Шіркеу және секс-шоп
Ресей православ шіркеуі ел арасындағы «ересектерге арналған дүкен» аталып кеткен, яғни, тән ләззатын қанағаттандырып, төсек қатынасында тоят алуға бастайтын, нәпсіні қоздыратын бұйымдар сататын сауда орындарын жабуды талап етіп жатыр.
Бұл туралы islam.kz порталы «Россия 24» телеарнасындағы «Шіркеу және әлем» деп аталатын бағдарлама эфирінде осындай мәлімдеме жасаған Мәскеу патриархаты митрополитінің сыртқы байланысқа жауапты синодалды бөлімнің жетекшісі Иларионға (Алфеев) сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Бұл арада секс-шоп, дәлірегі, секс индустриясының көрігін қыздырып отырған тұтас сауда желісі турасында сөз болып отыр.
Бизнестің бұл тұрпайы түрі қоғамда зинақорлықтың етек алып, отбасы институтының әлісреуіне себеп болып отыр.
РПШ (ресей православ шіркеуі) өкілі азғындық пен арсыздықтың кез келген түріне қоғам болып тойтарыс берудің маңыздылығын жеткізді. Тек секс-шоп дүкендерін ғана емес, азғындық ордасына айналған түнгі клубтарды, жасанды түсік жасайтын ауруханаларды жабуды да талап етіп отыр.
Десе де дін мен мемлекет бөлек, шіркеу ел билігіне мұндай талап қоймауы тиіс. Алайда, шіркеудің басты міндеті кез келген азғындықтың алдын алу болғандықтан мұндай арсыздыққа көз жұмып қарап отыра алмайды.