Алаштың арда ұлы

Алаштың арда ұлы

 Өзім тәлімі мен тағылымын, өсиеті мен өнегесін өмірлік ұстанымыма ту етіп, жанында жүргенімді мақтан тұтатын аз жақсының бірі – кеше ғана дүниеден өткен қазақтың арыс азаматы Рымғали Нұрғали аға еді. Рекеңді бір кісідей білем десем, еш жалғандығы жоқ... Оған куә – осынау естелік.
Әрине, Рымғали ағаның азаматтық тұлғасы, ұстаздық ұлағаты, ғалым ретіндегі әдеби-ғылыми ізденістері туралы аз жазылған жоқ. Біздің мақсат – өзіміз куә болған жайттар негізінде ағаның азаматтық тұлғасын асқақтату.

Атақ-даңқын тізбелесең, бір кітапқа жүк болар академик Рымғали Нұрғалиды алғаш сон-а-ау ХХ ғасырдың 70-жылдарының орта тұсында көрдім. Жоғары оқу орнына өмір жолдарынан өтіп, есейіңкіреп түссек те, студенттің аты – студент. Алғаш келгенде, кімдер сабақ жүргізеді екен деп сабақ кестесіне таласа-тармаса қарап, көп нәрсені таңсық көретін әдет бар. Сонда бір байқап қалғанымыз – мақалаларын, кітаптарын қызыға оқығанмен, өзімізге өте жас боп көрінетін Рымғали ағайымыздың жоғарғы курстарға арналған сабақ кестесіндегі аты-жөні тұсында ғылым докторы деген анықтама тұратын. Біраз күндер өткен соң, сабақ кестесі ауысқанда қарасақ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент деген анықтама жазылып қалыпты. «Бұ несі екен?» деп, жоғарғы курстардағы «данышпандардан» сұрастырғанда барып, көп нәрсенің жайына қанықтық. Ғылым жолының «инемен құдық қазғаннан» да қиын екендігін сонда көңілімізге бір түйгенбіз. Не дегенде де, құдықты инемен өзің қазасың ғой, ғылымды «қаздырмайтындар» да бар екен. Сырттай жақсы көретін ұстазды әрі аядық, әрі ол кісіге деген жүрек жылылығы бұрынғыдан да арта түсті.

Құдай берем десе, оңай ғой. Бір күні үшінші курста оқып жүргенімізде, жоғарғы курста дәріс оқитын Рекең бізге «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» пәнінен Сейділда Ордалиев ағайымыздың орнына сабақ өткізуге келді. Ана кісінің бір жағдайы болып өтінген соң, кірген болуы керек.

Көп нәрсенің көзі ашылмай тұрған, ұстаздар аса шешіле бермейтін кезең емес пе?.. Сонда да Рекең ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің өзекті мәселелері туралы келелі ой қозғап, кейбір аты аталмайтын кісілер туралы сипай ғана әңгімелеп, бір-а-аз жайттың басын ашты. Бір сәт өзінің тым тереңдеп кеткенін байқап қалды ма, дәрісін кілт тоқтатып: «Араларыңда ақын бар ма?» – деп сұрады. Арамыздағы Бақытжан Райысова бастаған «ақиық» ақындарымызды алға шығардық. Ұстаз олардан өлең оқуын өтінді. Ақындарымыздың ұяла-ұяла оқыған өлеңдерін беріле тыңдап алып, ақындық болмыс, ақын табиғатын, талантты уақытында бағалау туралы толғана сөйлеп, тебіреніске толы ойлар айтты. Алдыңғы курстардан Рымғали ағаның дәрістерінің «кереметтігі» туралы көп естіп жүрген біздер өзін дәрісханада көріп, сөзін тыңдағанға дән риза болдық. Бір ғана сабақта-ақ білімі мен білігіне біздерді тәнті етіп кетті. Сол күннен бастап біз ұстазбен жүздесер алғы күндерді асыға күтіп жүрдік.

