Алаш АЙМАҚ
АТЫРАУДЫҢ АЛЫП ЖОБАЛАРЫ
Атырау – еліміз бойынша ең көп инвестиция тартып отырған аймақ. Қаражат көп шоғырланған, ірі өндіріс орындары бар, болашағы зор Атырау аймағы республика бюджетінің негізгі доноры болып саналады. Соңғы екі жылда ғана облыста құны 43 млрд теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында өңірдегі өнеркәсіп өндірісі 44 пайызға артып, 130 кәсіпорын ашылды. 30 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Химия өнеркәсібі қолға алынды. 4 млрд 290 млн теңгенің резина және пластмасса өнімдері шығарылды.
Биылғы бірінші тоқсандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 771536,8 млн теңгеге тең болып отыр. Аймақтағы ЖӨӨ үлесі еліміздің жалпы ішкі өнім көлемінің 12,9 пайызын құрайды. Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі республикалық рейтингте өнім өндіру көлемі бойынша Алматы қаласынан кейінгі екінші орында, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ республикада бірінші орынға ие.
«Атыраулықтардың ел өміріндегі, тәуелсіз мемлекетіміздегі алар орны ерекше. Атырау – мұнайлы өңір, бірақ басқа да өндірісті өркендету керектігі жөнінде менің тапсырмам бар. Соған байланысты мұнай өңдеу, басқа да өндіріс, маман дайындау істері өсіп-өркендеп келе жатыр».
ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВ
ҚАРА АЛТЫН – КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ
Деректерге жүгінсек, қазақ жеріндегі мұнайдың мөлшері 4,8 млрд тоннаға жетеді екен. Бұл – әлемдегі мұнай қорының 3 пайызы. Ал осы шикізаттың 40 пайызы Атырау облысы аумағында орналасқан. Мұнайлы мекенде қара алтын өндіру көлемі күн санап артып келеді. Мәселен, енді бір 10 жылдан кейін бұл меже жылына 150 млн тоннаға жеткізілетін болады. Еліміздегі байырғы кәсіпорындар санатындағы Атырау мұнай өңдеу зауыты индустрияландыру бағдарламасы бойынша «Хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысының» жобасын бастап кетті. Бұл жобаның нәтижесінде зауыт өнімі еуропалық талаптарға сай өнім шығаратын болады. Еуро-4 және Еуро-5 стандартты бензиндері әзірге елімізде жоқ, аталған жобаның арқасында енді бірер жылда бензиннің бұл түрі Атырауда өндіріле бастайтын болады. АМӨЗ-дің қазіргі шығарып жатқан жанармайларында бензолдың үлесі 5 пайызды құрап отыр. Бұл – өте көп мөлшер. Еуро-4 стандартына қол жеткізгенде, оның мөлшері 1 пайызға дейін төмендейді. Экологиялық ахуалы асқынып тұрған еліміз үшін аса қажет.
ГАЗ-ХИМИЯ КЕШЕНІ – ТЕҢДЕССІЗ ЖОБА
«Құны 6,3 млрд доллар тұратын Атырау газ-химия кешенінің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз ету қажет, ол жыл сайын 500 мың тонна полипропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шығаруды қамтамасыз етеді. Мұндай өнімді біз Қазақстанда әлі шығарған емеспіз». (Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан).
Газ-химия кешеніне қажетті басты шикізат – этан қоспалары қазір өндіріліп жатқан газдың құрамында 16 пайыз мөлшерде кездеседі. Бұл – аталған кешеннің келешегі кемел боларына деген басты алғышарт. 2015 жылы мұнай-газ саласында өнім өндіру көлемі жылына 17 млн тоннадан 88 миллионға дейін өседі. Яғни мұнай мен газдан алынатын дайын өнім деңгейін көтеруге де мүмкіндік мол болмақ.
ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ ӨРІС КӨП
Қара алтын өндіріп, игеру үшін қажетті нығыздағыштарды дайындайтын «Новус Силинг Каспиан» ЖШС-нің жұмысы былтыр Астана күнінде басталған еді. Америкалықтармен бірлескен бұл жобаның өнімдері Чикагоға экспортқа шығарылып та үлгерді. Ірі мұнай мекемелерімен тығыз байланыста еңбек етіп жатқан кәсіпорын жылына 200 мың нығыздауыш шығаруды жоспарға енгізген. Бүгінге дейін 8000 өнім дайындады. Мекеменің менеджері Жаңабай Алшынбеков алдағы уақытта Ресейдегі, Сібірдегі кен орындарына өз тауарларын сатуды мақсат етіп отырғандарын айтады.
ГАЗ ТУРБИНАЛАРЫ ЖӨНДЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Орталық Азияда газ турбиналарын күрделі жөндеуден өткізетін тұңғыш және әзірге жалғыз зауыт Қазақстанда, оның ішінде Атырауда орналасқан. «КазТурбоРемонт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып отырған бұл жобаның қуаты жылына 18 күрделі және 12 ағымдағы жөндеу жүргізуге лайықталған. Бұрын облыстың Құлсары, Мақат, Бейнеу, Опорная елді мекендеріндегі газ турбиналары Ресей мен Украинаға апарылып жөнделетін болса, енді олар бізге келмекші.
ХИМИЯЛЫҚ РЕАГЕНТТЕР КЕҢ ҚОЛДАНЫСТА
Мұнай-газ саласына қажетті химиялық реагенттерді даярлайтын зауыт – «РауанНалко» ЖШС – қолға алған еліміздегі осындай тұңғыш нысан. Құны 1 млрд 800 млн теңгелік жоба жылына 4700 тонна ерітінді дайындайды. Бұл – өз кезегінде еліміздегі мұнай-газ өндіруші компаниялардың сұраныстарын қанағаттандыруға жеткілікті мөлшер. Кәсіпорын еліміздің ғана емес, ТМД елдерінің де реагентке деген сұранысын өтей алады. Жақын жылдары мұнай-газ саласына керек ерітіндінің қазақстандық үлесін бүгінгі 50 пайыздан 90 пайызға жеткізу жоспарлануда. Әзірге кәсіпорын химиялық реагенттердің 40 түрін дайындайды, болашақта бұл санды 70-ке жеткізу ойда бар.
Ел экономикасының локомотивіне айналып отырған Атырау өңірінде бұлардан өзге де құлашын кеңге жайған жобалар жетерлік. Олардың қай-қайсысы да тек бір облыстың ғана емес, күллі Қазақ елінің өрістеп-өркендеуін мақсат етеді. Топырағында мұнайы, суында бекіре балығы елдің шырайын кіргізген аймақтың жаңа жобалармен жарқын болашаққа ғана беттері анық.
«Хан ордалы САРАЙШЫҚ»
Атырауға аяқ басқандардың Алтын Орда дәуірінде астана болған Сарайшық қаласының тарихи орнына табан тіремейтіні кемде-кем. Мұнда тарихшы-зерттеуші, облыс қонақтарынан басқа да осы орынды көру үшін шет мемлекеттерден арнайы келетіндер де аз емес. Атырау облысының орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан ежелгі астананың тарихи орны мемлекет қамқорлығына алынған.
Қасым хан хандық құрған кезеңде саяси-экономикалық тұрғыда айрықша дамыған, ғылыми орталық болған Сарайшықта бүгінде «Хан ордалы Сарайшық» мұражай қорығы жұмыс істеп, өткеннің ұлағатын ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөл атқарып тұр. 1999 жылы қыркүйекте ашылған кешен үш құрамнан тұрады. Оның алғашқысы – хандар пантеоны. Сол тұста облысты басқарған Иманғали Тасмағамбетовтің идеясынан туындаған бұл пантеон сегіз қабырғадан құралған. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Мөңке-Темір, Тоқтағу (Тоқты), Жәнібек, Әмір – Оқас, Қасым хан, Ших Мамай, Жүсіп хандардың есімдері осылайша тәуелсіз елдің төрінде тағы бір жаңғырды.
