Адамдар топастанып барады
Қазақ «оқымаса ой тоқырайды» дейді. Кітап оқу адам миының жұмысын жақсартып, сана көкжиегін кеңейтеді. Бұл – дау туғызбас шындық. Ал қазір адамдар, оның ішінде өсіп келе жатқан жастар арасында кітап оқу деңгейі өте төмен. Өте төмен дегеннің астарында бірлі-жарым кітап оқығандар ғана емес, мүлдем кітап бетін ашпайтындар да жатқанын айта кетуге тиіспіз.
Кітап оқу қажеттілік емес
Иә, қазір адамдар, оның ішінде елдің болашақ тізгін ұстар – жастары мүлдем кітап оқымайтын болды. Неге десеңіз, қазір кітап оқу қажеттілік болмай қалды. Біз оқыған кеңестік мектепте кітап оқуға балаларды міндеттейтін. 4-ші сыныптан бастап емтихан тапсырамыз, ал емтихан сұрақтарына жауап беру үшін оқулықтан бөлек қосымша кітаптар да оқуға тура келетін. Сондай-ақ, ол кезде теледидар енді ғана шығып жатқан, ал ұялы телефон деген атымен болмайтын. Яғни, балалар жаппай кітап оқитын.
Қазіргі жастарға кітап оқудың еш қажеттілігі болмай қалды. Мектеп бағдарламасында қосымша әдебиеттер қарастырылған да шығар, бірақ оны оқып бас ауыртудың іс жүзінде еш қажеттілігі жоқ. Тест тапсыру үшін кітап оқу сияқты басы артық шаруаның оншалықты қажеттілігі бола қоймайды. Берілген сұраққа дайын төрт-бес жауаптың бірін таңдау көп оқуды қажет етпейді. Тіпті, кейбіреулер тисе терекке, тимесе бұтаққа деп тестіні қалай болса солай толтырып, жолы болып жоғары бал алады екен.
Сонымен бірге, қазіргі жастар үшін бос уақыттарын өткізетін құралдар жетерлік. Жүздеген каналды көрсететін теледидардан бастап, интернет қосылған ұялы телефондар, планшеттер, компьтерлер – бәрі қолжетімді. Қалаған ақпаратыңды алып, көңілің қалаған киноны көруіңе, түрлі ойындар ойнауыңа мүмкіндік бар. Бұның бәрі жастардың кітап оқуына кедергі келтіреді.
Тоқыраған ұрпақ
Кітап оқымайтын ойлары тоқыраған бүтін бір ұрпақ өсіп келеді. Еліміз, ұлтымыз үшін ең қауіптісі де осы. Мен өткен жылы бір үлкен мекеменің қызметкерлерін аттестациялауға қатыстым. Үш жүзге тарта мемлекеттік қызметкер аттестациядан өтті. Араларында екі-үш жоғары білімі бар жастар бар. Өкініштісі сол, солардың бір де бірі кітап оқымайды екен. Бәрі жаттап алғандай Әуезовтың «Абай жолын» оқыдым дейді. Ал кітап туралы қазбалап сұрай бастасаң, мүлдем оқымағаны белгілі болады. Сорақылығы сол, жоғары білімді жас мемлекеттік қызметкерлер қазақтың бір де бір ақын-жазушысының атын да, кітабын да білмейді.
Енді мына ақиқатқа назар аударып қараңыз: егер сіз дене жаттығуын күнде жасап жүрсеңіз, онда бұлшық еттеріңіз өсіп, денсаулығыңыз жақсарады және күш-қуатыңыз артады. Егер сіз күнде жүз грам арақ ішіп жүрсеңіз, бір-екі жылдан соң арақ ішпесе жүре алмайтын маскүнемге айналасыз. Яғни, сіз кез-келген шаруаны үнемі қайталап жасап жүрсеңіз, жақсы ма, жаман ба нәтижеге жетесіз. Бұл – ақиқат.
Сол сияқты, егер сіз мүлдем кітап оқымасаңыз, онда миыңыздың жұмысы нашарлап, таным көкжиегі тарылады. Яғни, тоқырап, топастана бастайсыз. Әдеби көркем кітаптардың өзі адамның таным көкжиегін көп кеңейтеді. Өйткені, онда қызықты оқиғалар ғана емес, түрлі халықтардың салт-дәстүрі, адамдардың ұстанымы, ой-толғанысы, түрлі тағдырлар, тарихи оқиғалар, басқа да өмірдегі шынайы жайлар баяндалады. Соларды оқи отырып, таным көкжиегіңіз өз-өзінен кеңи түседі.
Әдеби кітаптар оқудың тіл байлығыңызды жетілдіріп, сөз қорыңызды көбейтетіні тағы бар. Әдеби кітаптардан сіз жақсы мен жаманды айырып, жамандықтың адамға залал келтіретінін, жақсылық жасау арқылы айналаңызға сүйкімді болып, Жаратқанның шапағатына бөленетініңізді санаңызға сіңіресіз. Яғни, кітап оқыған адам жамандықтан аулақ болуға тырысады.
Егер сіз мүлдем кітап оқымайтын болсаңыз, онда жоғарыда айтқанымыздай, оыңыз тоқырап, миыңыздың ойлаумен айналысатын учаскелерінің жұмыс істеу қабілетін азайып, ақырсында өліп өшіп қалмақ. Медицинада мынадай түсінік бар: адамның жұмыс жасамайтын мүшесі көп ұзамай семіп солып, әлсірейді. Ескекшілердің қолы күшті болса, велосипед спортымен айналысатындардың керісінше аяқтарының бұлшық еттері жақсы жетілген. Ал мамық креслода күнұзақ отырып, қозғалмайтын адамның аяқ бұлшық еттері әлсіреп, қозғалысы қиындайды.
Осылардан не түюге болады? Егер сіз өміріңізде бір де бір кітап оқымаған болсаңыз және өзіңізді бәрін білетін ақылды санасаңыз, онда бұныңыз жалпақ тілмен айтқанда ЖАЛҒАНДЫҚ. Сіз күнұзақ әлеуметтік желіде отырып, әнші жұлдыздардың ойнап-күлгенін, кіммен жүретінін, кімге ғашық екенін оқығаннан ақылыңыз толысып кетпейді. Керісінше топастана түсесіз. Миыңызды жұмыс істетіп, ақылыңызды толыстырудың жалғыз жолы – КІТАП ОҚУ. Басқа жол жоқ.