Бір өкініштісі, мен Рымғали ағаның соңғы курстарда оқитын дәрістерін тыңдай алмадым. Өйткені МГУ-ге ауысып, Мәскеуге кеткен едім. Алматыға оралған соң, ҚазМУ-дың оқытушысы болып орналастым. Ағамен жиі көрісіп тұратын болдық.

80-жылдардың аяғына таман өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары мен әдебиет арыстарының еңбектері ғылыми ортаның зерттеу нысанына айнала бастады. Ардақты ұстазым, академик Зейнолла Қабдолов аспирантураға шақырып, Ш.Айтматов шығармашылығынан тақырып беріп, жұмыс жасатып жатқан уақытта, екінші бір ардақты ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлы тартып алғандай болып, басымды ала қашқан «байбаламыма» қарамай, қазақ әдебиетінің «ақтаңдақтарына» салып жіберді. Сөйтіп, біз де алашшыл әдебиет жайлы зерттеуге кірісіп, Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығы туралы тақырып алып, ізденіс жолына түстік.

Бұл кезде Рекең ХХ ғасыр әдебиетінің білгірі ретінде әдебиетіміздің «ақтаңдақтарын» аршуға ертерек кірісіп, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжандардың шығармашылығын тыңнан зерттеу бағытында біраз жұмыстар атқарып тастаған-ды. Ол кісі жетекшімнен кейінгі бірден-бір пікірлесетін ақыл-кеңесшіме айналды. Оның себебі де жоқ емес-ті.

Сонау социализм дәуірлеп, коммунистік идеология белең алып тұрған белгілі кездің өзінде шын зерттеуші, таза ғалым ретінде Рекең кеңестік өкіметтің ұлттық саясатымен сыйыспайтын Алаш ұранды әдебиетті шырақ ала жүріп іздеп, қолы жеткенінің керектісін көкей түкпіріне қазына етіп жинай берді. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ, ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаевтан тәбәрікке алған Ахаңның «Әдебиет танытқышын», Сапарғали Бегалиннен қиыла сұрап алып, қызыға оқыған Мұхаңның «Қилы заманын» атасақ та жетіп жатыр.

Ол кісінің Алаш азаматтарын жазықсыз жазаға ұшыратқандарға ыза-кегі айрықша болатын. Мен 1986-87 жылдары «Алатау» телеарнасында қазақтың көрнекті азаматтары туралы «Ұлағат» атты танымдық хабарлар сериясын жасап, өзім жүргізушісі болдым. Оның көбі «алтынқорда» бүгінге дейін сақтаулы. Бір хабар қазақ зиялыларының жазалануына қатысы бар деп саналатын ғалым ағамызға арналған-ды. Хабар көгілдір экраннан көрсетілгеннен кейін, үйге телефон шалып, оқу ғимаратына келіп жолығуымды сұрады (онда мен журфакта істейтін едім). Арнайы барып жолықтым. Хабарымды мақтап, көп нәрсені айтқысы келмей отырған ақсақалдың ыңғайын тауып, елге қажетті көп жайды айттырып алғаныма ризалығын білдірді. Сонан соң ол кезде біз терең біле бермейтін, репрессияның көп қитұрқысын ашар көшелі де тәлімді әңгіме айтты.

Сол кезде жүрегі қаяулы болғанымен, көкірегі ояу ғалымның азатшыл рухтағы әдебиетпен ертеден етене таныстығына күмән болмаса керек-ті. Ынталы жүректің қалауымен «оқығанды көңіліне ықыласпен тоқи білген» көреген ғалым күні ертең керегіне жарар ой-пікірлерді сырт көзден тыс жерде ақ қағазға түсіріп жүргенін де жоққа шығаруға болмас. Арыстарымыз ақтала салысымен, көкейкесті мәселелерді алға тартқан салмақты да салиқалы мақалалардың бірінен кейін бірі тізіле жарық көруінің бір сыры осында жатса керек.

