Алматыда ашаршылық пен репрессия құрбандарына аналған ескерткіш орнатылды (фото)
Бүгін Алматы қаласында қазақ топырағында қасақана жасалған қанқасап, ұлы нәубет - ашаршылық пен репрессия құрбандарына арналған екерткіш орнатылды.
Тас мүсін Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қилысындағы "Қарағайлы" бағына орналасқан. Бұл Республикалық Ұйғыр театрының тап қарсысындағы бақ.
Былтыр дәл осы уақытта қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыда ашаршылық құрбандарына арнайы ескерткіш тұрғызылатынын айтқан-тын. Бүгін ескерткішті шаhар басшысы өзі келіп ашты. Жиылысқа келген елдің қарасы көп болды. Жұртқа есім-сойы етене таныс аға буын мен жастар ұйысып тұрып, Ұлы жұт құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Алматының өзінде аштан өлген адамдардың мүрделері жатады екен
Саят Жансүгіров, Ілияс Жансүгіровтің ұлы:
-Енді мынау ашылған ескерткіш сондай тамаша деп айту қиын. Өйткені, ескерткіш сол жылдардағы зұлымдықты көрсеткен. Сол үшін рақмет айтамын. Осыны 25 жыл күттік біз. Елбасы уәде берген. Кешікті, көп кешікті. Ел ішінде де көп әңгімелер айтылды. Қазір енді жасап, бізге көрсетіп отыр. Ашаршылық болғанда мен екі-үш жаста екенмін. Сонда туыстарымның аузынан естимін, тура Алматының өзінде аштан өлген адамдардың мүрделері жатады екен. Көп осы жерде құры тас қана тұрды ғой. Біздің қазақ небір зұлматты өткерді ғой. Мен өзім де репрессияға ұшырап кеткен азаматтарды көзбен көрдім. Өзімнің әкем де кетті. Әкем түрмеде жатқанда, 37-жылы Болат деген інім туылды. Сонда тәтем, Болатты көтеріп апарып көрсетеді екен. Ол күндер де өтті ғой.
Елбасы бекіткен жоба бойынша - үлкен кешен ашылуы керек еді
Жұмабек Ашуұлы, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы:
-2000 жылы 14-сәуір күні Ұлттық қауіпсіздік комитетіні төрағасы, Бас Прокуор, Жоғарғы соттың төрағасы, Ішкі істер министрі қол қойып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен жоба бойынша, осы Алматыдағы НКВД, КГБ үйі, оның ауласындағы ішкі түрме, одан кейін Чайковский мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысындағы алея, ол алеяның екі бетіне зұлматы жылдары атылып кеткен арыстардың барлығының аты-жөндері жазылуы керек болған. Сондай-ақ, мына біз тұрған саябақ Қазақстандағы саяси қуғын сүргін тарихи мұражай-кешені болуы керек болатын. 2004 жылы мұражай ашыла бастаған. Кезең-кезеңімен жұмысымыз жүре бастағанда 2005 жылы Алматыға әкім болып келген Иманғали Тасмағамбетов жекешелендіріп жіберді. Ал бізде Заң бар. Тарихи ғимарат жекелешендіруге жатпайды. Енді міне, Бауыржан Байбек былтыр уәде беріп, биыл ескерткішті ашып жатыр ғой. Енді ЭКСПО өткеннен кейін, мұражай мәселесіне ораламыз деді. Мен Бауыржан Байбек уәдесінде тұрады деп сенемін.
