Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2921 адамға жетті
Түркияда зілзаладан құрбан болғандар саны 2921 адамға жетті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жарақат алғандар 16 мыңға жуықтаған.
Алғашқы 7,8 балдық зілзаладан кейін кемінде 17 рет жерасты дүмпуі тіркелген.
Соңғы ақпарға қарағанда Анкараның шетіндегі Гёльбаши мекенінде тағы 5,6 балдық жер сілкінісі қайталанған.
Түркияда бүгіннен бастап 12 ақпанға дейін жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бір апта бойы елде мемлекеттік ту жартылай түсірілмек.
Ал түрік ағайынның қайғысына Қазақ елі де ортақтасты. Еліміздің Түркиядағы елшілігі мен Ыстамбұл және Анталия Бас Консулдығы туыстас жұрттың қасіретін бөлісіп отыр.
Түркия халқы бұл күні бір-біріне қол ұшын созып әбігер болып жатыр. Бірі қанын берсе, екіншісі суық күнде жылытатын ыстық көрпесін бөлісті.
Соңғы ақпар бойынша аймақта, 5600- дан астам ғимарат қирап, тұрғындар үйінді астында қалған. Іздестіру-құтқару жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Көмек ұсынған елдердің экипаждары жұмысқа кірісті. Қазақстандық топ бүгін Газиантеп провинциясына табан тіремек.
Елде бір аптаға мектептер мен университеттер жұмысын тоқтатты.
Темір жол мен ұшақ сапарлары белгісіз мерзімге дейін қызмет көрсетпейді.