Алматыда қоқыс полигоны пайда болды
Алматы қаласы еліміздегі ең үлкен, халық ең көп шоғырланған қала болғандықтан, сәйкесінше, күнделікті тұрмыстық қалдықтар да көп шығады. Ал қоқыс мәселесі қаладағы басты мәселенің бірі болғалы қашан. Әлі де болып қала бермек.
Қаланы қоқыстан тазарту бір мәселе болса, қала сыртында тау-тау болып үйілген қоқысты залалсыздандыру тағы бір мәселе болып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында, муниципалды бағдарламалар шеңберінде, қаланың экологиялық ахуалын оңалту мақсатында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салынып, 2007 жылдың 11 қаңтарында іске қосылған еді. Алайда зауыт жұмысы арада екі жыл өтпей жатып-ақ тоқтады. Зауыттың жұмысын жалғастыруға қаржы қолбайлау болған көрінеді. Зауытты жергілікті бюджеттен қаржыландыруы тиіс еді. Не себепті екені белгісіз, қалалық әкімдік зауытты қаржыландыруды тоқтатқан. Әрине, мұндай әлеуметтік өндіріс ошағы бірден табыс береді деп күтілген жоқ. Мамандардың пайымдауынша, зауыт төрт-бес жылда өз құнын ақтайды деп күтілген-ді. Ал егер қайта өңдеу нәтижесінде өндірілген өнім нарықта сұраныс тудырса, бұл мерзім үш жылға қысқаруы мүмкін еді.
Өкінішке қарай, көп ұзамай-ақ зауыт қала басшыларының да, зауыт маңында орын тепкен «Дорожник» ықшамауданы тұрғындарының да бас ауруына айналды.
Есіргеп, «Дорожник» ықшам ауданының тұрғыны:
– Ит-құс та, қаңғыбастар да осында. Олар қоқыстан шығып, аулаға қайта келеді. Балаларға ауру жұқтыра ма деп қорқамыз. Сәл күн жылып, жер ерісе, қолаңса иіс сасиды. Көктем шыққанда не болары белгісіз. Балалар ойнап, от қойып жіберсе не болмақ?
Зауыт маңында қараусыз қалып, шашылып жатқан қоқыс жұқпалы індет ошағына айналуы кәдік. Тау болып үйілген қоқыстан қорегін тауып жеп жүрген ит пен құс, мысық пен тышқан, егеуқұйрық індетті таратуы әбден мүмкін. Онымен қоса, ашық аспан астында жатқан қоқыстан топырақ залалдануы ықтимал.
Бахтияр МҰХАМЕДЖАНОВ, Қалалық табиғатты қорғау прокуроры:
– Қалдық жинақталған орынның шірігендігі және ондағы топырақтың бүлдірілгендігі анықталса, зауыт әкімшілігі қылмыстық жауапқа тартылады.
Бұл мәселеге алғаш болып алаңдаушылық білдірген Балхаш-Алакөл экология департаментінің мамандары екен. Эколог мамандар өткен жылдың тамыз айында мекеме басшылығына зауыт алаңында жиналған тонна-тонна қалдықты шығаруға нұсқау берген. Бірақ зауыт алаңынан бір тонна да қоқыс шығарылмаған, керісінше, қоқыс бұрынғысынан еселеніп көбейген. Қоқысқа жауапты Vtorma Ecology Co. ЖШС директоры қоқыстың қайдан көбейіп жатқанын білмейтіндігін, қоқыс шығаруға мекемеде соқыр тиын жоқ екенін айтып, ақталып бағуда.
Алматы қалалық табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Айтуар Кошмамбетовтің айтуынша, зауыт қалдықтардың 50 пайызын қайта өңдеуге жіберіп, қалдық көлемін бес есеге азайтуы тиіс болған. Бірақ бұл жұмыс толықтай іске аспапты.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандары да «қараусыз жатқан қоқыстан өрт шыға қалса, оның зардабы аз болмайды» деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
Не десек те, зауыт басшылығын жауапқа тартқанмен, мәселе шешіле қоюы екіталай. Қала басшылары бұл мәселені жедел қолға алып, күрмеуін шешпесе, ертең қандай да бір төтенше жағдай орын алуы ықтимал. Тек жау кеткен соң қылышымызды тасқа сермеп жүрмесек болғаны.
ДЕРЕК
Зауытқа екі жылда жергілікті бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. 2010 жылы қалалақ әкімдік қоқысты қайта өңдеу зауытын қаржыландыруды тоқтатты. Бүгінгі таңда қалалық әкімдік кепіл болып, зауыттың банктен алынған несиелік қарызы 26 миллион евродан асып-жығылады. Зауыт жұмысы тоқтауына байланысты 300-ден аса жұмысшы ақылы демалысқа шығуға мәжбүр болып отыр. Зауыттың жұмысшылар алдындағы қарызы 50 миллион теңгеден артық. Осыған орай, зауыт басшысы үстінен қылмыстық кодекстің 148-бабы бойынша іс қозғалған. Зауыт «Барахолка» базарынан 250 метр жерде орналасқан.