Алданған студент, мастық салдары, отбасымен мүгедек - Аборт жасаған әйелдердің оқиғасы
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын 46-50 миллион аборт жасалады. Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі гинеколог маман Светлана Кейдаровадан әйелдердің қандай себептермен аборт жасататынын білді.
Дәрігердің айтуынша, әйелдер түрлі себеппен жүктілігін тоқтатады. Ол бірнеше әйелдің оқиғасын айтып берді.
Кімнен жүкті болғаны белгісіз
Бір күні қабылдауыма студент қыз келді, өзі діни отбасынан шыққан. Қазір жастар туған күн сияқты кештерді жалдамалы үйлерде жасағанды жақсы көреді. Студент қыз үйінен сұранып, құрбысының үйіне баратынын айтқан. Шын мәнінде туған күн кешінде болыпты, ол жерде қыз да бар, жігіт те бар. Кеште қыздың ішіп отырған сусынына дәрі салып жіберген бе, белгісіз. Қыз мастық салдарынан өмірінде бірінші рет жігітпен жыныстық қатынасқа түскен.
Алайда өзі қай жігітпен болғанын білмейді, есінде жоқ. Сол оқиғадан кейін қыз жүкті болып қалған, оның үстіне инфекция жұғып, салдарынан ауырған. Оқуын енді бастаған қыз кімнен жүкті екенін білмеген, отбасы болса дінге берік, сөйтіп, тығырыққа тірелген.
Бұл жайтты "зорлау" деп те атай алмайсыз, себебі қызды ешкім қинап кешке апармаған, сусынды да қинап ішкізбеген, барлығы келісімімен болған. Ақыры, ол қыздың жүктілігін тоқтатуға тура келді.
Отбасымен керең әрі мылқау
Тағы бір күні қолына бала ұстаған әйел келді. Бұл әйел бала кезден мүгедек екен, құлағы естімейді және сөйлемейді. Қолындағы баласы шамамен 9-10 айлық. Өзі сөйлей алмағандықтан екеуміз жазу арқылы сөйлестік. Ол өзінің жүкті екенін біліпті, тексеріп, жүктілігі расталды.
Бұған дейін екі баланы дүниеге әкелген, екеуі де кесарь тілігімен алынған. Әр кесарь тілігі ана үшін де, бала үшін де қауіпті, ал бұл жағдайда әйелдің жатырында екі тігістің болуы, оның үстіне отбасының әлеуметтік жағдайының төмендігі жүктілікті тоқтатуға себепші болған.
Келесі күні тағы бір әйел келді. Ол да дұрыс естімейді және дұрыс сөйлей алмайды. Сөйтсем, бұл әйел жүкті әйелдің енесі екен, есту мен сөйлеудегі ақау бұл отбасында тұқым қуалаған сияқты. Келіп жылап, жүкті әйелдің келіні екенін айтып, "аборт жасасын" деп айта бастады. Бұл әйел өзі зейнеткер, үйінде кәрі анасы бар - мүгедек, ұлы бар, ол да мүгедек, жүкті келіні, ол да мүгедек және екі бала бар.
Оның айтуынша, бұл отбасын зейнеткер әйел жалғыз асырап отыр. Кейін әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар бұл отбасына барып, сөйлесіп, расында да жағдайларының нашар екенін растап, жүктілікті тоқтату шешімі қабылданды.
Кафе иесінен жүкті болған студент қыз
Колледжде оқитын студент қыздың үлгерімі жақсы болған. Етеккірі келмей қалыпты, жүктілікті анықтайтын тест алуға ақшасы да жоқ. Тестті сатып алып, тексерттік, сөйтіп жүкті екені анықталды. Ол ұлты бөлек жігітпен кездесіп жүріпті, жігіттің дәмханасында қыз даяшы болып жұмыс істеп, ақша тауып жүрген. Ол қызға үйленетінін және балалы болғысы келетінін айтқан.
Қыз анасымен, әжесімен және анасының екі інісімен тұрған. Анасының інілері қызбен шамалас, жасты болыпты. Отбасының әлеуметтік жағдайы да жақсы емес. Жүктілігі расталғаннан кейін қыз отбасы мүшелері біліп қояды деп қорқа бастады.
Ал жүкті қылған жігіт біраз уақыттан кейін оны тастап кетті. Жігіт отбасының ол қызға үйленуіне қарсы екенін айтқан, осылайша баладан бас тартуға тура келген.
Өте жиі кездесетін себептер
"Аборт жасатамын" деп келетін әйелдердің көпшілігі босана салып немесе жаңа туған сәбиін емізіп жүріп, бала көтеретін әйелдер. Олар бала емізіп жүргенде жүкті болу мүмкін емес деп ойлайды.
Сонымен қатар, көпшілігі несиесінің бар екенін немесе баспанасының жоқ екенін, жолдасымен және енесімен қарым-қатынасының нашар екенін, болмаса үйінде үш, төрт баласы барын айтады. Аборт жасаймын десе бас салып, жасап тастамаймыз, әйелдерге ойлануға уақыт беріледі. Кейбірі ойланып, баланы қалдыруды шешеді, ал кейбірі түбегейлі бас тартады.
Жалпы, заңнамаға сәйкес, аборт жасауға рұқсат етілетін екі себеп бар, ол медициналық және әлеуметтік болып бөлінеді. Медициналық - мысалы, әйелдің ауыр дертке шалдығуы, аурулардың тізімі тым ұзақ. Ал, әлеуметтік - мысалы, әйелдің жолдасының қайтыс болуы, түрмеге түсуі, зорлау оқиғалары, кәмелет жасқа толмай жүкті болуы, көпбалалы болуы немесе мүгедек балаларының болуы.
Дәрігер маманның айтуынша, жоспарланбаған жүктілікті, аборттарды болдырмау үшін оның алдын алу шараларын дәріптеу керек.
"Күтпеген жерден жүкті болып, аборт жасатпау үшін бұл туралы мектеп жасынан бастап айту керек. Жоспарланбаған жүктілік болып қалмау үшін кез келген уақытта дәрігерге барып, кеңес алуға болады. Контрацептив, яғни жүктілікті болдырмаудың тәсілдерін көршіден, құрбыдан, анасынан сұраудың қажеті жоқ. Себебі біреуге жаққан тәсіл, біреуге жақпауы мүмкін, оны дәрігер ғана анықтай алады. Дұрыс тәсіл таңдалмағанның салдарынан да жүкті болатындар бар. Әркімнің ағзасы әр түрлі", - дейді Кейдарова.
Маман әсіресе жаңа босанған әйелдерге үндеу жасағысы келетінін айтты.
"Жүктілігімді тоқтатамын деп келетіндердің көбі жаңа босанған әйелдер болғандықтан, мен мынаны айтқым келеді, босанғаннан кейін 40 күн өткенде дәрігерге қаралу керек. Бала емізу жүктілікті болдырмайды дегенге 100 пайыз кепілдік жоқ, контрацепцияның қосымша тәсілін қолдану керек", - дейді Светлана Кейдарова.