Менің ол сырлардың «құпиясын» білуіме мына бір жайлар себепші болған-ды. 80-жылдардың басында Рекең менің бажам, көрнекті математик-ғалым, ұзақ жылдар механика-математика факультетінің деканы болған Есентай Рахымұлымен жаңадан алған үйде бірге тұрған құдайы көрші болды. Рекеңнің пәтері – төртінші   қабатта, Есағаңның пәтері бірінші қабатта болатын. Екеуі екі саланың ғалымдары болғанымен, көңілдері жақын азаматтар еді. Олардың кейде дастарқан басындағы, кейде қыдырыстағандағы сұбхаттасуларына бірде кездейсоқ, бірде арнайы шақырылып, ортақтас болып жүрдім. Бұрын сырттай бақылаушы болсам, осы тұстарда мен Рымғали ағаның адами-азаматтық қасиеттерін айқын тани бастадым десем, өтірік айтқандық емес.

Ес-ағаң жаратылыстану бағытындағы ғалым болғандықтан, Рекеңнен руханиятқа қатысты мәселелерді көп сұрастыратын. Өз ортасында көп ашыла бермейтін Рекең көңілі жақын дос-көршіге көп жайды ағынан жарыла әңгімелейтін. Кейде біз де өз көкейімізді түрткен көп түйткілді алға тартып қалатынбыз. Ондайда Рекең көзін төңкере бір сынай қарап алып, шешіле сөйлеп кететін. Бірде әдебиет тарихына қатысты келелі әңгіме қозғап отырған сәтінде Шәкәрім туралы сұрап қалдым. Мұның екі түрлі себебі бар болатын. ҚазМУ-да оқып жүрген кезімізде Сейділда Ордалиев ағамыз ол кісі туралы іліп-шалып бірді-екілі әңгіме айтқан-ды. Кейін Мәскеуге барғанда, сондағы қазақ студенттер  арасында Шәкәрімнің, Мағжанның тамаша-тамаша өлеңдері ротапринттік тәсілмен көбейтіліп тарап жүр екен. Оның үстіне  М.Базарбаевтың 1969 жылы жазылған докторлық диссертациясына, М.Мағауин 1978 жылы шығарған жинаққа да көз түскендігі бар еді. Сейдағаңның әңгімесі бар, әлгі жайлар бар, Шәкәрімге іштей қызығушылық танытып жүретінбіз. Алғашында біраз кібіртіктегенімен, бірте-бірте ашыла түскен Рекең Шәкәрімнің өмірі, ақындығы, өлімі жайлы көп жайттың бетін ашып берді. Шәкәрім өліміне қатысы бар Қарасартовтың ақынды ақтауға көп қарсылық көрсетіп жүргендігін өкіне де ызалана айтып еді. Рымғали ағайдың ХХ ғасыр әдебиетінің «ақтаңдағын» терең білетіндігіне сонда көзім анық жеткен-ді. Сол тұста тағы бір байқағаным – Рекең еш уақытта біреу туралы жаман сөз айтпайтын-ды. Ол кісі негізсіз ғайбатқа жоқ еді. Не айтса да, шындықты айтып, дәлелмен сөйлейтін. Қазақтың небір айтулы азаматтарымен аралас-құралас болған адам ғой, шешіле сөйлесе, талай сырды тереңнен тартып шығарар еді. Әдебиетке жетіктігі екібастан, тарихтан да, тіпті руханияттың қай саласынан да білгір еді. Қызықты әңгімесін таңдай қаға тыңдап, рақаттанып қалушы едік.

Рымғали ағаның алашшыл әдебиетті зерттеу бағытындағы іргелі істерінің қорытындысындай еңбегі – «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) атты кітабының беташары іспетті Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына қатысты тарауда ұлтымыздың рухани ұстазына айналған Ахаң шығармашылығының күрделі құбылыс ретіндегі көркемдік-эстетикалық мәні толық ашылған деуге болады. Өйткені мұнда А.Байтұрсынұлы поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық, күрескерлік ойды оятар азатшыл сарынның ұлттық, рухтық сипаты, тіл қолданысының көрнектілік қасиеттері терең талданып, кеңінен толғанған. Ғалым Ахмет Байтұрсынұлының рухани көсем ретіндегі тұлғасын тануға көсемсөздік мақалаларынан бастап, теориялық еңбектеріне дейін түгел қамтып, қарастыру арқылы қол жеткізген.

