АЛШЫН ШЕЖІРЕСІ
(Жаңаша көзқарас)
Кейбір деректер бойынша қазақтың екі жүзден астам ру шежіресі бар. Алайда, «Біздің бұл қазақта тасқа таңба басқандай анық шежіре жоқ» деп Мәшһүр Жүсіп айтқандай, шежіреміздің көбі он-шақты атадан әрі қарай көмескілене береді. Оларды жинаған, жазған адамдардың шежірелік білімі әртүрлі болғандықтан ойдан шығарылған кейіпкерлерді қосу белең алған. Оның үстіне руына тарту, әркім өз ата-бабасын әспеттеу, дін өкілдерін енгізу сияқты кемістіктер кездеседі.
Бүгінде заманауи технологияларды қолдану арқылы төл шежіреміздің кемшін тұстарын толықтыруға мүмкіндік туды. Ғаламтордағы сайттардан қазақ рулары мен тайпаларының генеалогиясы, таңбасы, ұраны туралы сан-алуан ақпарат алуға болады. Ғылымның жетістіктерінің арқасында соңғы жылдары генетикалық зерттеулердің жаңа бағыттары пайда бола бастады. Соның бірі генетикалық генеалогия немесе ДНК- генеалогия. Кәдуілгі генеалогия мұрағат құжаттарына немесе шежірелерге сүйенсе, генетикалық генеалогия биологиялық құжатқа- ешқашан жаңылмайтын адам ДНК-сына сүйенеді. Генетикалық генеалогияның бір қасиеті – ДНК-ның атадан балаға өзгеріссіз берілетін бөлігіне- Ү- хромосомаға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Елімізде қазір америкалық Family Tree DNA компаниясының келісімімен коммерциялық Shejire DNA жобасы жұмыс істеп жатыр. Жобаның директоры Нұрбол Баймұқановтың айтуына қарағанда, бүгінде мыңға тарта адам генетикалық сынақтан өткен, оның 200-ге жуығы Алшындар.
Мен де осы жоба арқылы ДНК-тест тапсырып, ата-бабалық гаплотобымның С3с (С-М48) екеніне көз жеткіздім. Бұл гаплотопты генетикалық генеалогиямен айналысып жүрген кейбір қазақстандық ғалымдар «Алшын кластері» деп те атап жүр.
Серік Дәулет