Ғалымдар вирустардан қорғайтын ерін далабын жасады
Таяу болашақта далап медииналық масканы алмастыруы мүмкін, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл жайында islam.kz тілшісі ACS Applied Materials and Interfaces басылымына сілтеме жасап жазды.
Соңғы жылдары түрлі жұқпалы індет жиі бас көтеретін болып жүр. Вирустан қорғану және жұқпалы індеттің таралуының алдын алу өзекті мәселеге айналды.
Осыған байланысты испандық ғалымдар бактериялар мен вирустардан қорғауға қабілетті ерін далабын әзірледі. Аталған далап тұмаудан бастап, аса қауіпті Эбола, COVID-19 секілді жұқпалы індеттерден қорғай алады.
Зерттеушілер бұл тарапта мүкжидек қосылған ерін далабы түбінде медициналық масканы алмастыра алады деп есептейді.
Ғалымдар жидек сығындысының микробқа қарсы әсері бар екенін және олар ағзаға түскен кезде әртүрлі инфекцияларды тудыратын қоздырғыштардан қорғайтынын анықтады. Дәлірегі, ғалымдар мүкжидек сығындысын ши майы, Е дәрумені, В5 провитамині, бабассу майы және авокадо майынан тұратын кремді ерін далабы негізімен араластырып, қою қызыл реңкке ие далап әзірледі.
Сарапшылар құрамында вирустар мен бактериялар бар қоспаны Петри табақшаларына салып (Петри тостағаны — аласа әрі жалпақ келген цилиндрлі, әйнек не пластмассадан жасалған, қақпағы бар ыдыс, неміс бактериологы Юлиус Рихард Петридің құрметіне аталған, ол Роберт Кохтың ассистенті болған. Микробиология және химияда қолданылады – Уикипедия электронды энциклопедиядан) ерін далабын сынап көрді және өнім вирустармен байланыста болғаннан кейін бір минуттан кейін олардың өсіп-өнуін тоқтатқанын атап өтті.