Ахмет демекші, осы кісіге байланысты  өзіме қатысты тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Рымғали аға бірде менен: «Өмірхан, осы сенің тақырыбың нақты қалай аталады?» – деп сұрап қалды. Өйткені мен аспирантураға түсіп, тақырып бекіткен кезде, Рекең «Энциклопедияда» басшылық қызметте жүрген-ді. Мен тақырыптың «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық қызметі» деп аталатынын айттым. Сәл ойланып отырды да, тақырып атауын өзгерту қажеттігін ескертті. Тақырыпты не әдеби мұрасына, не публицистикалық қызметіне қарай алғаның оңды болар еді дегендей ой білдірді. «Әлі де болса осылай түзету енгізу керек, себебі ертеңгі докторлықты да ойлаған жөн. Біріншіден, Байтұрсынов деген – қазақ руханиятындағы шеті мен шегі көрінбейтін алып кеңістік, оны бір жұмыста түгел қамту мүмкін емес, шыға алмай малтығып қалуың мүмкін. Екіншіден, кандидаттыққа Ахаңның бір қыры да аздық етпейді, жинаған материалдарыңның шашауын шығармай жүйелеп, Ахаңды бар болмысымен ашатын, түгел қамтып жазар кейінгі докторлыққа пайдалануға болады. Сен ҚазМУ-дың филологиясында оқыған, МГУ-дің журналистикасын бітірген әрі әдебиетші, әрі журналиссің ғой, менің ақылымды алсаң, алдымен, Ахаңның публицистикасын зертте, сонда көп жайға қанығып, кейінгі зерттеулеріңе жол ашасың» – деп ағалық та, көреген ғалымдық та ақылын айтты. Бекітіліп кеткен тақырыпты өзгертуге мүмкіндік болмады, таза көсемсөзге кетсек, диссертациялық кеңес бағытына сай келмейтін болып шықты. Бірақ ағаның сол бір ақыл-кеңесінің зерттеу жұмысымызда көп пайдасы тиді. Кейін де бірнеше рет пікірлесіп, көп нәрсені көкейге түйдік. Солардың нәтижесінде Ахаңдай алыптың мұрасы туралы жетекшіміздің алдына 373 бет еңбек қойған едік, риза болған ұстазым Тұрсекең ерінбей оқып қана қоймай, қалауынша сызғылап, 218 бетке түсіріп беріп: «Сызылғандарды да сақтап қой, оларды кандидаттық жұмыстың көлемінен артық болған соң, алып тастап отырмын, кейін керегіңе жаратасың», – деп еңбегімді бағалап, арқамнан қаққан еді. Бүгіндегі кейбір ізденушілер өз жұмыстарын 125 бетке жеткізе алмай, талқылауға алып келгенде, Тұрсағаң осыны үнемі еске алып, ана «жазғандарға» қатты ренжіп отырады. Қос ағаның ақыл-кеңесі, қолдауымен сол еңбектің негізінде Ахаңа қатысты екі кітап жазып шығардық («Қазақ» газеті», «Ахмет Байтұрсынұлы»).

