Жапония қысқы Азия ойындарына қызу дайындық үстінде
Жапония VIII қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық үстінде. Соңғы Азия ойындары 2011 жылы біздің елде өткені белгілі. Одан кейінгісі келесі жылы өтуі тиіс еді. Алайда Олимпиада кеңесі бұл доданы Қысқы олимпиада өтетін жылмен тұспа-тұс өткізу керек деп шешті. Хоккайдо аралында дайындық қалай жүріп жатыр? Жапон халқы қазақстандық спортшылардың қайсысына бәс тігеді? Жапония қысқы Азия ойындарының отаны саналады. 1986 жылғы ең алғашқы Азияда осы елде өткен болатын. 30 жылда 7 ойын өтті. Соның бірі қазақ жерінде ұйымдастырылғаны есімізде. Сол жылы қысқы Азия ойындары тарихында алғаш рет жарыстар екі қалада өтті. Бұл дәстүрді күншығыс елі де жалғастыруды жөн көрген. Мұнда спотшыларды Обихиро және Саппоро қаласында қарсы алады. Катцухиро Акимото, Саппоро қаласының мэрі: - Саппороның өз ерекшеліктері бар. Қалаға түрлі шаңғы демалыс орындары жақын орналасқан. Қала орталығынан жақын маңдағы шаңғы курортына дейін көлікпен небәрі жарты сағатта жетуге болады. Біз шаһарымызды Азиядағы қысқы ойындарына қолайлы қала ретінде танытуды көздейміз. Масааки Хосокава,Обихиро қаласының мәдениет және спортты дамыту қорының бөлім басшысы: - Біз үшін бұл жарыстың маңызы зор. Дайындық жұмыстарына небәрі 1 жыл қалды. Мыңдаған адам жұмылдырылады. Қазір шараны ұйымдастыру бойынша тренингтер мен семинарлар өткізілуде. Инфрақұрылымға келер болсақ, біз ең алдымен сапалы мұз айдынын жасауды көздейміз. Бәрін жоғары деңгейде өткізгіміз келеді. VIII Азия ойындарына 45 елдің спортшылары қатысады. Олар спорттың 11 түрі бойынша бақ сынамақ. Әзірге ең көп алтын алқа иеленгендердің алдыңғы шебінде Жапония мен Қытай спортшылары тұр. 2011 жылы өз елімізде өткен ойын нәтижесінде қазақстандық спортшылар да жоғарыдан көріне білді. Жапондықтар бұл ойында атлеттерімізді үздіктер қатарынан көретіндеріне сенімді. Кадзумаса Ямая, Саппоро қаласының қысқы музей командасының мүшесі: - Шаңғымен секіру бойынша ағайынды Жаппаровтарды білеміз. Олардың деңгейі жоғары. Азия шеңберінде үздіктер қатарында, сондықтан ең алдымен сол командадан сескенеміз. Масаюки Кавахара, жаттықтырушы: - Конькимен жүгіру бойынша қазақстандық спортшы Бабенконы, Кузинді мықты дер едім. Менің ойымша, олар жоғары нәтиже көрсетеді. Жапониядағы Азия ойындары келер жылы ақпанның 19-ы мен 26-сы күндері өтеді. Жоспар жүзеге асса, бұл күншығыс елі ұйымдастырған төртінші ойын болмақ. Бұдан кейін Саппоро қаласы Қысқы олимпиада мен 2026 жылғы Паралимпиада ойындарын өткізу бойынша бақ сынап көрмек.
Авторы: Әйгерім Уразалиева
www.24.kz/kz/zha-aly-tar/sport/item/106200-yzu-dajyndy-stinde