Ал мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылып, ХІV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған. Кешен ішіндегі мешітте ата-бабалар рухына дұға бағыштап, өткенге иман тілеу үнемі орындалып отырады.
Кешеннің үшінші бөлігі – қазба орны. Жайық өзенінің иінінде орналасқан жалпы көлемі 600х600 метр алаңқайды алып жатқан қазба орнында жаз айларында Ә.Марғұлан атындағы Қазақ археология институтының Батыс филиалының экспедициясы жұмыс істейді.
Ата-бабамыз жүріп өткен жолды тағы бір саралап, ұлт мұрасын ұлықтау мақсатында биыл Атыраудағы «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қоры «Сарайшықтан – Астанаға» атты этно-мәдени экспедиция жұмысын бастады. Облысқа қарасты аудандар мен елді мекендерді түгел аралап, ұлттық құндылықтар мен жәдігерлерді жинақтаған «Жерұйық» жұмыстарының алғашқы нәтижесін Астана күніне орай «Хан ордалы Сарайшық» кешеніне көрме ұйымдастырып көрсетті. Ал экспедиция қорытындысы биыл Тәуелсіздік күнінің қарсаңында астаналықтар назарына ұсынылатын болады. «Өшкенді жандырып, өлгенді тірілткен» бұл шара – ұрпақтар сабақтастығын назарға алған ұлағатты істің бірі.
Атырау – алапат күйдің отаны
Домбыраның қос шегінен төгілген құдіретті күй өнері өркендеген өңірдің бірі де бірегейі – Атырау жері. Қазақтың ұлттық аспабы арқылы халық өнері мен дәстүрін күллі әлемге паш еткен Құрманғазы Сағырбайұлының кіндік қаны тамған, күй анасы Дина Нұрпейісова қанаттанып шыққан Атыраудың атын осы бір қасиетті өнерден бөліп қарау мүмкін емес.
Құрманғазының ұстазы Ұзақ күйшіден басталатын дүлдүлдер тізімі ерен шабытты Ерғали мен Жаңбырбай, Соқыр Есжан мен Түркеш, Сейтек, Дәулеткерей мен Салауаткерей, Бала Майсан секілді басқа да есімі ел есінде қалған тұлғалармен жалғасады. 1920-1975 жылдар аралығында Құрманғазы дәстүрін жалғастырған домбыра дарабоздары Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, Карима Сахарбаевалар бір төбе. Күй өнерінің бүгінгі ұрпаққа жетуіне өлшеусіз үлес қосқан Қаршыға Ахмедияровтың есімі тәуелсіз Қазақ елінің көгінде мәңгі өшпес шоқжұлдыздай жарқырары хақ.
Қазақ күйінің аққуына айналған Айгүл Үлкенбаева да – Атыраудың түлегі. Оның ізін жалғаған Айгүл Батырқайырова, Сәбира Бейбатырова, Сәния Ерғалиева сынды домбырашы қыздардың да болашағы зор.
Өткен ғасырдың орта тұсында, 1957 жылы Атырауда 500 адам күй тартқан тосын концерт болып, оған арнайы келген атақты дирижер Нұрғиса Тілендиев жетекшілік етіп, бүкіл елді таңғалдырып еді. Осы үрдіс араға 50 жыл уақыт салып, 2010 жылы қайталанды. Бұл жолы сахнаға 650 адамдық оркестр шығып, «Атырау – күйдің отаны» деген қанатты сөзді тағы бір дәлелдеп берді.
БАЛЫҒЫ ТАЙДАЙ ТУЛАҒАН...
Мұнай мен газдың мол қорынан кейінгі Атыраудың байлығы – балығы. КСРО кезінде атағы дүрілдеген «Атыраубалықтың» жұмысы қазір бәсеңдегенімен, оның орнын басқан «ЖайықБалық» мекемесінің жұмысы жолға қойылып келеді.
