еткен шеберлер де өте көп.
– Кілемді өзіміз үшін тоқимыз. Оны тоқуға 40 күндей уақыт кетеді. Төрт қыз еңбектенеді. Әрине, кілемнің машинамен тоқылған, базарда дайын сатылатындары да бар ғой. Бірақ бізге осы дәстүрді өлтірмес үшін өзіміз тоқимыз. Бір өкініштісі, біздің қыздарымыз өздерінің жасауларына кілемді өздері тоқиды, ал мына немерелеріміз бұл дәстүрден жырақтап барады, – деп қынжылыс білдірді Тойжан Бәлиқызы.
Қазірде әлем бойынша парсы кілемдерінің бәсі басым. 10 жылға жуық тоқылатыны, ұзындығы бірнеше ондаған метрге созылатыны да бар. Ал бағасы – бірнеше үйдің құны болады. Неғұрлым ұзақ тоқып, талықпай тер төккен қызылбастар мұндай еңбегін 200 мың долларға дейін бағалайды. Көз жайнатқан кілемнің өтпей қалып жатқаны және жоқ.
Рас, Иран қазақтарының бір тобы Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, одан беріде екі мыңыншы жылдардың басында өз күштерімен және Қазақстанның тікелей қолдауымен кіндіктері байланған Отанына орала бастады. Олардың арасында қолынан өнер тамған қыз-келіншектер баршылық. Ендігіде осы шеберлердің басын біріктіріп, арнайы өндіріс орындарын ашса – алдағы уақытта қазақы қол кілемнің төрден ығысып, босағадан орын теппеуіне үлес қосар еді. Сондай-ақ ұлттық қолөнердің үлгісі ретінде қолдан кілем тоқитын шеберлерді сақтап қалуға, шәкірттер тәрбиелеуге жол ашуға мүмкіндік туар еді-ау деген ой Бандер-е түркіменнен ұзап кеткенше маза бермеді.
Ақбөбек пен Қайып: ғашықтар ғазалы
Маңғыстау жерінде болған адам міндетті түрде Ақбөбек пен Қайыптың ғашықтық жырынан, қапалы өмірінен сыр шертетін қисса-дастанның бірнеше нұсқасын естиді. Ақбөбек аруға ғашық болған зергер Қайып махаббат дертінен ақынға айналады. Тау мен тасқа, сайраған құс үніне Ақбөбек есімін қосып шырқайды. Үш мәрте алып қашып, амалсыздан бабалар кесіміне мойынсұнып, ғашығынан айырылған қайран Қайып түркімен жерінде көз жұмған екен. Ал Горгандағы қазақтар ауылына келін болып түскен Ақбөбек отасқан жарымен тату-тәтті өмір сүріп, үбірлі-шүбірлі болса да, Қайыпқа деген сезімін суытпай, өлер алдында Қайыптың қолынан шыққан жүзік-білезігіне қарап жатыпты. «Қайыптан қалған қайран дүниелер... Иісі Маңғыстау білетін Ақбөбек едім ғой. Сүйегіме түскендер алсын, көздеріндей көріп жүрсін. Алла шын ғашықтарды ана дүниеде қосады деуші еді ғой. Қайыппен сол жақта жүздесермін. Ақбөбек пен Қайыптың есімі әрқашан қатар айтылады» деген екен ауырып жатқан сәтінде.
Ақбөбектің өмірден озғанына алпыс жылға жуықтапты. Тоқсанның бесеуіне келген Жәңгір Көрпе ақсақал «Ақбөбектің көзін көрдік қой. Өте сымбатты, өжет, өр еді» деп еске алады. Өткен ғасырдың ортасында Горган қалашығының шеткері тұсында қазақ қауымшылығы болған екен. Уақыт өтіп, замана бедері қалыңдай түскенде қала аумағы кеңейіп, шеткері тұрған қазақ қауымшылығы қаланың қақ ортасында қалып қояды. Ақбөбектің сүйегі сол арада. Жергілікті билік әу баста сол жерді түзеп, қала салмақшы болған. Бірақ қазақтың бас көтерерлері жоғарыға сөзін өткізіп, ол жерді үй салудан аман алып қалыпты. Есесіне, жергілікті билік ол жерге ағаш отырғызып, паркке айналдырыпты. Сол парктің ішінде Ақбөбектің бейіті бар дейді ақсақалдар. Басына екі ағаш отырғызылған. Сол екі ағаш – белгі іспеттес. Осыдан екі жыл бұрын Ақтаудан азаматтар келіп, Ақбөбектің басына мазар тұрғызуға ақылдасып, мақұлдасып тарасыпты. Қазір қандастарымыз сол азаматтардың жолына үмітпен қарап жүр.