ХХ ғасыр әдебиетіндегі арыстарымыз ел-жұртымен қайта қауышқан тұста Р.Нұрғалидың зерттеушілік құлқы ерекше ауған шығармашылық тұлға – Мағжан Жұмабаев. Сондықтан да мағжантануды биік белеске көтерген санаулы ғалымдардың бірі – Рымғали Нұрғали десек, еш қателеспейміз. Сол себепті де аталмыш кітаптың күретамыры іспетті тарау – Мағжанға арналған бөліктегі ғалым толғанысын тебіренбей оқу мүмкін емес. Рымғали танымындағы Мағжан – лирикасында сыр мен сезім тоғысқан, мұң мен жігер шарпысқан, дастандарында ұлттың ұлы рухы көркемдік символға айналған өзгеше әлем. Зерттеушінің мағжантанудағы негізгі табысы – ғұмырбаяндық материалдардың молдығынан емес, ақын поэзиясының мың қыртысты ішкі иірімдеріне үңіліп, сұңғыла суреткердің шеберлігін аша алуынан көрініс табады.
Мағжантанудың күрделі мәселелерінің бірі – ақынның эпикалық жанрдағы дүниелерінің көркемдік жетістіктерін танып-білу, оларды қандай талаптар тұрғысынан зерттеу қажеттігін айқындау. Мағжан поэмаларында әр тақырып өзіне ғана тән аяда жырланып, мазмұнды ашар идея тыңнан туған көркемдік әдіс-тәсілдер арқылы айшықтала түседі. Зерттеуші танымына дәру болған Мағжан шеберлігінің сыры да – осында! Рекең Мағжан шығармашылығымен ол ақталғаннан кейін ғана емес, кеңестік кезеңнің кер заманында-ақ таныс болатын. Оған дәлел – мен куә болған төмендегі оқиға.

Мәскеуде оқып жүрген кезімізде ҚазМУ-де орыс әдебиеті тарихынан дәріс оқыған, жас та болса, сыйлайтын ұстазымыз, дүниеден ерте озған марқұм Жәнібек Жайықұлы Бектұров білім жетілдіру жөнімен МГУ-ге келе қалды. Бұрыннан да жақсы пікірлес едік, алты айдай бірге жүріп, дос болып кеттік. Бір күні Жәкең «Мәскеудегі қонақүйдің бірінде Рекең жатыр, барып, сәлемдесіп қайтайық» деген ұсыныс жасады. Бардық. Жәнібек мені мақтай-мақтай таныстырған соң: «Мұнда ауысқаның жақсы болған. Ғылым мен білімнің орталығы ғой. Ақыры келген соң, ізденіске бет бұру керек», – деп білім алу, ғылым жолына түсу жайында ой қозғады. Содан соң, Қазақстанда рұқсат етілмейтін көптеген кітаптар мен деректерді мұнда еркін пайдалануға болатынын ескертіп, соларды іздестіруге қатысты бағыт-бағдар берді. Шындығында, кейіннен МГУ-дің Горький атындағы және Ленин атындағы Орталық кітапханаларынан Рекең ақылымен қазақ әдебиетіне, қазақ тарихына қатысты Қазақстанда сирек кітаптар қорында сақталып, студент тұрмақ, ғалымдардың қолына тимейтін көптеген еңбектерді (олардың ішінде алаштықтар да бар) тауып оқып, олардың біразын өйтіп-бүйтіп ротапринтке түсіріп алдық. Қайтар кезде Рымғали аға Мәскеу түбіндегі бір демалыс үйінде Мұстай Кәрімнің жатқандығын айтып, «мүмкіндіктерің болса, ертең барып сәлемдесіп, жолығып қайтайық» деген ұсыныс жасады. Біздер қуана-қуана келістік. Ертесіне келісілген уақытта Мұстай Кәрімге сәлем беруге бардық. Ол кісі Рекеңді ескі досындай қарсы алды. Әрине, үлкен жазушы мен әдебиетші ғалым кездескен соң, әңгіме руханият, әдебиет жайлы болары белгілі. Көп әңгіме айтылды. Біз ағаларға қызмет көрсеттік. Сонда бір нәрсе менің есімде қатты қалып қойды. Бір сәт Рекең Сәйфи Құдаш ақсақалдың халін сұрап қалған-ды. Содан сөзден сөз туындап, Сәйфи Құдаштың Мағжан есімін ақтауға деген еңбегінің мәні мен маңызы, Бейсенбай Кенжебаев пен Хайрулла Махмудовтың Сәйфи ағаның Қазақстанның Орталық Комитетіне жазған хатын арқаланып, Мағжан шығармашылығын ақтауға біраз күш салғаны, бірақ нәтижесіз аяқталғаны сөз болды. Сол жерде Рымғали аға Мағжан туралы тебірене сөйлеп, оның өлеңдері туралы орнықты ойлар айтып, «Батыр Баянның» «Жүрегім, мен зарлымын, жаралыға» деп басталатын шумағын жатқа оқыды. Рекеңнің Мағжан ақындығына ғашықтығын сол жолы байқап, атын естісек те, затын байыптамаған ақынға біз де тәнті болып едік.