Еліміздегі балық өнеркәсібінің бір кездегі көшбасшысын қалпына келтіруге бағытталған бүгінгі шаралар нәтиже берген кезде жылына 10 мың тоннаға дейін балық өндіруге қол жеткізетін боламыз. Тауарлық өнімнің жалпы кірісі алдын ала есептеулер бойынша 1,5-2 млрд теңгені құрамақ. Әлеуметтік салада 700 адамды тұрақты және 500 адамды маусымдық жұмысқа тарту мәселесі де шешілетін болады.
Дерек пен дәйек
Атырау облысы1938 жылы құрылған. 1992 жылға дейін Гурьев облысы болып аталды. Облыстың аумағы – 118,6 мың шаршы метр, Облыс орталығы – Жайық өзені бойында 1640 жылы құрылған қазіргі Атырау қаласы.
Облыста жеті аудан, екі қала, алты кент және170 ауыл бар. Халқының саны 530,6 мың адамды құрайды. Атырау мен Астананың арақашықтығы – 1810 шақырым.Аймақта қазақ халқының үлесі – 91 пайыз, одан бөлек, орыс, украин, неміс, белорус пен татар ұлтының өкілдері тұрады.
ТЕҢДЕССІЗ СУСЫН – «СОФМАЙЯ»
Атыраулық ғалым, биология ғылымының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Софья Сағындықова ұстазы Майя Шығаевамен бірге ұлттық сусынның бірі – шұбаттың құнарлылығын арттыру жөнінде ғылыми жаңалық ашып, теңдессіз сусын ойлап тапты. Оған олар өз есімдерінің алғашқы буындарын қосып, «Софмайя» деген ат қойып, айдар тақты. Патентті де алды.
Сусын құрамы қызылша мен шұбаттан тұрады. Қызылша концентратына пайдалы микроағзалар мен түйе сүтін қосу арқылы жасалатын сусын қант сіңіру қасиетіне ие, ғалымдар «Софмайяның» әсіресе қант диабеті-сусамыр ауруына берер шипасы мол екенін айтады. Арнайы әдіспен ашытылған шұбат сондай-ақ асқазан-ішек жұмысын қалыпқа келтіріп, иммунитетті көтеретін қасиетке ие. Ғалымның айтуынша, бұл шырын адамның қатерлі ісік ауруларына қарсы тұру қабілетін арттырады.
«Софмайя» өндіріс желісінің құны 400 мың долларға бағаланып отыр. Бір басына бірнеше қасиетті жиған сусын әзірге нарыққа әлі шыға қойған жоқ. Софья Зұлқарнайқызы ғылымдағы бұл жаңалығы туралы семинар өткізу үшін өткен жылы Дүниежүзілік банктің 3,5 млн теңге көлеміндегі грантын ұтып алды. Ал бұған дейін Ислам елдерінің мәдениеті мен өнеріне қолдау көрсететін ISESCO халықаралық ұйымының алтын медалі мен арнайы грантын жеңіп алған болатын. Микробиолог ғалымның ғылымдағы жетістіктері мұнымен ғана шектелмейді, ол – 50-ден астам ғылыми жаңалықтарға алынған патенттің иесі. Ал сүт қышқылы бактерияларын балық турамасында қолдану жөніндегі еңбегі қазірдің өзінде елдің қызығушылығын тудырып отыр.
Аңыз бен адам
1.Халел Досмұхамедов (1883-1939) Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген.
Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым.
2.Хиуаз Доспанова (1922-2008) Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келген.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы. Халық Қаһарманы.
3.Жұмекен Нәжімеденов (1935-1983) Атырау облысы Құрманғазы ауданында туған.
Еліміздің Әнұраны авторларының бірі. Көрнекті ақын. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.
Бетті дайындаған: Бақытгүл БАБАШ, Атырау. e-mail: bakitgul.81@mail.ru.Тел: 87015533653.