Бұл Сәбет өкіметінің бізге қарсы соғысы еді
Валерий Михайлов, ақын:
-Қазақ халқы 30-жылдардың басында бүкіл сәбет одағы халықтары бұрын-соңды көрмеген үлкен традегияны бастан кешірді. Халықтың басым бөлігі қырылып қалды. Иә, қазақтармен қатар ондаған мың өзге ұлттың өкілдері де ашаршылық пен репрессияға ұшырады. Солардың ішінде менің бүкіл отбасым да бар еді. Менің ағайындарым, әке-шешем ашаршылық кезінде қайтыс болды. Өз үй-жайынан қуып шығып, түгін қалдырмай талап-тонады. Мен ер жетіп, ес білгенде барып, сол жылдары не болғанын түсіндім. Менің отбасымнан екі-ақ адам тірі қалдық. Бұл соғыс еді. Сәбет билігінің бізге қарсы соғысы. Мен бұл туралы кәтап жаздым. Ол бірнеше тілде жарық көрді. Осыдан сәл ертеректе қазақ халқының бастан кешірген Ұлы жұты туралы дүние мақұрым еді. Қазір әлем халқы біледі. Таныды. Қазір Еуропаның ғалымдары қазақ топырағында болған ашаршылықты зерттеуге кірісті.
30 жыл өткенде ғана орнатылып отыр
Дос Көшім, саясаткер:
-Енді әрине, бұл қазақ тарихында болған ең үлкен зұлмат. Соған ескерткіш қойылғанына қуаныштымыз. Бірақ, бұл ескерткішті 1991-92 жылдары қойса орынды болар еді. Себебі, 1991 жылы осы жерде ескерткіш болады деп, қара тас қойғанымыз есімізде, бәріміздің. Сол 30 жылдан кейін барып қана орындалып отыр. Оның да себебін біздер ойлануымыз керек. Бұл не деген кешігушілік деген мәселе бар. Біз Желтоқсанға да 15 жылдан кейін барып ескерткіш қойғанбыз. Сондықтан ол әрбір ұлттың патриоттық тәрбие беретін дүниелерді дәл уақытында қойса жақсы. Дегенмен ештен кеш жақсы. Ашаршылық пен репрессия құрбандарына ескерткіштің ашылуы – Қазақстан үшін үлкен оқиға деп есептеймін. Тек қана бұл емес, басқа да облыс орталықтарында біртіндеп қойылып жатыр. Осыған да шүкіршілік етеміз.
Бұл біз үшін ауыр тақырып болды
(Композиция авторлары - Дулат Үсенбай, Айдос Бүркітбаев және Қанат Биқұлиев)
Дулат Үсенбай, композиция авторы:
-Бұл жұмыстың авторы үшеуіміз. Айдос Бүркітбаев, Қанат Биқұлиев үшеуіміздің ортақ композициямыз еді. Біз шығармашылық топпыз. Алматы қаласы әкімшілігі конкурс жариялаған. Біз бірнеше жұмыс ұсынған ек. Соның ішінен осы жұмыс ұтып шықты. Жұмысымыздың тақырыбы – Ана мен бала деп аталады. Ана мен баланың образы әр адамға түсінікті. Және символ ретінде төңкерілген қазанды алдық. Бұл аштықтың, жоқшылықтың белгісі ғой. Біз үшін бұл ең ауыр тақырып болды.
Жұт - қазаққа қасақана жасалды
Қосымша: Сөйтіп, Алматы басшысы Бауыржан Байбек сөзінд тұрды. 1931-1933 жылдардағы қанқұйлы қанқасап, ұлтымыздың үштен екісін жалмаған ашаршылық пен репессия құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Бұл Елбасының тапсырмасы екен.
Түрлі деректер бойынша қазақ жерінде 2-3 миллионға жуық адам қырылып, 1,5 миллионға жуығы босып кеткен. Бұл қазақ халқына әдейі жасалған қастандық еді. Себебі, көршілес елдерде мұндай жағдай болмаған еді. Алаш аррыстарының «Әлхәмду, 6 миллион болдық» дейтін тұсінде өзбек жұрты 2-3 миллионның айналасында болған көрінеді. Ашаршылық алқымнан алған алағай да бұлағай кезеңнен кейін халықтың 60 пайызы жойылды. Қасақана жойылды.
Кеңес өкіметінің тікелей мұрагері – Ресей. Оны өздері де айқайлай айтып жүр. Ендігі мәселе – ердің құны, елдің құны. Мысалы ретінде айтар болсақ, Украинадағы ашаршылықты жарты әлем – «Геноцид» деп таныды. Ал бізде ше?
Нұргелді Әбдіғаниұлы