Рымғали ағаның әдебиетке, әдебиеттану ғылымына деген адалдығы адам қызығарлық еді. Бір мысал. 1992 жылы қазақ әдебиеті кафедрасы екіге бөлініп, «қазақ әдебиеті» атында қалған кафедраны – академик Зейнолла Қабдолов, ал одан бөлініп шыққан «қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасын профессор Тұрсынбек Кәкішұлы басқаратын болды. Бөлінген оқу бағдарламасы негізінде Т.Кәкішұлының кафедрасы ежелгі дәуірден – ХХ ғасырдың басындағы әдебиет тарихын қамтитын кезеңге дейін, ал З.Қабдоловтың кафедрасы ХХ ғасырдың алғаш ширегінен – кейінгі ғасыр аяғына дейінгі кезеңді оқытатын болып келісілді. Алайда біраз уақыт өткен соң, Зекең өз айналасындағылардың «түрткілеуімен» Тұрсекеңнің кафедрасына ХХ ғасырға дейінгі кезеңді қалдырып, ХХ ғасыр әдебиеті тарихын бір бүтін етіп оқытпақ ойларын білдіре бастады. Осыған қатысты бірнеше пікір алысу, отырыстар да болды. Тұрсекең бұған көнбей: «Біздер кеңес кезеңіне дейінгі әдебиетті оқытамыз, сендер кеңес дәуірінен кейінгі кезеңді оқытасыңдар», – деп тұрып алды. Айтыс-таластың тууының себепкері ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиет болатын. Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасында бұл кезеңді Сейділда Ордалиев аға екеуміз оқитын едік. Сейдағаң дүниеден озған соң, Зекеңнің кафедрасындағы сол кезеңді зерттедік деп жүрген кейбір жігіттер менің жаңа келгенімді пайдаланып, бұл пәнді өздеріне алғысы келген-ді. Алғашында «сендердің кафедраларыңда бұл кезеңді оқытатын маман жоқ», – деп Тұрсекең бет қаратпай қойғанымен, осыған тұспа-тұс ол кафедраға «Энциклопедиядан» Рымғали Нұрғалидың қайта келе қалмасы бар ма! Енді маман табылды дегендей, әлгі жігіттер Рекеңді өз мақсаттарына пайдаланғысы келді. Қызу айтыс-тартысты бір мәжіліске Рекең де қатысты. Бір себептермен Тұрсекең қатыса алмаған, сол жиында тартыстың салмақ жағы «ХХ ғасыр басындағы әдебиетті Рекеңнен артық кім оқи алады?» – деген дәйекті алға тартқандар жағына ауа бастады. Осы тұста бірнеше рет өзіндік пікірімді өткізе алмаған мен әдебиетке деген адалдығынан еш айнымаған, әдебиетті дәуірлеудің білгірі деп білетін Рымғали ағаға тікелей қайырылып, бар мәселе сол кісіге тіреліп тұрғанын, адалын айтар деп күтіп отырғанымызды айтып салдым.

Бағанадан бері айтыс-тартысқа араласпай, ой үстінде отырған Рекең қара қылды қақ жарған әділетшіл мінезін танытып, өзінің беделін пайдаланып, буынсыз жерге пышақ ұрып, жоқтан дау шығарып отырған біреулерге тіксіне қарап:

– Жігіттер, қашанда әділдікке жүгінген жөн. Екі кафедра өз бағыттарын айқындап алып бөлінген екен. Ендеше, таласатын не бар? Ежелгі дәуірден – ХХ ғасырдың басындағы әдебиет – жүйесін бұзбас дәстүрлі тарихи-әдеби процесс. Ал кеңестік кезең – жаңаша көзқарасты, жаңаша танымды қажет ететін әдеби-тарихи процесс. Ендеше, әр кафедраның өзіндік дәуірі, кезеңі болуы керек. Әдебиет тарихы кафедрасы ежелгіден бері тартып, ХХ ғасырдың басындағы әдебиетті де оқытуы тиіс. Ал қазіргі әдебиет пен әдебиет теориясы біздің кафедраның еншісінде болуы керек. Менің айтарым – осы. Құрыққа сырық жалғамаңдар, – деп әділін айтты асыл аға. Сөйтіп, ділі таза Рекең әділдіктің ала жібін аттамай, бар мәселені шешіп беріп еді. Қайран, ақ жүректі азамат-ай! Өзім деп өзеуремей, әдебиеттану үшін әділетке тақ тұрып, ақ жолды айқындап бергеніне қалай риза болмассың! Ол да бір уақыт ырысы екен-ау...

Мен Рекеңмен қызмет бабында ғана кездесіп қоймай, бірнеше рет сапарлас та болғанмын. Соның ең бір естен шықпас сапары – 1996 жылы Аягөзге ХХ ғасыр басындағы көрнекті ақынымыз Әріп Тәңірбергеновтің 140 жылдығын тойлауға барғанымыз. Алматыдан Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов, Қажытай Ілиясов сынды үлкен ағалар мен марқұм Ғабиден Құлахметов (Жазушылар одағының хатшысы болатын), Тұрсын Жұртбаев сынды қазақтың бір топ зиялы азаматтары шықты. Аягөзде екі күн дүрілдеген дәстүрлі той өтті. Қайтарда пойызға шығарып салып тұрған Ғабиденге мен біздің елдің салт-дәстүрін еске салып, бір әзіл айттым. Өйткені олар бізді «құрқол» шығарып салып тұрған-ды. Ғабиден мәрт жігіт еді ғой, дереу жолға керек қаражатымызды беріп, басқа да керек-жарағымыздың бәрін әзір етті. Сонда Рекең:

– Әй, Ғабиден, шығарып салудың жөн-жобасын айтқан – Өмірхан. Өзің қалып барасың. Жолбасшылық тізгінін осыған тапсыр, – деді. Ғабиден маған бәрін өткізіп, қоштасып қала берді. Аягөзден Алматыға келгенше, ұстаздар мен ағалардың жағдайының жақсы болуын қадағалап, Алматыға ойын-сауық, күлкімен аман-есен жеткіздім. Менің жолбасшылық қызметіме риза болған Рымғали аға кездескен жерде, үнемі сол бір сапарды еске алып, «жол жүрсең, Өмірханмен жүру керек» деп айтып отыратын. Бұған Тұрсынбек аға да, Тұрсын замандас та куә. Қазір сол күндер еске түссе, көзіңе жас келеді. Дүниенің өтпелілігіне деген өкпенің, ағаға деген сағыныштың жасы ғой. Амал нешік, уақыт-зымыран өз дегенін жасап-ақ жатыр...

Иә! Ғылымға деген құштарлығын білім мен біліктің алтын ұясы – бір кездегі ҚазМУ, қазіргі ұлы ойшыл-ғұлама Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оятып, биікке қанат қақтырған, саналы ғұмырын қазақ руханиятын өрге сүйреуге арнаған ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, қайраткер азамат Рымғали Нұрғалидың ұлт жадында мәңгілік сақталар аз тұлғаның санатына қосыларына еш күмән жоқ. Алаш қайраткерлерін ардақтап, Алаш ұранды әде- биеттің ұлттық рухын айқындай алған білімпаз өзі де Алаштың арда ұлына айналып, тарихтағы орнын саңлақ санаткерлер сапынан ойып алды. Ғылым жолындағы бейнетті еңбегінің қанша қиналса да, зейнетін көрген ғалымның екінші өмірі басталды. Маған ол артында қалған мол мұрасы арқылы көктен өз нұрын төгіп тұрған көк жұлдызындай көрінеді. Құдіреті күшті бір Алла ұлтымыздың кейінгі ұрпағының сол жұлдызды жазбай таныр көкірек көзін кең қылғай!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста